Бақтыгүл Байарыстанованың қала тазалығына атсалысып жүргеніне 25 жылдан асқан
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі еңбекқорлық, білім культін дәріптеу қажеттігін айтып отырады. Осы ретте «Еңбек адамдарын» ұлықтау аса маңызды. Елордамыз Астананың қалыптасу тарихында мұндай мамандардың үлесі орасан, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мысалы, үстіне сары түсті кеудеше киген, қысы-жазы көше тазалап жүретін мамандардың қадірін әсіресе тәуліктеп қар жауған кезде түсінетініміз бар. Мысалы, «Астана Тазалық» ЖШС жұмысшысы Бақтыгүл Байарыстанованың қала тазалығына атсалысып жүргеніне 25 жылдан асқан.
«Таңғы сағат 6.00-де асай-мүйесімізді алып, аялдамаға келеміз. Өйткені таңмен таласып тұрған тұрғындар автобуспен жұмысқа, оқуға, мектепке қатынайды. Аялдаманың маңайын тазалап, қоқыс жәшіктерін босатамыз. Одан кейін көлік тұрақтарын сыпыруға барамыз. Біздің топқа бекітілген учаске Бөгенбай батыр даңғылынан бастап, «Рамстор» сауда үйіне дейінгі аумақты алып жатыр. Жұмысымыз негізінен күзде, қыста ауыр болады. Өйткені күзде өте көп жапырақ түседі. Ал қыста қармен арпалысамыз. «Астанада нормадан бірнеше есе көп қар түсті» дегенді өздеріңіз де жазып жатасыздар ғой. Соның ауыртпалығын ең бірінші сезінетін – біз», – дейді Бақтыгүл Байарыстанова.
Қоғамда өз ісіне адал, еліміздің дамуына айрықша үлес қосып жүрген еңбек адамдары ұлықталуы тиіс. Мұны биыл Түркістанда өткен ІІ Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де айтқан болатын.
«Біз еңбек адамының мәртебесін көтеруге баса мән береміз. Елімізде түрлі саланың кәсіби мерекесі бар. Көбінесе мұндай мейрамдар назардан тыс қалып жатады. Менің ойымша, «Еңбек күніне» орай ең үздік мамандарды мемлекеттік деңгейде ұлықтаған жөн. Бұл қадам қоғамда еңбек культін орнықтыруға жол ашады», – деп айрықша атап өтті Президент.
«Еңбек – ерлікке жеткізер, ерлік – елдікке жеткізер» деген. Ендеше, еңбек адамдары төккен тер, шеккен бейнетінің зейнетін көре берсін деп тілейміз.