×

Бақыт күнінде ерекше балалар қошеметке бөленді

Фестиваль салтанатты шараның көрермендерін ерекше әсерге бөледі

Бақыт күнінде ерекше балалар қошеметке бөленді

21 наурызда Алматыдағы «Бақша сарайында» «Алматының қызыл алмасы  – мықты және бақытты отбасының белгісі» атты қайырымдылық фестивалі өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Айтулы шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген ерекше балалар мен олардың ата-аналары, жақындары мен ұстаздары, жас өнерпаздар мен журналистер қатысты. Фестиваль Халықаралық Бақыт күні мен Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылды.

Салтанатты жиынның шымылдығын шара ұйымдастырушысы Эльмира Мақсұтқызы ашып, қатысушылар мен қонақтарға шаһардың символына айналған апорт алмасын ұсынды.  

«Бүгін қос бірдей мереке. Инклюзивті ортаны дамыту үшін сіздермен бас қосып отырмыз. Осы жерге келген әрбір бала расымен де ерекше. Олардың қайталанбас, бір-біріне ұқсамайтын таланты бар. Баласының талантты, зерек, жан-жақты болуы үшін барын салатын ата-аналарға басымды иемін. Сіздерге құрметім бөлек», – деді ол.

Айта кетейік, Элмира Мақсұтқызы Қазақстан және Орталық Азия отбасы институты жобасының жетекшісі, ҚР-ның балаларының мүдделері мен игілігін қорғау жөніндегі НҚА және психологиялық қызметтің заң жобасын дайындау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, клиникалық психолог.

Жылдағы дәстүр бойынша республикамыздың әр өңірінен талантты балалардың басын қосатын фестивальға қатысушылар саны артып келеді. Сахна төріне шығып, өз қабілеттері мен мүмкіндіктерін дүйім жұртқа паш етуге, шара тамашалаушыларының қошеметіне бөленуіне, инклюзивті ортаның дамуына, ата-аналар мен балалардың бір-бірімен тілдесіп, ой түюіне мүмкіндік беретін шараның берері көп.

Фестивальге 10-17 жас аралығындағы ерекше қажеттіліктері бар, үй жағдайында оқитын ауыр психологиялық бұзылысы бар және мүмкіндігі шектеулі 19 талантты бала өз өнерін ортаға салды.

Ақыл-ой және зерде бұзылысы, физикалық ерекшелігі бар балалар шара қонақтары үшін ән айтып, би биледі. Ақжарма тілек айтып, аналарына деген құрметі мен шексіз махаббатын өнерлерімен көрсете білді.

Балаларының әрбір кішкентай жетістігіне қуанатын ата-ана фестиваль кезінде көздеріне жас алып, балаларына ерекше мейіріммен қарады. Халықаралық Бақыт күнінде ерекше балалар көптің ықыласы мен ілтипатына бөленді.

«Just Dance» би студиясының көркемдік жетекшісі, педагог, хореограф Вашурина Венера аталмыш фестивальге 2019 жылдан бастап, жетекшілік етіп, балаларды сахналық номерге дайын жүргенін айтады: «Бұл жоба әлемді өзгертуге мүмкіндік береді, балалар бір-біріне жанашырлық танытуды, бірін-бірі шабыттандыруды, қолдауды үйренеді. Сахнада бірге өнер көрсетіп, қоғамдық байланыстары артады. Біздің студия ерекше балалар мен олардың ата-аналарын фестивальге дайындап, әрқашан қолдау көрсетуге дайын. Біз бірігіп қана, әлемді жақсартамыз», – дейді ол.

«Қайбір жылы жазда Розахмет екеуміз мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған лагерьге бардық. Розахметтің ән шырқағанын естігендер қатты әсер алып, «Алматының қызыл алмасы – мықты және бақытты отбасының символы» фестиваліне қатысуға кеңес берді. Нәтижесінде міне, бүгін біз фестиваль сахнасына алғаш рет шығып тұрмыз. Түркістаннан Алматыға арнайы келдік. Розахмет көп дайындалды, өз өнерімен балалар мен ата-аналарды ынталандырғысы кеп, уайымдады. Ұлым Түркістанда вокал мен фортепиано сабақтарына барады, физиканы жақсы көреді. Вокал бойынша бірнеше рет байқауларда жүлдегер атанды. Облыс әкімі «TURAN BALA-FEST» балалар жылы аясында халықаралық деңгейдегі жетістіктері үшін Алғыс хатпен марапаттады. Баламның марапаттары көп. Ең бастысы, мұнымен тоқтап қалмай, ұлым өзін жетілдіруге барын салатын болады, оған біз де қолдау көрсетеміз», – дейді фестиваль қатысушысының Розахметтің анасы Зулхумар Шаюсупова.

9 жасар Зауреш Омарбектің анасы Надира: «Фестивальге осымен екінші рет қатысудамыз. Бұл шара туралы ата-аналар чатынан білдік. Салтанатты жиын қызымның психоэмоционалды көңіл-күйін жақсартуға, өзін бағалауға, командада жұмыс істеуге, балалармен қарым-қатынас орнатуға жол ашты. Ол үлкен сахнада өнер көрсетуге жүрексінетін, бүгін біз сол қорқынышты жеңдік. Фестивальден әсерленген қызымның жаңа қызығушылықтары оянды, таным көкжиегі кеңейді. Алдына үлкен мақсаттар қойып, вокалмен тұрақты түрде айналыса бастады. Мұндай фестиваль жиі өткізілуі керек деп ойлаймын. Себебі ерекше балалар өзін қоғамның толыққанды мүшелері ретінде, өз қалаулары мен айқын мақсаттары бар тұлға ретінде қабілеттерін жан-жақты дамытатын болады», – деп әсерін бөлісті.

 «13 жылдан бері фестивальді өткізіп жүріп, балалардағы ілгерілеу барын байқадым. Кейбір қатысушылар бірінші жылы анық сөйлей алмаса, келесі жылы олардың ән айтып, би билегендерін көріп, бір жағы таңырқап, бір жағы қатты қуандым. Балалардың әрбірінің жетістіктері менің көз алдымда. Мамандардың кешенді емі, ата-аналардың назары мен қоршаған орта – балалардың әлеуметтенуіне ықпал етпей қоймайды. Бұл фестиваль балалардың қарқынды дамуына серпін береді. Себебі олар өнер көрсетіп жатқанда, тәжірибелі мұғалімдер мен мамандар бірлесіп жұмыс істейді. Балалар үлкен аудиторияның алдында сахнаға шыққанда, ынтасы артады. Жобаның басты міндеті, баланы өз әлемінен шығарып, мүмкіндіктер есігін ашу, оның қуатты әлеуетін іске асыру», – дейді фестиваль ұйымдастырушысы Эльмира Мақсұтқызы.

4 сағатқа созылған фестиваль салтанатты шараның көрермендерін ерекше әсерге бөледі. Жайлы атмосферада езулері жиылмаған ерекше балалардың қылықтары мен өнерлері кім-кімді болмасын сүйсіндірмей қоймады.

Ортақ мүдде үшін бас қосқан ата-аналар бір-біріне балаларының жетістіктерін айтып, арқа-жарқа болды. Ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, кеш соңына қарай естелік суретке түсті.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →