×

Қазақ тарихы: Абылай хан монументі қашан бой көтереді

Абылай тұлғасы туралы Qaz365.kz тілшісі тарихшы Анар Тылахметовамен сұхбаттасты

Қазақ тарихы: Абылай хан монументі қашан бой көтереді
almaty.tv

Елімізде соңғы уақытта өткен тарихымызға деген оң көзқарас күннен-күнге көрініс беріп келеді. Оның бір дәлелі Хан Кененің ескерткішінің ашылуы, тарихымызға байланысты VII еңбектің қайта жазылып, қуғын-сүргін құрбандарының тізімінің түптелуі болса керек. 

Түп тарихымызды түгендегенде қазақтың дарынды ханы Абылай тұлғасы назардан тыс қалмаса керек еді. Өкінішке қарай, ел тарихындағы ұлы тұлғаның үш жүз жылдығы қай жылдары көлеңкеде қалып кеткендей болды. Осы орайда, бұл мәселеге көңіл бөлген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайбір жылы «Жақында маған Абылай хан монументінің жобасы көрсетілді. Меніңше, бұл кешеннің құрылысына рұқсат беру керек»  деп, бұл мәселеге баса назар аударған.

Осыған байланысты, қазақ халқының тұтастығын сақтауда өлшеусіз үлес қосқан Абылай тұлғасы туралы Qaz365.kz тілшісі тарихшы Анар Тылахметовамен сұхбаттасқан болатын.

«Абылай хан – XVIII ғасырда Қазақ хандығын басқарған көрнекті мемлекет қайраткері. Абылай – ел басқару қызметінде жоғарғы билікті нығайта отырып, Қазақ хандығындағы саяси дағдарысты жоюға ұмтылған дарынды дипломат. Абылай өзінің бар күш-қуаты мен қайрат- жігерін бір орталықтан басқарылатын хандық құруға талпынған тарихи дара тұлға. Абылай қазақ мемлекеттілігін өркендету жолында жан-жақты дипломатиялық қабілетімен ерекшеленеді», – дейді Ш.Уәлиханов атындағы Тарих институтында жұмыс істейтін жас ғалым.

«Абылай көрші мемлекеттермен қарым-қатынаста көпвекторлы дипломатиялық саясатты ұстанды. Ресей империясының қазақ даласын отарландырудың өзіндік жоспары бар еді. Қазақ хандығын басып алу мақсатында Ресей үкіметі екі ірі орталықтан басқару әрекеттерін жасауға кірісті. Оның бірі – Орынбор, ал екіншісі – Омбы бекіністері еді. Орта және Ұлы жүздерді бағындыруда Ресей империясы Батыс Сібірдегі Омбы қаласына арқа сүйеген. 1716 жылы Омбы бекінісінің салынуымен қазақ жеріне деген отаршылдық басқыншылық күшейе түсті. Абылай Омбы бекінісінде орналасқан отаршылдық әкімшілікке қарсылық таныта бастады. Қазақ хандығының тартысқа толы тағдыры осы өңірде шешілді. Сондықтан да, қайраткерлігімен көзге түскен Абылай қазақ мемлекетінің тұтастығын сақтау үшін, көбінесе Сарыарқаның солтүстік және солтүстік-шығыс өңірлерін өзінің назарында ұстауға мәжбүр болды. Абылайдың Сібір әкімшілігімен көптеген келіссөздері барысындағы басты мақсаты – аймақта орналасқан орыс әскерлерінің қазақтарға күш көрсетпеуіне, мал-мүліктерін талан-таражға салмай сақтап қалуына, тұрақты сауда-саттықты ұйымдастыруына, екі жақты келісімдер арқылы Ертістің оң жағалауына қоныстануына ықпалын тигізу еді. Абылайдың екі ел арасындағы тұрақтылықты қамтамасыз етудің ұтымды жолдарын ұстануы жайлы деректерді Ресей Федерациясының архивтерінде сақталған құжаттардан көруге болады. Атап айтсақ, қазақтардан қашып барған қашқындарды қайтарып беру, ресейліктердің тұтқынына түскендерді босату бойынша хат алмасу мәліметтеріне, Ресей әскери шенеуніктердің құпия ақпаратына толы», –  деп, ғалым тағы бір тың деректің шетін шығарды.

Осы құпия мәліметтермен қанығып, тарих оқулықтарына енгізсе, артық емес дейді ол.

Абылай хан көрші елдермен іскерлік байланыс орнатып, дипломатиялық хат алмасуды жолға қойған деген жас ғалым келесідей мәліметтермен бөлісті. 

«XVIII ғасырдың ортасында Ресей империясының Ертіс аймағының алқабында нығайып алуынан көшпелі қазақтар арасында шекаралық шиеленістер күшейіп, қақтығыстар жиілей түседі. Шекара тәртібінің бұзылғанын пайдаланып, қазақтарды тұтқындау күшейді. Бұл мәселелер бойынша Абылай Ресей империясының Сібірдегі өкілдерімен жиі хат алмасқаны байқалады. Абылайдың ұтымды іс-әрекеттерінің басты мақсаты қазақтарды басқыншылықтан құтқару, олардың мал- мүліктерін қайтару еді. Мысалы, 1748 жылдың 15 маусымы күні Абылай Ертіс әскери шебінің басшысы Я. Павлуцкийге атығай руының атақты батыры Әлімбет батырдың отбасын және оның адамдарын қайтару туралы хат жазады (мәтіннің ескі жазылу стилі сақталды – А.Т.): «Нашей всемилостивейшей г-дарыни самодержицы милости Ея ожидаем. И для того г-дину полковнику Якову Степановичю Средней орды Аблай-салтан поклон пишу. И притом прошу: сорок восемь человек взяты в плен Алметя-батыря, и из оных одинатцать умерли, дватцать четыре зверя отогнаты, из тринатцати юрт живот увезли, тысяча двести лошадей угнато; обратно отдано четыреста, а достальныя все у вас. Мы люди все всемилостивейшей г-дарыни подданные были, и просим по многим прозьбам наших людей зверей и лошадей отдать. А чего ради не отданы – не знаю» (Из истории…, 2019: 23). Біздің ойымызша, Абылайдың қазақ халқын қорғау мақсатында жасаған осы іс-әрекеттері оның мықты тұлғасын даралап, айшықтай түсетіні анық. Оның қазақ мемлекетін басқарудағы бітімге толы ұтымды әрі ұтқыр тұстары – бүкіл қазақ жұртының арасында ерекше құрметке бөленуіне себепкер болған», – дейді ғалым.

Біздің тілшімізбен әңгімелескен ғалым бұл құжат үзіндісінен құнды тарихи мәлімет алуға болады дейді. Мысалы, Абылайдың сөзіне қарағанда, Әлімбеттің 48 адамы тұтқынға алынған. Бірақ оның 11-і өлген, 13 отбасының мүлкі мен малын тартып алған, 1200 жылқыны айдап кеткен, соның 400-і ғана қайтарылған. 

“Ел басқару жүйесінде Абылай Шыңғыс ханнан қалған басқару жүйесін қолдай отырып, оны дәріптей білген. Төрелердің арасында тартыс туындап, бір-бірімен өзара қақтығысқа түскен кезде, ол әрдайым әділдіктің биік туын көтеруге тырысқан. Хандар мен сұлтандар арасында алауыздық пен бақталастық болған жағдайда турашыл әрі шынайы көзқарасты ұстана білді. Мысалы, 1748 жылы Барақ сұлтан Әбілқайырды өлтірген кезде, ол әділдіктің орнауын талап еткен. Тіпті, Барақты ұстатып, өлтіруге дайын болған. Осындай ниетін Абылай 1749 жылдың 9 мамыры күні Орынбор губернаторы И.И. Неплюевке жазған хатында Әбілқайырды өлтірген Барақты міндетті түрде жазалап өлтіретінін хабарлаған: «Я, Абылай-салтан, вашему высокопр-ву с находящимся при мне Казбек-биевым сыном Бекбулат-бием и с прочими Средней орды знатными людьми свое истинное усердие  изъявляем и просим нас и впредь з бездельниками не счислять. Покойной наш Абулхаир-хан  нашего народного счастия содержатель и отец наш был, и по нем мы всегда в верных службах обращались. Ныне же с оставшими от  него детьми Нурали  и Эрали салтанами обо всем единственной совет учинили, а злодей Барак, яко собака, з бесчестием умрет. И мы ныне от таких евопоступок почти каждой день от стыда весьма уязвляемся, за что, согласясь всенародно, отмщение смерти хана нашего учинить мы намерены. И когда ханские дети для отмщения смерти отца своего поедут, то мы по крайней нашей возможности вспомоществовать будем и ево, Барак-салтана, убьем» (Эпистолярное наследие..., 2014)”, – деп, нақты тарихи деректерді оқырман назарына ұсынды.

А.Тылахметова осы құжатта Абылай өзінің жақын серіктестері ретінде Орта жүздің бас биі Қазыбек бидің ұлы Бекболат бимен жақсы қарым-қатынаста болғандығы жайлы да айтады. Сұлтанның бұл хатында марқұм болған Әбілқайыр ханға ерекше құрметпен қарап, оның балалары Нұралы және Ералымен бірлесе кеңес құрғаны да баяндалған. Ал, Әбілқайырды өлтірген қанішер Бараққа ашуы кернеген Абылай, оған ызалықпен қарап, оның намысы аяққа тапталып, ит өліммен өлетіндігін баяндаған. Ал Әбілқайырдың ұлдары әкесінің өліміне қатысты кек алу ниетімен Барақты өлтіруге аттанғанда, Абылайдың да оларға қосылатыны ашық жазылған. Барақты болашақта ауыр жағдай күтіп тұрғанын Абылай болжап айтады. Кейінгі оқиғалар көрсеткендей, көп ұзамай Барақ өлім құшады.

 «Абылай қазақ мемлекетінің аумақтық тұтастығын сақтауға бағытталған саясат жүргізді. Ежелден бері Ертістің оң жағы түркітілдес көшпелі қауымның байырғы мекені болғаны белгілі. Бірақ 1716–1720 жылдар аралығында Ресей империясы Ертістің оң жағалауына өзінің бекіністерінің негізін салып, қазақтарға мал-мүлкімен өтуіне тыйым салған. Абылай осы жағдайды ескере отырып, Ертістің оң бөлігіндегі жайылымды жерлерді қазақтарға қайтару үшін көптеген әрекет жасайды. Сұлтан Ертістің сол жағына қазақтардың малына өрістің жетіспеуін сылтауратып, Ресей империясының Сібір өлкесіндегі әскери әкімшілігімен хат алмасуға кіріседі. Осы әрекеттердің негізгі мақсаты қазақтарды Ертістің оң жағына өткізу, тұрақтандыру, қазақтың ежелгі, байырғы әрі шұрайлы жерін өздеріне қайтарып беру еді. Осы тұжырымды келесі құжат дәлелдейді – 1755 жылдың 31 қаңтарында Ресей империясының патшайымы Елизавета Петровнаның Орынбор генерал-губернаторы И.И. Неплюевке арналған жарғысы: «...О самовольном киргис-кайсаков, владения Аблай-салтана, на сю сторону к границам, кочевьем, переходе, и о перегоне табунов своих немалого числа, якобы за неимением у них за рекою Иртышем корма. И о посыланных, для згону их, офицерах с командами, и о непослушании их со уграживанием – ежели-де впредь их будут перегонять, то-де они из крепости людей никого не выпустят, и сена все огнем пожгут, и воды-де из Иртыша не дадут» (ООБМА. 3-қ. 1-т. 37-іс. 20-п. с. ж.)» – деп, нақты мұрағат құжатын ұсынған Анар Тылахметова: «Осы құнды құжаттан бірнеше мәселені аңғаруға болады. Біріншіден, Абылай сұлтанның ата қонысы қазіргі Көкшетау қаласының маңында болса да, ол Ертістің оң жағалауына өз қарамағындағы адамдарымен және жылқыларымен кезіп өткен. Екіншіден, құнарлы жерлерге өтудегі басты сылтауы – өзінің ата-қонысында мал бағатын шұрайлы жайылымдық жерлердің аз болғандығы. Үшіншіден, Абылайдың әскерлері орыстың бекініс басшыларына үрей туғызу әрекеттерін жасағандығы анық көрінеді», – деген пікір білдіреді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Түркістан облысында биыл 7 медициналық ұйымға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі
17.05.2024ж. 17:28

Түркістан облысында биыл 7 медициналық ұйымға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі

Техникалық қадағалаушы анықталған соң, жұмыс кестесі бекітіледі
Салынып жатқан үйлердің құрлысы тамыз айында аяқталады деп жоспарланған
Облыс аумағындағы дәрігерлерге деген тапшылықты жою мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →