×

Алматыда Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығы атап өтілді

Ол өзінің болмыс-бітімімен, өмірлік ұстанымымен және ақыл-парасатымен қазақ генералының нағыз үлгісіне айналды

Алматыда Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығы атап өтілді
Фото: Аида Бектурова

Осыдан тұп-тура 100 жыл бұрын Кеңес Одағының батыры, Қазақстанның халық қаһарманы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов дүниеге келген. Бүгін осыған орай Алматы қаласы мен туған жері Ақмола облысында батырдың мерейтойы атап өтілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Алматы қаласында Сағадат Нұрмағамбетов тұрған үйдегі мемориалдық тақтаға гүл шоқтары қойылды. 

«Сағадат Нұрмағамбетов – батылдықтың, Отанға қалтқысыз қызмет етудің және ерліктің үлгісі. Бұл кісінің еңбегі орасан. Осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын жасақтаған Қарулы Күштеріміздің тарихы алға басып келеді. Осы жердегі генералдар мен офицерлер сол кісінің қол астында әскери борышын атқарып, әскери білімін арттырды. Сағадат Нұрмағамбетов жастарға өзінің ақылын айтып, подполковник, полковниктерге, әскерилерге елге қалай қызмет ету керектігін үйретті. Біз ол кезде жас едік, ағаның үйреткендері әлі күнге дейін біздің санамызда. Бүгінде осы білгендерімізді жастарға үйретіп келе жатқан жайымыз бар», - дейді бұрынғы Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов.

Сағадат Нұрмағамбетов 1924 жылы 25 мамырда Ақмола облысы Ақкөл ауданы Еңбек ауылында дүниеге келген. Ол 1942 жылы әскер қатарына шақырылған. Беларусь, Солтүстік Кавказ, Украина, Молдова, Польша, Германия майдандарында соғысты. Пулемет взводын, ротаны, атқыштар батальонын басқарды. Гитлер канцеляриясын шабуылдауға қатысты.
 
1991 жылғы қазанда ҚР Президентінің жарлығымен Сағадат Нұрмағамбетов Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы, ал 1992 жылғы мамырда Қазақстан Республикасының алғашқы Қорғаныс министрі болып тағайындалды.
 
1994 жылы Президенттің жарлығымен оған «Алтын Жұлдыз» табыс етіліп, «Халық Қаһарманы» атағы берілген. КСРО, Ресей, Украина, басқа да мемлекеттердің ордендерімен марапатталып, Кеңес Одағының Батыры атағын алған.

Сондай-ақ бүгін Ақмола облысына қарасты Ақкөл қаласында ескерткіш орнатылды. Оған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысты. Жоғары палата  төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Сондай-ақ ол Сағадат Нұрмағамбетовтің өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі екенін және батырдың есімі ел тарихына мәңгіге жазылғанын атап өтті.

«Қазақстанның алғашқы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов бүкіл саналы ғұмырын әскери қызмет саласына арнады. Мемлекетіміздің тұңғыш қорғаныс министрі ретінде айбынды армиямызды құруға және оны нығайтуға зор үлес қосты. Ол өзінің болмыс-бітімімен, өмірлік ұстанымымен және ақыл-парасатымен қазақ генералының нағыз үлгісіне айналды. Батырдың ескерткіші – халықтың қаһарман ұлына ыстық ықыласының, Отанға қорғауға өмірін арнаған барша азаматқа шынайы құрметінің белгісі. Сағадат Нұрмағамбетовтің «Бейбіт күнді қырағы күзетіңдер!» деген сөзі бар. Бұл – тек сарбаздарға емес, әр отандасымызға жүктелген аманат. Оны орындау – бәріміздің перзенттік парызымыз», - деп жазылған ел Президентінің құттықтау хатында.

Батырдың қызы Айсұлу Нұрмағамбетова әкесі бүкіл ғұмырын Отанға қызмет етуге арнағанын айтып, естеліктерімен бөлісті. Сонымен бірге ол игілікті іске ұйытқы болған азаматтарға және ескерткіштің авторы Айдос Бүркітбаевқа алғысын білдірді.

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Қызметтен кеткен Даниал Ахметовтың резиденциясы сатылатын болды
Бүгін, 11:34

Қызметтен кеткен Даниал Ахметовтың резиденциясы сатылатын болды

Видеодан зәулім үйдің іші қандай екенін көруге болады
Негізінде, ғибадатта ниет ету – өте маңызды

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →