Абоненттік төлемнің құнын көтерген
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 2023 жылы ұялы байланыс операторларына 782 тексеру жүргізіп, сапасыз қызмет көрсеткені үшін 3 миллиард 288 миллион теңге айыппұл салды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
"Бюджетке заңнамада көзделген жеңілдікті ескере отырып, 1 млрд 644 млн теңге төленді, оның ішінде операторлар бойынша: Tele2 – 751,4 млн теңге; Kcell – 563,2 млн теңге; Beeline – 329,4 млн теңге төледі", – делінген министрлік хабарламасында.
Сондай-ақ министрлік 2020-2022 жылдар аралығында сапасыз байланыс үшін тексеру жүргізу және айыппұл салу статистикасын ұсынды.
Статистика бойынша, 2020 жылы министрлік 93 тексеру жүргізіп, 47,8 млн теңге көлемінде айыппұл салған.
2021 жылы жүргізілген тексерулер саны едәуір өскенін байқауға болады: жүргізілген 562 тексеру аясында жалпы сомасы 264 млн теңгеге айыппұл салынған.
2022 жылы министрлік жүргізген тексерістер саны екі есеге өсті – 1 175, нәтижесінде ұялы байланыс операторларына 1,6 млрд теңге сомасына айыппұл салынған.
"Тексерулер жүргізу және айыппұлдарды ұлғайту операторлардың көрсетілетін қызметтердің сапасы үшін жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік берді. Мәселен, 2019-2022 жылдар аралығында айыппұлдар өскенге дейінгі кезеңде операторлар ұйғарымдардың тек 33 пайызын орындады. Айыппұлдарды арттыру бойынша жұмыстар жүргізілгеннен кейін, 2023 жылы операторлар нұсқамалардың 65 пайызын орындады", – дейді ведомство өкілдері.