×

Алматының туристік әлеуеті артып келеді

Туристер қауіпсіздігі қалай сақталады

Алматының туристік әлеуеті артып келеді
Фото: vsegda-pomnim.com

Соңғы уақытта тек елімізде ғана емес, әлемде экологиялық апаттар көбейді. Сәйкесінше туризм саласы тұралауда. Тұмса табиғатымен талайды тамсандырған Алматы шаһарындағы туризм қалай дамуда? Туристер қауіпсіздігі қалай сақталады деген сауал төңірегінде Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітовамен тілдескен едік, деп хабарлайды Qaz365.kz.

– Ғалия ханым, жыл сайын Алматыға туристер ағылып келеді. Шетелдік меймандарды биыл қандай жобалар күтіп тұр?

– Иә, арайлы Алматымыз жыл сайын өзінің ерекше табиғатымен әлемнің түкпір-түкпірінен туристерді тартады. Шетелдік қонақтарды тамаша мәдениетімен, қайталанбас тұмса табиғатымен және тұрғындарының қонақжайлығымен таңғалдыруға тырысамыз. Туристерді танымдық мәдени іс-шаралар әлеміне енуге, тау шыңдарының асқақтығын сезінуге және шынайы қазақы қонақжайлылықтан ләззат алуға барымызды саламыз. Алматы шаһарынан әркім ұзақ жылдар бойы ұмытылмас әсер қалдыратын ерекше нәрсені табады. Бірегей табиғи орналасуының, бай тарихи мұрасы мен көп мәдениеттілігінің арқасында Алматыда туризмді жан-жақты дамытуға мүмкіндік бар. Біздің жұмысымыз мәдени және спорттық туризм сияқты түрлі туристік бағыттарға назар аудара отырып, Алматының төрт маусымдық туристік бағыт (4Seasons) ретіндегі имиджін жасау. Сол бойынша жұмысымызды бастап та кеттік. Қалада тұрақты түрде әртүрлі жергілікті және халықаралық көрмелер, конференциялар мен конгресстер жиі өтеді. Алматының туристік әлеуетін дамытуда қызмет көрсету сапасын арттыру үшін қызметкерлер ағылшын тілі мен қонақжайлық бойынша біліктіліктерін арттыратын болады. Олардың ішінде көлік тораптарының қызметкерлері (шекара қызметі, кедендік бақылау қызметі, инспекция қызметі және т.б.) және туристермен тікелей қарым-қатынас жасайтын сала мамандары (экскурсоводтар, гидтер, нұсқаушылар) бар. Шетелдік меймандарды таңғалдыру үшін мамандарымыз барын салып, жыл сайын түрлі жаңа жобалар әзірлейді. Туристердің Алматыға бір көргеннен ғашық болып, табиғатына тамсанатынына өз басым талай куә болғанмын. Туризм басқармасының бұл мақсатта атқарып жатқан жұмыстары шаш етектен. Қонақтардың қаламыздың туризм сапасын жоғары бағалап жатқаны көңіл қуантады. Себебі қазір Алматының туристік әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді.

– Сөзіңіз аузыңызда, Алматыда туристік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған «Сапа белгісі» бағдарламасының жүзеге асып жатқанынан хабардармыз. Осы жайында айтып өтсеңіз.

– «Сапа белгісі» бағдарламасы – туроператорлық қызмет көрсету, орналастыру мен тамақтану орындары бойынша негізгі үш бағытта жұмыс істейтін болады. «Сапа белгісі» ұлттық стандарттарға негізделген бағдарламаның талаптарына құрылған. Келесі кезеңде «Recommended by Visit Almaty» өңірлік стандартын енгізу жоспарлануда. Туристерге ыңғайлы болу үшін қалада 8 Visit Almaty ақпараттық пункті жұмыс істейді. Ақпараттық пункттерде мегаполис қонақтары мен тұрғындарына қаланың туристік әлеуеті бойынша кәсіби кеңестер ұсынылады, оның ішінде турларға қатысты (қала және тау) қызықты ұсыныстар, қала туралы барлық қажетті ақпараттар беріледі. Айта кетерлігі, Visit Almaty нүктелерінен тегін карталарды, бағыттарды, тау маршруттарының атластарын, туроператорлық брошюраларды, мәдени-әлеуметтік іс-шаралар туралы толық ақпаратты алуға болады. 2023 жылы Visit Almaty ақпараттық нүктелеріне 40 мыңнан астам адам кеңес берді. Бұл дегеніміз – туризм саласының жандануына қосқан үлес деп білемін.

– Алматыдағы демалыс аймақтарында инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізілгенімен, демалушылардың қоқыс қалдықтарын тастап кететін фактілері жиі кездеседі. Бұл мәселені қалай шешудесіздер?  

– Өте орынды сұрақ. Жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық жұмыстарға қарамастан, Алматының демалыс орындарында қалған қоқыс мәселесі – шынымен де өзекті болып отыр. Қаланың тау етегінде бірегей орналасуы және экологиялық туризмнің маңыздылығы жағдайында табиғи ресурстарды сақтауға басымдық береміз. Бұл мәселені шешу үшін біз бірқатар шараларды қолға алып, қоршаған ортаға тигізетін кері әсерді барынша азайтуға, таулы аймақтарда тазалықты сақтауға тырысудамыз. Біріншіден, рекреациялық жүктемені біркелкі бөлуді ескере отырып, жыл сайын тау соқпақтарын дамытуды, жаңа кемпинг алаңдарын құруды белсенді түрде жүргіземіз. Ал бұл қолданылатын материалдар экологиялық таза әрі табиғи болуына жол ашады әрі табиғатты сақтауға көмектеседі. Алайда осы мәселені шешу үшін тек инфрақұрылымдық жұмыс жеткіліксіз. Біз қала қонақтары, сондай-ақ тұрғындармен берік қарым-қатынас орнатып, жауапкершілікке, табиғатты құрметтеуге үндейміз. Туристердің қауіпсіздік бойынша ақпарат алуына, табиғатты сақтаудың маңыздылығын түсіндіріп, еске салу үшін соқпақтар бойына арнайы белгілер орнаттық. Яғни дәстүрге айналған «Қоқысыңды жина!» деген жазуды емес, «Қоқыс қалдырмағаныңыз үшін және қоршаған ортаны сақтағаныңыз үшін рахмет» деген жағымды эмоция сыйлайтын, мейірімділікке ұмтылдыратын сөздерді қолдандық. Сонымен қатар үнемі еріктілеріміз сенбіліктер өткізіп, экологиялық ағарту бағдарламасын жүзеге асырып келеміз. Мысалы, 26 сәуірде өтетін  «Алматы – біздің ортақ үйіміз» акциясы аясында Аюсай және Горельник аумақтарында тазалықты сақтау мен табиғатты қорғау мәселелері бойынша ағарту жұмыстарына кез келген адам қатыса алады. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында Алматы тауларындағы қоқыс проблемасын шеше аламыз.

– Туристер қауіпсіздігін қамтасыз ету үшін қандай жағдайлар қарастырылған? 

– Алматының тауларында туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мақсатты және кешенді шаралар қолға алынды. 2021-2023 жылдар аралығында таулы аймақтарда туристер үшін арнайы 18 тау саятшылары орнатылды. Бұл саятшылықтардың әрқайсысы жедел-жәрдем қобдишасымен жабдықталған, оның ішінде қобдиша, мобильді құрылғыларды зарядтау станциясы, жылы көрпе және тез бұзылмайтын азық-түлік пакеті бар. 2021 жылдан бастап, Үлкен және Кіші Алматы шатқалдарында 2 бақылау-құтқару пункті орнатылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ қолданыстағы құтқару үйлерін күтіп ұстауға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге де ерекше көңіл бөлінді. Мысалы, 2023 жылдың қазан айында демеушілердің қолдауымен «Лунная поляна» құтқару үйінде жөндеу жұмыстары толығымен аяқталып, уақытынан бұрын бітті. Жұмыс барысында есіктер мен терезелер, жатын бөлмелер мен қабырғалар қалпына келтірілді. Сәйкесінше бұл саятшылықты пайдаланатын туристер үшін жайлылық пен қауіпсіздік деңгейін арттырады. Еске сала кетсек, бұл саятшылықтар туристерге тегін берілді. Негізінен, таулы маршруттарға келушілердің қауіпсіздігі мен функционалдығы өздерінің жауапкершілігі мен ұқыптылығына тікелей байланысты.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →