Жас бала террористі көрген кезде қатты қорыққанын жасырмайды
Мәскеу шетіндегі «Крокус ситиде» болған террорлық акт кезінде жүздеген адамды құтқарған қырғызстандық Ислам Халилов атты жас бала бірнеше журналиске сұхбат беріп үлгерген. Оған әнші Моргенштерн 1 млн рубль сыйға тартып, ерлігіне ризашылығын білдірген. Исламның өзі сол күні оқиға қалай болғанын, не істегенін берген сұхбаттарында кеңінен баян етеді, деп хабаралайды Qaz365.kz.
«Атыс басталған уақытта мен холға шығып, «адамдар оқ атылып жатыр, ЭКСПО жаққа қашыңдар» деп сол бағытта қолыммен көрсете бастадым. Бәрі топырлап мен көрсеткен бағытқа жүгіргеннен кейін артынан жүгірдім. Ешкімді қалдырмағаныма көз жеткізгеннен кейін соңында болдым. Топ адамдардың ортасында келе жатқан кезде бізге де оқ жауа ма немесе ортамызға біреу граната лақтыра сала ма деп қорықтым. Террористердің бірін 40-50 метр жерден көрдім. Сақалды, жасыл камуфляж киген, қолында автоматы бар екен. Ол концерт залы жаққа бара жатты. Кейін видеода концерт залын өртеп жібергенін көрдім», - дейді Ислам.
Жас бала террористі көрген кезде қатты қорыққанын жасырмайды.
«Көз жұмған адамдардың қатарында өзім де болуым мүмкін еді. Көз алдымда бір ер адам оқ тиіп сұлап түсті. Әуел баста ешкім не істерін, қайда барарын білмей қалды. Мен бірақ бәріне көмектескім келді. Бәрін нұсқау бойынша жасау керек болған. Өзімді батыр сезінбеймін. Бұл менің жұмысымның бір бөлігі», - дейді ол.
Ислам адамдарды сыртқа алып шыққаннан кейін ең бастысы амандығына қуанғанын айтады.
«Арнайы қызметтер меніңше, жарты сағаттан кейін келді ғой деймін. Біз ол кезде сыртта едік. Әке-шешеме үйге келгеннен кейін бәрін айтып бердім. Олар көз жасын тия алмады. Сол жерде болғаныма, бәрін көзіммен көргенім үшін қорықты. Кейін тынышталып, арқамнан қақты. Жүздеген адам өлгенше адамның өз-өзін құрбандыққа шалғаны артық», - дейді ол.
Әнші Моргенштерн Исламға ерлігі үшін 1 млн рубль аударыпты. Одан бөлек те, жас балаға ақша аударып, ризалығын білдіргендер көп.
«Егер олар (террористер) шын мұсылман болса, олар жан баласына қиянат жасамас еді. Тіпті бұл уақыт - Рамазан уақыты әрі қасиетті жұма. Өзім де ауыз бекіткен адаммын», - дейді Ислам тағы бір сұхбатында.