×

«Жүрегім ауырады деп шағымданбаған»: СҚО-да қайтыс болған құтқарушының жұбайы күйеуінің соңғы тілегін айтты

Шұғыл дабыл түскен, марқұм заттарын асығыс жинап кеткен

«Жүрегім ауырады деп шағымданбаған»: СҚО-да қайтыс болған құтқарушының жұбайы күйеуінің соңғы тілегін айтты
Фото: otyrar.kz

Түркістан облысынан Солтүстік Қазақстан облысына су тасқынымен күресуге барған құтқарушы оқыс көз жұмды. Ол 2 сәуірге қараған түні инфаркттен қайтыс болған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Балдановтар отбасының басына ауыр қайғы түскен. Бекжан Балданов Солтүстік Қазақстан облысына іссапар кезінде қайтыс болды. Ол Тайыншаға 1 сәуірде Түркістан облысынан су тасқынына қарсы күрес бөлімшесінің құрамында барған екен.

Марқұмның жұбайының сөзінше, шұғыл дабыл түскен, заттарын да асығыс жинап кеткен, тіпті таңғы ас ішуге де үлгермеген.

"Заттарын алып, үйден жүгіріп шықты. Оған "отырып, бір-екі кесе шай ішіп кетші" дедім. Ол "жоқ, ГАЗель келіп қалды" деп жауап берді. Әрқашан өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарады. Суға да, отқа да түсті, бірақ мұндай жағдай болатынын білмедік. Өйткені денсаулығына байланысты проблема болған жоқ, ешқашан жүрегім ауырады деп шағымданбаған болатын. Зейнетке шыққанға дейінгі күндерін санап жүрді. Кетіп бара жатқанда, "Бекжан, неге бара жатсың?" дедім. Ол "жұмыс осындай" деп жауап берді. Оған қоса "балалар саған аманат" деді", - деп еске алды марқұмның жұбайы.

Еске салайық, бұған дейін СҚО-ға Түркістан облысынан су тасқынына қарсы көмекке барған құтқарушы қайтыс болғаны хабарланды.

Солтүстік Қазақстан облысының ТЖД мәліметіне сүйенсек,  2 сәуірге қараған түні Тайынша қаласындағы аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде құтқарушы қайтыс болған. Ол - Түркістан облысы ТЖД Өртсөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі Сайран ауданының № 6 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі азаматтық қорғау прапорщигі Бекжан Балданов.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →