×

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтаудың ғылыми-әдістемелік негіздері қандай болуы керек?

Қуғын-сүргін бойынша деректі материалдың массиві анықталды ма

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтаудың ғылыми-әдістемелік негіздері қандай болуы керек?
Фото: ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 24 қарашадағы №456 Жарлығына сәйкес, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтауға байланысты арнайы мемлекеттік комиссия құрылған болатын. Заңнамаға сай тарихи әділдікті қалпына келтіру ісі қалай жүзе асуда деген сауалды Республикалық саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дүниежүзілік тарих, тарихнама және деректану кафедрасының профессоры Жақышева Сауле Әукенқызына қойған едік, деп хабарлайды Qaz365.kz.

– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтаудың ғылыми-әдістемелік негіздері қандай болуы керек?

– Орынды сауал. Республикалық мемлекеттік комиссияның ғылыми-құқықтық сараптама жасайтын жұмыс тобының әдістемелік кешенді жұмысының арқасында біз бүгінде қуғын-сүргін кезеңінде болған процестер жайында нақты мәліметке қол жеткіздік. Бұл қуғын-сүргінге ұшыраған  жандарға қатысты «әділдік» идеясының салтанат құруына мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта ақтау процестері, нормативтік-құқықтық және мұрағаттық базаны талдау барысында жеке адамның құқықтары мен бостандықтарының бұзылуын тіркеу бойынша ұсыныстар әзірленуде. Сонымен қатар асыраушысының құқығынан айыру автоматты түрде өзіне тәуелді отбасы мүшелерін қуғын-сүргінге ұшыраған санатына жатқызды. Мәселен, Қазақстанның аграрлық саласында орын алған қуғын-сүргін түрлерінің ішінде меншік құқығынан айыру бойынша шаруалардың барлық жылжымалы және жылжымайтын мүлкін (оның ішінде мал, киізүйлер, құрылыстарды, ауыл шаруашылығы құралдарын т.б.) тәркілеу, иеліктен шығару, тәркіленген мүлікті сату; тұрғылықты жерін таңдау еркіндігінен айыру не шектеу, ведомстволардың қадағалауымен белгілі бір мекенге  күштеп бекіту; құқық субъектісін тану құқығынан айыру; ар-ождан мен діни бостандығынан айыру; денсаулығына қатысты құқығынан айыру; білім алу құқығынан айыру; еңбек ету құқығынан айыру; өмір сүру құқығынан айыру, концлагерьлерде шаруа халқын сотсыз, тергеусіз ату, жер аударту; жеке басқа қол сұғу, зорлық-зомбылықпен экспроприациялау, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас жасау; бас бостандығынан айыру, «еңбек армиясы», «НКВД жұмыс колонналарына» қамау; саяси және қоғамдық өмірде еріктілік пен мәжбүрлемеу қағидаттарына  ерік білдіру құқығынан айыру; әділ сот құқығынан айыру, соттан тыс органдарды құру сынды өзекті мәселелер көрсетілуі қажет.

Қуғын-сүргін құрбандары мен зардап шеккендердің барлық санаттарын толық ақтау бойынша жаңа мемлекеттік актілерді қабылдау – қоғам санасын жаңғыртуға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға, әділетсіз сотталғандар мен озбырлық көргендер туралы өшпес тарихты сақтауға жол ашады.

Сауле Жақышева

– Қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалардың ақталатыны көңіл қуантады. 1920–1930 жылдар тоғысындағы қуғын-сүргінге ұшыраған байлардың әлеуметтік портреті жайында айтып берсеңіз.

 1920-1930 жылдардың басында қуғын-сүргінге ұшыраған «жартылай феодалдар» деп аталатын қазақ байларының әлеуметтік портретін зерттеу – негізінен, өте өзекті мәселе. Дебаизация бойынша ашық және жабық мұрағат көздерін жан-жақты талдау, пәнаралық тәсілдерді (математика, информатика, статистика) және гуманитарлық ғылымдардың (тарих, деректану, әлеуметтану, психология) әдістемелері мен технологияларын қолдануды талап етті. Сонымен қатар 1928-1929 жылдары дебаизацияның бірінші кезеңінде Қазақстанда қуғын-сүргінге ұшыраған байдың әлеуметтік портретін модельдеу сандық және ақпараттық әдістерді қолданбай әрі тарихи проблемалық бағдарланған деректер базасын (ББҚ) құрмай іс жүзінде мүмкін болмады.

Орталық комиссияның ресми мәліметіне сүйенсек, шаруашылықтардың 80,75%-ы – 1-санат бойынша ірі малшылар, ал 2-санат бойынша бұрынғы болыс билеушілері. Алайда ҚББ-дағы мұрағаттық деректер талдауын қарасақ, 1-топ бойынша – қуғын-сүргінге ұшыраған байдың жалпы санының 65,71%, ал 2-топ бойынша – 34,29%-ы тәркілеуден өтті. Компьютерлік талдау негізінде біз тәркіленген 696 шаруашылықтағы сан (кейінгі монографияларда, мақалаларда, оқулықтарда және оқу құралдарында үнемі қайталанатын ресми мәліметтер) шындыққа жанаспайды деп сенімді түрде айта аламыз.

Тәркілеуге негізінен ересек пен егде жастағы білімді де, сауаты төмендер де тартылды. Себебі олардың көпшілігі бейресми көшбасшының рөлін орындағандықтан, қоғамда экономикалық және реттеуші функцияларды атқарған еді. Статистикалық мәліметтер сәйкес, қазақ тілін меңгерген және мектептер мен мешіттерде араб графикасын оқығандар саны – 48,57%, орыс тіліндегілер – 17,14%,  сондай-ақ арнайы білімі барлар – 5,71% -ды құрады.

50-ден 64 жасқа дейінгі жас тобында 28,56% болыс билеушілері мен билер болды. Егде жастағы (65-тен 80 жасқа дейінгі) санаттағы байдың 42,86%-ының арасында 2/3-і патша үкіметі кезінде ешқандай лауазым атқарған жоқ, ал сауаттылардың 25,71%-ының тек 11,4%-ы ғана қазақ ауылының шаруашылық-ұйымдастырушылық функцияларын атқарумен ерекшеленді. Бұл туралы Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия материалдарының 31-томында жарияланған монографиямнан көбірек білуге болады.

– Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселесінде шетелдік мұрағаттардан қолжетімсіз материалдарды жинау, талдау мәселелері қалай жүзеге асырылады?

Осы мәселе бойынша мемлекеттік комиссияның мүшелері отандық және шетелдік мұрағаттарды ақтарды. Нәтижесінде қуғын-сүргін бойынша деректі материалдың айтарлықтай массиві анықталды. Бұған орталық және облыстық қана емес, бүкіл Қазақстан бойынша аудандық мұрағаттардың құжаттары ең үлкен ақпараттық материалға ие.

ҚР Президентінің ҰҚК, ҚР ІІМ арнаулы мемлекеттік мұрағат қорларына берілген архивтік құжаттарды құпиясыздандыру процесінің аяқталмауы себепті қазақстандық ғалымдар үшін шетелдердің жекелеген мұрағаттарына қолжетімділік жоқ. Сондықтан ҒЗИ мен іргелес мемлекеттердің шетелдік мұрағаттарынан халықаралық ғылыми кооперация туралы мәселені шешуіміз қажет. Осы бағытта Республикалық саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшелері қызу еңбек етуде.

– Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет!

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →