×

Көзге тіл тигізуге болмайды

Кез келген бала дүниеге +3-3,5 деген көру қабілетімен келеді

Көзге тіл тигізуге болмайды
Фото: gov.kz

Технология дамыған сайын адамдар компьютер, телефон секілді құрылғылармен өте көп уақыт өткізуде. Оның зияны көз ауруларына әкеп соқтыруы мүмкін. Көз кесапаттарын қалай алдын алуға болатыны жөнінде офтальмолог-дәрігер Думан Алдажановпен сұхбаттасуды жөн көрдік, деп хабарлайды Qaz365.kz.

– Түркістан өңірінде көзге бір нәрсе шықса, тіреліп тұрса, дәрігерге емес, тілмен тазалайтын ата-әжелерге баратын жағдайлар жиі ұшырасады? Осы қаншалықты дұрыс? Тілдің өзі көзге зиян емес пе?

– Өте дұрыс, пайым. Ауыз қуысы – нағыз инфекцияның ошағы. Не жесек те, бәрі аузымыздан өтеді. Ауызда лизоцим деген фермент болады, ол ауыз қуысындағы бактериямен күреседі. Ал көзде өкінішке орай, ондай фермент жоқ. Сондықтан біз ауыз қуысында жүрген инфекцияны тіл арқылы көзге тигізсек, оның соңы орны толмас өкінішке әкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан не болса да, кәсіби маманға көріну керек. Көз жанары ойнайтын нәрсе емес.

  – Көз ауруы – тек көздің ғана дерті емес. Оның ар жағында қанша ауру жатуы мүмкін. Мысалы, көздің қитарлығын алайық. Көздің қан тамырларының қысымынан болуы да мүмкін. Немесе эпилепсияның салдарынан да көз жанары қисайып кетеді. Немесе қант диабеті де көзге тікелей әсер етіп, ағзада қант мөлшері қатты түсіп кетсе, ол адам бірден көрмей қалуы бек мүмкін. Аурудың шығу себебіне қарай, әр түрлі дәрігер емдейді. Мысалы жаңағы эпилепсияны біз емес, невропатолог емдейді, қант диабеті ме, оның да өз маманы бар деген сияқты.

Думан Алдажанов, офтальмолог-дәрігер
Думан Алдажанов, офтальмолог-дәрігер

– Көзді кейбір білетіндер ағзадағы бауырға ұқсатады. Яғни, ауырғаны білінбей жүріп, бір-ақ күнде соқыр боп қалу әбден мүмкін дейді? Осы қаншалықты негізді әңгіме?

 Жалпы, көз ауруларының ішінде ең қауіптісі – глаукома. Былайша айтқанда, су қараңғы соқырлық. Оның ішінде де ашық глаукома. Қауіптісі сол – адам көз қысымының көтерілгені білмей де қалады, яғни, ол - сезілмейтін ауру, еш белгі бермей ауырады. Қазір Қазақстанда 30 жастан бастап тұрғындарды скринингтен өткіземіз. Бірақ оған да көп адамдар келе бермейді, уақыттың жоқтығын, жұмыста екенін алға тартады. Тек көз жанарындағы көру талшықтарының 30 пайызы өлген кезде ғана аздап сезіле бастайды. Содан кейін дерт күрт асқынады. Ең асқынған сатысында адамның көзі жан-жағындағыны көрмейді. Қазақша айтқанда, кішкентай түтікшеден сығалап тұрғандай ғана көру дәлізі қалады. Бұл – көру жүйкелеріндегі жасушалар өлді деген сөз. Ал олар қанша емдегенмен қайта қалпына келмейді. Жүйке жасушалары тірілмейді деген сөз бар ғой, сол рас.

Су қараңғылықтың екінші түрінде адам ауруды ерте сезінеді. Көзі ауырып, басы айналып, құсқысы келеді. Басы қатты ауруы мүмкін. Ауру ерте білінетін болған соң, су қараңғылықтың бұл түрін уақытында емдеуге болады.

Тағы бір қорқыныштысы, глаукома тұқым қуалайды. Мәселен, анасынан баласына беріледі. Сондықтан біз анамнез жинаған кезде ата-анасында көз аурулары болды ма, бәрін сұраймыз. 50 пайызында бұл ауру сол тегінен берілген болып шығады.

Көзге ота жасау қазір баяғыдай емес, жеңілдеді. Технология дамыды. Бұрын мысалы катарактаны алуға 1 сағаттан астам уақыт кететін болса, оны кесіп, жіппен тігетін болған. Қазір ондай жоқ: аппаратпен тігіссіз операция жасауға болады. Тіпті науқас сол күні-ақ үйіне қайта алады, егер жағдайы жақсы болса. Одан бөлек, бұрын адамдар арасында қалың көзәйнек, лупа киетіндерді көруші едік қой. Қазір лазерлік коррекция шыққалы тіпті -10 деген көру қабілеті нашарлар көзілдірігін шешіп жүре алатын жағдайға жетті. Бағасы ота түріне қарай әр түрлі, орташа алғанда мысалы катаракта 200 мың теңгедей болады. /қарапайым линза/ Бірақ линзаның сапасына қарай, ота бағасы қымбаттай береді. Лазерлік коррекция да жобамен бір көз 200 мың, екі көз 400 мыңдай болады. 

Қызық дерек: Кез келген бала дүниеге +3-3,5 деген көру қабілетімен келеді. Бала өскен сайын, оның көлемі +3-тен +2-2,5-ке төмендейді, тек 7 жас, яғни, мектеп жасына келгенде ғана адамның көру қабілеті 0-ге тұрақтайды. Ал егер тоқталмай, әрі қарай өсетін болса, керісінше көру қабілеті минусқа кетеді, яғни, көру нашарлайды деген сөз.

45/15 қағидасын ұстануымыз шарт

Негізі көз неғұрлым жақын қашықтыққа қараған сайын соғұрлым қатты қиналады. Алысқа қарағаннан көз демалады. Одан бөлек экраннан түсетін ультра-күлгін сәулелер де зиян келтіреді. Сол үшін біз 45/15 қағидасын ұстануымыз шарт. Яғни, бір сағаттың 45 минутын жұмыс істесек, 15 минут компьютер алдынан тұрып, алыстағы ағашқа, гүлге, әдемі гүлге, тауға қарау керек, солай көзді демалдырмасақ, онда көзімізді уақытынан бұрын шаршатып аламыз.

– Әңгімеңізге рахмет, көп пайдалы мәлімет бердіңіз!

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Түркістан облысында биыл 7 медициналық ұйымға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі
Бүгін, 17:28

Түркістан облысында биыл 7 медициналық ұйымға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі

Техникалық қадағалаушы анықталған соң, жұмыс кестесі бекітіледі
Салынып жатқан үйлердің құрлысы тамыз айында аяқталады деп жоспарланған
Облыс аумағындағы дәрігерлерге деген тапшылықты жою мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →