Ол бір жарым жыл бойы балалардың алиментін жымқырып келген
Алматы облысында жеке сот орындаушысы бір жарым жыл бойы балалардың алиментін жымқырған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бас прокуратура мәліметінше, көрсетілген уақыт ішінде баланы асырауға сот орындаушысының арнайы шотына борышкердің жалақысынан 816 мың теңге аударылған.
«Сот орындаушысы бұл ақшаны баланың анасының шотына әрі қарай аудармаған. Бұл ретте, алимент аударушының адалдығына қарамастан, сот орындаушысы борышкердің жүргізуші куәлігінің қолданылуын тоқтата тұруға дейінгі барлық шектеу шараларын қабылдады. Сот орындаушысының жоғарыда аталған заңсыз әрекеттерінің нәтижесінде әкесі жұмысынан және табыс көзінен, ал баласы өзіне тиесілі алименттерден айырылды», – делінген хабарламада.
Облыс прокуратурасы жолдаған материалдар бойынша Полиция департаменті сот орындаушысына қатысты ҚР ҚК-нің 251-бабы («Жеке сот орындаушысының өкілеттіктерін теріс пайдалану») бойынша қылмыстық іс қозғады.
«Сондай-ақ, қабылданған шаралармен борышкердің жүргізуші куәлігі қалпына келтірілді және ол бұрынғы жұмысына қайта орналастырылды», – делінген Бас прокуратура хабарламасында.