×

Айдынды Алакөлдің ажары енді

Сенбіліктер туристік маусымға толық дайын болу мақсатында мамыр айында да жалғасатын болады

Айдынды Алакөлдің ажары енді

Өткен аптада жалпы ел бойынша басталған «Таза Қазақстан» акциясы Абай облысында қарқынды жалғасып жатыр. Соның бір жарқын көрінісін жаңадан құрылған Мақаншы ауданынан көруге болады. Аудан аумағындағы сенбілік негізінен ел туризмін дамытудың негізі саналатын Мақаншы ауданының аумағындағы айдынды Алакөлдің жағалауында өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Ауқымды шараға 11 ауылдық округтен және ауданның барлық мекемелерінен 500-ден астам адам белсене қатысып, 28 гектар аумақты тазартқаны тамаша нәтиже берді. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, Алакөл аумағынан 40 тонна қоқыс шығарылып, шамамен 5 шақырым шамасындағы аумақты қамтитын жағалау қоршаулары боялып, әктелді.

Аталған экологиялық акция аясындағы сенбіліктер туристік маусымға толық дайын болу мақсатында мамыр айында да жалғасатын болады.

Акцияға сүбелі үлесін қосқандардың бірі, еңбек ардагері Нағима Жақиянова елге ортақ мұндай тазалық жұмыстарынан ешкім де шет қалмағаны абзал. 

“Көптің аты көп. Жұрт жұмыла кіріссе, алынбайтын қамал жоқ, ең қиын деген шаруаның өзін атқарып тастайды. Тәрбиелік мәні зор жұмыстарды атқара жүріп, таза жерде өмір сүруді әдетке айналдыруымыз керек” – дейді Нағима Сапарханқызы.

Ал, белгілі ақын, ұстаз, мәдениет қайраткері Айжарық Әбілқасымов мәдениет тұтастай алғанда тазалықтан басталатынын атап өтті.

“Бірінші кезекте ауданымыздың құрылғаны үшін ерекше алғыс айтқым келеді. Мақаншы ауданы дербес әкімшілік-аумақтық бірлік мәртебесін алды, соның арқасында біз осындай бастамаларды барынша тиімді ұйымдастырып, жүзеге асыра аламыз. Сенбілікке қатысудың өскелең де, аға буынның да тәрбиелік әсері зор екенін ерекше атап өткім келеді. Өскелең ұрпақ тазалық бірінші кезекте өз үйінен басталатынын және айналадағы тазалық ой тазалығын білдіретінін есте ұстауы қажет”, - дейді Айжарық Әбілқасымов.

Сәтжан Қасымжанұлы, Абай облысы

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →