×

«Атау өзгерсе, халықтың санасы өзгереді»: Щучьенің Абылай хан болып өзгеруіне тарихшылар не дейді?

Щучинск қаласының атауы қайдан шыққан?

«Атау өзгерсе, халықтың санасы өзгереді»: Щучьенің Абылай хан болып өзгеруіне тарихшылар не дейді?
Qaz365.kz коллажы

Әлеуметтік желілерде Щучинск қаласының атауын өзгертуге байланысты қоғам пікірі екіге жарылды. Өңір тұрғындарының бірі аталмыш атаудың сол күйі қалғанын құптаса, бірі Абылай хан деп өзгертуді мақұлдайды.

Таяуда Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов журналистермен өткен кездесуде Щучинск қаласының атауын Абылай хан деп өзгерту туралы сауалға жауап берген еді. Оның айтуынша, қоғамдық тыңдаудан кейін ғана Мәслихатта шешім табады.

Мәселенің мән-жайын білу үшін осы сұрақты Бурабайда туып-өскен, Ақмола облысының тумасы, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті ғылыми ісі жөніндегі проректор, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ардақ Каиржанұлына қойып, қаланың Щучинск деп аталу тарихы мен жаңа атауға деген көзқарасын білдік.

Өз өңірін өзгелерден артығырақ білетін тарихшы Щучинск атауының қазақ тарихына мүлде қатысы жоқ екенін кесіп айтты. Алғаш станица ретінде құрылып, казактар мен крестьяндардың көшіп келуі себепті солай аталып кеткен.

«Өзім Бурабай ауданының тумасымын. Кішкентай кезімізден бастап, халықтың Щучинскті Шортан көлімен байланыстыратын естіп-біліп өстік. Бурабайдағы Табиғат мұражайынан Шортан көлінің балықтарға бай тылсымдығы мен өңірдің тұмса табиғаты жайлы тереңірек танысуға болады. Тарих саласының маманы ретінде Ежелгі заманнан осы территорияда біздің бабаларымыз мекендегенін нақты айта аламын. Қалаға Щучинск деген атау тәуелсіздік алғаннан кейін берілген жоқ. Щучинск ресми түрде станица ретінде 1850 жылы құрылған. Оны казактар, Ресейден келген крестьяндар құрды. Ал оның қазақ тарихына ешқандай қатысы жоқ. Себебі олар колонизатор ретінде келген», – дейді Ардақ Каиржанұлы.

Тарихшының айтуынша, Щучинскте Ежелгі заманда арғын тайпалары мекен еткен. Ал бірді-екілі казактар мен крестьяндар отбасыларымен көшіп келе бастағаннан кейін Щучье деп аталып кеткен.

«Щучинск алғашқыда поселок, станица ретінде құрылып, кейіннен қала статусын алған. Бұл өңірдің атауы, жоғарыда айтқанымдай, Шортан көлімен де байланысты қалыптасып кетті. Щучинск атауының өзгеруін тарихи және туристік аспекттерге бөліп қарастыра аламыз. «Абылай хан атауын осы өлке тарихымен не байланыстырады?» деген сауалыңызға былай жауап берейін. Біріншіден, Абылай хан Үш жүздің басын қосты. Ресей мен Цинь империясының арасында қазақтардың тәуелсіздігі үшін күресіп, зұлмат кезеңдерді өткергеніне қарамастан, азаттыққа қол жеткізді. Екіншіден, бұл жерде Кенесары, Наурызбай батырлар туылған. Олар да сол Ресей патшалығымен күрескен. Ұлт-азаттық қозғалысты басқарды. Бұл тарихи ақиқат. Абылай ханның ерлігі мен құрметі үшін осы атаудың берілуін құптаймын», – дейді ол.

Бурабайлық тарихшы Ардақ Каиржанұлының айтуынша, Щучинск атауы казачествомен байланысты. Ал Шортан көліне байланысты деректер нақты хатқа түсіп, тарихқа айналмаса да, халық арасында ауыздан-ауызға тарап, осы күнге дейін аңыз боп жеткен.

«Щучинск пен Бурабайға ағылып келетін туристер көп. Қала атауын туристік аспект негізінде айтар болсам, шетелдік меймандар ғаламтордан-ақ өңірдің курорттық аймағы, оның тарихымен терең таныса алады. Сол үшін Щучинск қаласы Абылай хан атауымен өзгеріп жатса, бұл Ақмола облысының жұртшылығы үшін ғана емес, қазақ елінің тарихы мен батырларының ерлігін дәріптеуге мақтаныш болатын ең дұрыс шешім деп санаймын», – дейді Ардақ Каиржанұлы.

Осы мәселеге қатысты еліміздің белгілі тарихшыларының да пікірін білу үшін хабарласқанымызда, бұл тақырыпты қозғауға ынталы еместерін байқадық.

ҰҒА-ның академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы Мәмбет Қойгелдиев:

«Мен оны білмеймін, бұл проблемаға менің ешқандай қатысым жоқ, сондықтан ештеңе айта алмаймын», – деп қысқа қайырды.

Ал белгілі алаштанушы, ҰҒА-ның академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев әуелде «қала атауын менсіз де ауыстыра берсеңдерші» деп қолы бос емес екенін айтып, кейіннен осы мәселеге қатысты былайша тұщымды пікір білдірді:

«Абылай ханды дәріптеу үшін қала атауын өзгертер болса, қарсылығым жоқ, әрине. Бірақ, негізінен, адамның атынан гөрі, сол өңірге географиялық орны мен тарихына байланысты атау берілсе, ол мәңгі жасайды. Өйткені саяси жағдай өзгерген сайын адамның аты да ауыса береді. Дәл қазіргі уақытта мемлекетімізде әлеуметтік-экономикалық мәселелер шаш етектен. Қала атауын өзгертуден бұрын, одан да маңызды мәселелерді шешумен айналысуымыз керек».

Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті тарих факультетінің деканы Әлібек Аман:

«Әлеуметтік желіде бұған қатысты халықтың пікірі екіге жарылғанын көріп-естіп отырмыз. Жалпы, қала атауын өзгертудің идеологиялық астары да бар. Атау өзгерсе, халықтың санасы өседі. Себебі бұл – деколонизация процесі. Өз басым қолдаймын», – дейді.

Айта кетейік, қала атауын өзгерту мәселесі «Қазақстан Республикасы әкімшілік-аумақтық құрылысы» туралы Қазақстан Республикасы заңының 14-бабы, 4-тармақшасына сәйкес жүзеге асады. Щучинск тұрғындарының пікірі ескеріле отырып, ономастика комиссияның қорытындысы негізінде шешім қабылданады.  

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →