Олардың кейбіріне жарты айлығы ғана төленсе, кейбірінің айлығынан әртүрлі сомада негізсіз ұстап қалған
М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің жұмысшылары еңбек дауына қатысты жаппай наразылық акциясын өткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы жамбылдық журналист Нұрадин Рақай өзінің Facebook-парақшасынан оқиға орнында тікелей эфирден ақпарат таратты. Алдымен бір топ қызметкердің универдің ауласында жиналғанын көреміз.
Өзін Әулиеатадағы аталған оқу орны ректорының кеңесшісімін деп таныстырған Гүлнәйра Амалбекова Ержанқызы еден жуушыларға бүгін бұйрықты шығаруға дайын екенін айтып қалды.
«Қосымша ақыларыңыз бүгін жіберледі. Енді жұмысшыларға арналған қосымша ақы бүгін ертең есептеліп жатыр. Өйткені, қосымша ақы бір күнтізбе жылына есептеледі. Сондықтан қаңтар бойы есептелініп, бір-екі күнде сіздердің де бұйрықтарыңыз дайын болады», - дейді ректор кеңесшісі.
Журналисттің Facebook-тағы эфирінен жергілікті атқамінерлер мен құзырлы мекемелердің өкілдерін де байқуға болады. Ректор кеңесшісінің қысқа қайыруына көнбеген жұмысшылар, өздерінің мәселелеріне жеке-жеке тоқталып өтті.
«Сәлеметсіздер ме! Бүгінгі келіп отқан мәселеміз, сіздердің сөздеріңізді тыңдап отырмыз. «Бір жылға қосымша қаражат қосылады» деген. Бірақ, президенттің жолдауы бойынша 2022 жылдың 1 қыркүйектегі жолдауымен, бізге қыркүйек айында қосылды. Енді, міне қазан, қараша, желтоқсан Талғат Илясұлы төрт айды төледі де, қаңтарда оны ешкімге айтпай, түсіндірмей айлығымызды алдық. Оның біреуінде қаңтардың, оның біреуінде жартысы жетпейді. Жұмысшылардың біреуінде оң мың, жиырма екі мың оған да бір негіз болу керек қой», - деп қызметкерлерден бірінші болып сөз алды, өзін жатақхана комендантымын деп таныстырған Бұланбаева Фарида.», - деп қызметкерлерден бірінші болып сөз алды, өзін жатақхана комендантымын деп таныстырған Бұланбаева Фарида.
Жұмысшылар бір-бірлерінің сөзін қоштап, оқу орнының бұрынғы басшылығында мұндай жағдайдың болмағандығын да айтып қалды. Білім ордасындағы еңбекке қатысты дауды ұзағынан жіпке тізген Сара Жанқожаева Хамзақызы осы уақытқа дейін басшылықтың «сабыр ет» деп айтатындарын жеткізеді.
«Осы 2023 жылы 20% қосылу керек болатын. 2025 жылға дейін ол екі еселену керек болатын. Солай жасайды. Бәріміздің көзіміз ашық қой. Мүмкін сіздер бізді «тех.қызметкерлер түк білмейді» деп жатқан шығарсыздар. Олай емес. Барлығында интернет бар. Бала-шағалары бар. Соның барлығын нұқып көрсетіп отыр. Ана жақа барамыз десек «сіз айтасыз сабыр ет» деп. Сабыржан Алтынбайұлы айтады «сабыр ет» деп. Ахмет Нурсайұлы «сабыр ет» дейді. Қараңыздаршы бізде ешқайда сыймайды», - дейді ол.
Әріптестері де Сара Хамзақызының сөзін қолдап, әр жерден «күйіп жатқан қара халық, айта беріңіз» деп үн қатты.
«Еден жуушылардың біреуі ауырып қалса, бір ай ауырады. Оның орнына басқамыз еден жуамыз. Кімнің кезінде Бейсенқұловтың кезінде, ол бүйтіп айтты «егер бос орын болмаса, саған төленбейді» деп. Онда да осылай ереуілге шыққанбыз», - деп қоса кетті.
Микрофон алдына өзге АХЧ бөлімінің жұмысшысы Тәттібек Ахметов табан астында айлықтарын қиып тастайтындарын да айтып қалды.
«Жарты айлығым жоқ қой. Бәрі қорқып отыр айтуға. Жұмыстан шығарып жіберіп, ертең бәле болады дейді. «Айтқан адамның аузы жаман, жылаған адамның көзі жаман» деп. Бұл болмаған нәрсе ғой негізі. Жетпіс алты мың алу деген, масқара ғой», - дейді ер адам.
Жұмысшылардың жан айқайы еңбек дауымен де шектелген жоқ. Универдегі техперсоналдардан басқалары мұғалімдер мен басшылар бізді «сауатсыз» деп қабылдайды дейді.
«Мына жерде еден жуушылар біреудің орнын жуады. Ақшасын бермейді. Одан кейін бізге қалай болса, солай қарайды. Мұғалімдер болсын. Мұғалімдер осы бастық жоғары жақта тұратын адамдар, бізді сауатсыз деп қабылдайды. Біз болмасақ, бұлардың отырған жері не болады?
Қолғапты сатып аламыз. Қолғабы үш күн тұрмайды. Айырылып кетеді. Өзіміз 250 теңгеден 50 қолғап аламыз. Сенбесеңіз, келіп көріңіз. Өзім сатып алған қолғабым. Бұлардың берген қолғабын үш күн киеміз болды. Мысалы 0,5-ті төлесін. Баяғыда төлейтін. Баяғыда алатынбыз. Берген жуу ұнтақтары көпірмейді. Хлоркаларының иісі де шықпайды», - дейді ашынған Сара Хамзақызы.
Өзге де жұмысшылар бірінен соң бірі сөз алып, жергілікті билік өкілдеріне сөз қалдырмауда. Президенттің айтуы басқа, жамбылдағы жағдайдың басқаша екендігін еден жуушы Шолпан Мырзатаева Басыбайқызы да атап өтті.
«Біздің айлығымыз аз 88 мың ғана аламыз. Кеше 11 мың теңгемізді ұстап қалған. 20-25 мыңнан ұстап қалған. Қасым-Жомарт Тоқаев президентіміз «бізге қосылсын» деп, айлықтарымыз «120 мың болсын» деп жатыр. Неге қосылмайды бізге? «Қаңтар мен қыркүйек айында қосылады» деген. Бізге ешқандай да қосылған жоқ. Айлығымыз аз. Елдер мысалы еңбек демалысына шығады, олардың орнын жуамыз. Тегін жуамыз. 650 квадрат метр, біз одан артық жуамыз. Жаздың күні краска істеп, далаға шығамыз. Мейлі, оны істеп жатырмыз онсыз да. Бірақ та Тоқаевтың «қосамын» деген ақшасын қосыңыз. Бізідң ақшамыз өте аз. Барлық жерге қосылған. Бізде керісінше ұстап қалған. Басқа ештеңе айтпаймыз», - дейді еден жуушы.
Дулати атындағы өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов Қазбекұлы наразы топтың ортасындағы қызметкерлерінен бұйрық туралы сұрап қалды.
«Өйткені, мына жаңа жылдан бастап, қайтадан есептеу жасап жатырмыз. Соған кеше бұйрықты біткем. Жұмысшылардыкын бүгін жасап жатырмыз. Ертең олардыкы да кетеді. Ешкім ешкімнің ақшасын алып қояйын деп тұрған жоқ. Мен өз ойым, тек осы университеттегі адамдардың жалақысын көтерудің жолдарын ойластыру. Бухгалтерия кеше есептеп үлгермеді. Олар күні-түні жұмыс істеп жатыр. Мұнда ешқандай қобалжитындай нәрсе жоқ», - дейді ректор мырза.
Көпшіліктің ортасынан қайтадан Сара Хамзақызы сөз алып, ректормен жолыға алмайтындарын, айлықты үнемі кешіктіріп беретіндерін айтып берді.
«Осы жерде 2007 жылдан бері жұмыс істеймін. Біздің айлық ешқашан кешікпейтін. Айлық кешігеді, айлықты 30-на бересіздер. Елдің 23-25 күндерінде төлейтін несиелері бар. Ылғи алатын 25-і күніндегі айлығымызды неге ала алмаймыз? Одан кейін 0,5-пен өмірбойы жұмыс істеп келе жатқан адамға 0,5 төленетін. Бір адам үш күнге кетсе де оған 0,5 жазып беретін. Екі адамға 0,5 толық төленетін. Қазір 0,5-те төленбейді. Еңбек демалысы мен денсаулығына байланысты алатын демалыс шығатын адамдардың да орнын жуамыз. Бірақ олардың ақысы төленбейді. Не үшін төленбейді? Бізге тиісті ақша қайда кетіп жатыр деген сұрақ», - бар дейді ол.
Еден жуушылардан өзге АХЧ бөлімінің жұмысшысы Тәттібек Ахметов айлықтарының табан астында 50%-ға қысқарғандығын да атап өтті.
«Осыған дейін 140 мың айлық алатынбыз. Табан астында 76 мың айлық болды. 50% жоқ. 140 мың алатынмын, кеше 76 мың алдым. Мынаның бәрі айтқысы келеді бірақ, қорқады. «Ертең қудалап, жұмыстан шығарып жібереді» деп. Қорқыныш бар адамдарда. Айтпағанда не істейміз, өлеміз ба енді? 76 мыңмен қалай өмір сүреміз? Үйде жұмыс істейтін мен бір ғана адаммын. Әйелімнің денсаулығы жоқ. Ол жұмыс істемейді. Ол біреудің емес, менің мәселем ғой. Бірақ 76 мың деген, мен үшін өте қиын. Сол үшін осында шықтым. Бұрын мұндай болған емес. Бұның алдындағы кісі де ректор болды ғой. Бұндай нәрселер болған емес. Табан астында түсінбедім. Ешнәрсе де түсіндірілген жоқ», - дейді қарапайым жұмысшы.
Әңгіме бұнымен біткен жоқ. Әулиеатадағы басшылар наразы жұмысшыларға басқалардың қосылуынан қорықты ма, әлде күн суық деді ме бәрі оқу орнындағы лекциялық залда жиналды. Желідегі тікелей эфирден жергілікті атқамінерлердің де саны артқандығын көруге болады. Жамбыл облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, еңбек испекциясы, прокуратура облыс әкімінің кеңесшісі де жүр.
Дулати атындағы өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов Қазбекұлы айлықты көтерудің жолын үнемдеу арқылы қарастыратындығын атап өтті.
«Жалақыны көтерудің бір жолы, автотранспорттарды азайтып жатырмыз. Егер керек болса, бірінші басшыға да керек жоқ. Мен де сағат алтыдан кейін, сенбі және жексенбі күндері өзім де таксимен жүремін. Кейде университетке жаяу келіп кетемін. Оны көрген шығарсыздар. Күзетшілер көрген. Сөйтіп-сөйтіп үнемдеп, жалақыны көтермесек, профессордың да, қызметкерлердің де жалақысын көтере алмаймыз. Ал енді жаңағы 0,5 денсаулық демалысына кетіп қалған қыздың орнына жұмыс істеген адамдыкы төленуі керек. Маған ондай жеткен жоқ. Бухгалтерия айтып отыр қазір, жұмысшылардың жалақысын бітіретін шығар», - деп Мұхтар Қазбекұлы сөзін аяқтады.
Айлығын сұрап келген кей қызметкер қысқартуға ілініп, жұмысынан айырылып қалуы мүмкін. Себебі ректор бұдан басқа амал жоқ деп отыр. Бұл мәселені Qaz365.kz редакциясы алдағы уақытты жіті назарында ұстайды.