Соңғы күндері балағатқа жауапкершілік күшеюіне байланысты түрлі сұрақтар көбейді. Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығының міндетін атқарушы Азамат Құрымбаев балағат сөз айтқандарға қарастырылатын жаза түрлері жайында айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
- Қандай жағдайда балағат сөздер үшін айыппұл салынады?
– Қазақстан заңнамасында балағат сөздер үшін жауапкершілік бұрыннан көзделген. Мысалы, қорлау, яғни басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде қорлау – бұл қылмыстық теріс қылық. Оны жасағаны үшін жауапкершілік 100 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде немесе 120 сағатқа дейін түзеу, я болмаса қоғамдық жұмыс көзделген.
Бұдан әрі құқық бұзушымен отбасылық-тұрмыстық қатынастарда тұрған адамдарға айқын құрметсіздік білдіретін және қылмыс құрамын қамтымайтын балағат сөздер мен басқа да әрекеттер әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 73-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Жаза сот арқылы ескерту немесе 5 тәулікке дейін қамаққа алу түрінде болуы мүмкін.
Ұсақ бұзақылыққа келетін болсақ, бұл қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиісу, ғимараттарды, өзге де құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды бұзу, ортақ пайдаланылатын орындарды, көліктегі және өзге де қоғамдық орындардағы мүлікті бүлдіру және айналасындағыларды сыйламайтынын білдіретін, қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер түрінде көрінеді.
Басқаша айтқанда, ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік жауапкершілік қоғамдық орындарда, айналасындағыларға сыйламаушылық білдіру, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзып, балағат сөздер айтылған жағдайда ғана туындайды.
- Балағат сөздер үшін жауапкершілік қаншалықты күшейді?
– Иә, осы жылдан бастап ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жаза күшейеді. Бұл, ең алдымен, қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесу мақсатында жасалды. Қазір автобуста біреу балалардың немесе аға буын адамдардың көзінше, яғни қоғамдық орында, айналасындағыларды сыйламайтынын білдіріп, қоғамдық тәртіпті бұзып, балағат сөз айтқан жағдайда айыппұл 17 250 теңгені құрайды немесе 10 тәулікке дейін қамауға алынады. 6 наурыздан бастап мұндай әрекеттер үшін 20 АЕК (69 мың тенге түріндегі жаза) айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алу көзделген.
- Егер біреу келіп, мені бәленше балағаттады деп айтса, айыппұл салына ма?
– Әрбір өтініш бойынша полиция қызметкерлері дәлелдеме жинайды. Бұл -азаматтардың өтініші, куәгерлердің айғақтары, сондай-ақ құқық бұзушылықтың аудио, видеотүсірілім, қажет болған жағдайда сарапшының қорытындысы. Құқықтық бағаны сот береді.
- Жеке меншікте, яғни үйде, көлікте айтылған балағат үшін жазалай ма?
– Атап өткенімдей, бәрі мән-жайға байланысты. Ұсақ бұзақылық бойынша жауапкершілікке тарту үшін қоғамдық орындарда балағат сөздер айту, айналасындағыларға сыйламаушылық білдіру, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзу - міндетті шарт болып табылады.
- Әлеуметтік желідегі балағат үшін қалай айыппұл салады?
- Әлеуметтік желіде балағат сөздер айтқаны үшін, бұндай әрекет қоғамдық орында немесе айналасындағыларға сыйламаушылық танытып, азаматтардың тыныштығын бұзса, бұл ұсақ бұзақылық бабымен қарастырылады.
- Қай тілдегі балағат сөздерге айыппұл салынады?
– Жалпы, жоғарыда аталған жағдайлар болған кезде қай тілде болса да, балағат айтқаны үшін жауапкершілік туындайды.