×

«Жүрегімнің қалауы»: Әншілікке бет бұрған ІТ инженері туралы әңгіме

Ғылым мен инженерлік саланы тастап, жүрегінің қалауымен өнер жолына түскен жан

«Жүрегімнің қалауы»: Әншілікке бет бұрған ІТ инженері туралы әңгіме
Фото: Марат Амиров

Әділ Жармұхамбетовті еліміздегі болашағынан зор үміт күттіретін алдыңғы қатарлы зияткер жастардың қатарына жатқызуға болады. Ол керемет білім алып, Қазақстанның аграрлық секторын дамыту үшін ІТ-стартапты іске асыру арқылы тамаша нәтижелерге қол жеткізді. Бірақ Әділ бір-ақ сәтте ғылым мен инженерлік саланы тастап, жүрегінің қалауымен өнер жолына түсті. Qaz365.kz тілшісі талантты жігіттің алға қойған мақсаттары мен шығармашылық жоспары туралы сұхбаттасқан еді.

– Әуелгі әңгіме өзің туралы болса... 

– Аты-жөнім - Әділ Жармұхамбетов, 31 жастамын. Семейде дүниеге келдім. Сол қалада мектеп бітіріп, кейін Назарбаев Университетінің «Химиялық инженерия» мамандығы бойынша оқуға түстім. Оны бітірген соң «Болашақ» бағдарламасы арқылы University College London оқу орнының «Биохимиялық бағдарламалауға бейімділігі бар химиялық процестер инженериясы» мамандығы бойынша оқыдым. Айта кетейін, бұл – QS рейтингі бойынша әлемдегі тоғызыншы жоғары оқу орны. Мен осы университетті үздік бітіріп, Қазақстанға оралдым. Бастапқыда бірнеше жыл бойы квазимемлекеттік салада жұмыс істедім. Ол ауыл шаруашылығы саласындағы ғылыми әзірлемелермен және жобалармен айналысатын Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы еді. Дәл сол жерде менің экономика негіздері, Қазақстанның аграрлық секторы туралы алғашқы түсінігім қалыптасты деуге болады. Мен қатарларына қосылған кезде орталық ғылыми жобалармен айналысып жатқан, мен де ауыл шаруашылығы және су шаруашылығы саласындағы жобалармен танысып, іске кірісіп кеттім. Олардың жұмыстарын қадағалап, басшылық еттім. Азия Даму Банкпен бірлесе жұмыс істедік. Аз уақытта экономикалық секторды танып-білуге мүмкіндігім болды. 
Осыдан соң технологиялық білім беру саласында үлкен мүмкіндіктер бар екенін түсініп, ІТ инженериясын барынша тез зерттей бастадым. Негізі бұл сала бойынша бұған дейін де пайым-түсінігім болған. Өйткені Англияда жазған диссертациямның  тақырыбы осы салаға қатысты еді. Мен сол тәжірибемді пайдалана отырып кәсіби біліктілігімді жәй ғана химиялық инженерия саласынан бағдарламалық қамту инженері болуға өзгертуге ден қойдым. «Жолы болар жігіттің жеңгесі алдынан шығар» демекші, мені Назарбаев Университетіндегі досым Жандос Керімқұловпен таныстырды. Ол кісімен бірге жұмыс істеу барысында мен ІТ стартаптарының не екенін сезіне бастадым. Жарты жылдың ішінде бағдарламалық клаудты зерттеп, соның арқасында  еліміздегі ауыл шаруашылығы саласында қандай проблемалар бар екенін жете түсіндім. Оңтайландыру және цифрлық шешімдер саласында жақсартуға болатын көптеген жайттар бар екенін ұғындым. Бұдан шығу жолын қарастырдым. Ал 2021 жылы аграрлық технологиялық стартаппен айналыса бастадым. Осы мақсатта бір ай бойы Жандос Керімқұловпен бірге жұмыс істеп, оның командасына кірдім. Бірақ мен стартаптың мені қызықтыратын бағытта емес екенін ұқтым. Мен олардың стартапынан шығып, «Агроген.kz» деп аталатын басқа стартапты бастадым.
Бұл стартапты Диас екеуміз бірге бастадық, ол да менің шақыруым бойынша командадан шыққан болатын, сөйтіп, екеуміз алғашқы химиялық бағдарламалық сипаттамаларды жасай бастадық. Кейін біз қатарымызға досымыз, Назарбаев Университетінің доктор-зерттеушісі Әділет Өтемісовті тарттық және ол командамыздағы бағдарламалық басқару үшін жауапты болды. Жалпы, білімі бойынша ол математик, Оксфордта докторантураны бітіріп, Назарбаев Университетінде бір жыл жұмыс істеді.
Шамамен алты айдың ішінде біз өнімді толық дайындап шықтық. Өнім екі модульден тұрды: біріншісі – спутниктік жер мониторингі модулі, екіншісі – метеорологиялық процестерді модельдеу. Біздің қолымызда алдын ала жинақтаған фермерлердің тәжірибелері мен жауаптарының талдаулары бар еді. Соның көмегімен біз  фермерлердің қандай өнімді қолдануы керек екенін айқын түсіндік. Яғни, тек қиялдап отырмай, өзекті мәселелер бойынша нақты пайдалы іс атқару керек болды. Сол себепті біз алдын ала БҚО, Қызылорда облыстарының көптеген фермерімен телефон арқылы тілдестік. Мен өзім Қызылорда және Түркістан облыстарын аяқтай аралап шықтым. Оның сыртында, тікелей және телефон арқылы сөйлестік. Сөйтіп, біздің өнімдердің сұранысқа ие екеніне көзіміз жетті. Біздің жобамыз фермерлерге өте қажет еді.

– Өз жобаңды сатқаныңа өкінбейсің бе?

– Стартап жасаушы ретінде мен өнімді сату қиын болатынын түсіндім. Өйткені фермерлерде, әсіресе орта және шағын қожалық иелерінде мұндай қаражат жоқ. Бұл - бір. Екіншіден - олар мұндай технологиялармен жұмыс істеуге дайын емес. Соған қарамастан, 2023 жылы «Агрострим» ЖШС компаниясы бізбен байланысқа шықты. Бұл – қазақстандық ауыл шаруашылығы саласындағы көшбасшы агродиллер. Олардың ірі клиенттері бар, ішіндегі ең беделдісі – Қазақстандағы екінші холдинг «Атамекен Агро». Жалпы, 700 мыңнан астам егістік жер бар, сондықтан мен Қазақстан бойынша фермерлерді аралап, оқытудың орнына фермерлермен тікелей байланыс жасап тұрған, ресурстары, филиалдары бар, оқытуды жүргізе алатын, клиенттері дайын және шаруалардың сеніміне ие компанияға біздің технологиямызды сатып жіберудің дұрыс шешім екенін түсіндім. Әрине, бұл шешімді қабылдау оңай болған жоқ. Бірақ біздің стартаптың миссиясы – фермерлерге олардың процестерін оңтайландыруға көмектесу ғой. Басында біз әлемдік деңгейге шығуды ойлағанбыз. Ресейге, Өзбекстанға, Украинаға, Қырғызстанға шығу жоспарымыз болды. Бірақ дәл сол сәтте біз өз миссиямызды өз елімізде орындай алатынымызды және мыңдаған фермерлерге көмектесе алатынымызды түсіндік. Ол кезде «Атамекен Агроның» клиенттерінің арасында миллион гектар жері бар фермерлер болды. Компаниямыздың саудасы сәтті өтті. Жобаны «Агрострим» компаниясының «Агроген» ЖШС-не әділ бағамен 35 миллион теңгеге саттым. Түскен қаржыны команда мүшелері арасында бөлдік. Сатқан кезде командамызда 14 адам, соның ішінде 5 инженер болды. 
Осы шаруадан соң, яғни 2023 жылдың соңында мен жүрегім қалаған іспен айналысуым керегін айқын сезіндім.

– Мамандығың – химия саласының инженері. Бұл саланы өзің таңдадың ба әлде біреу жол сілтеді ме?

– Мектеп кезінде пәндік олимпиадаларға қатысып жүріп, осы бағытта қабілетімнің бар екенін түсіндім. Назарбаев Университетіне оқуға түскен сәтімде, бұл оқудың мен үшін пайдасы зор екенін білдім. Маған біздің елімізде тек мұнайшылар ғана бай болатынын айтқандар болды. Бұл сөз менің жадымда жатталып қалды. Сол себепті оқуды аяқтаған соң, Теңіз кен орнындағы «Шевройл» компаниясына бардым. Әңгімелесудің барлық сатысынан өткен соң, маған компаниядан қоңырау шалып, ұсыныс жасады. Зияткерлік тестілеуден де, ауызша және психологиялық тестілеуден де өттім. Тіпті Атырауға әңгімелесуге арнайы барып, шетелдіктер мен қазақстандықтардың тарапынан қойылған технологиялық, моральдық-этикалық және қауіпсіздік туралы түрлі сұрақтарға жауап бердім. Бірақ мен жүрегімнің түбіндегі арманыма адалдық танытып, басқа жолды таңдадым. Алдыма қойған мақсаттарым болды. Менің қалауым – өнер жолы. Мектепте мәдени-бұқаралық іс-шараларға белсенді қатысып, өзімді шығармашылық адамы, суретші, актер ретінде көрсете білдім. Бірақ ол кезде мен бұл саланың қаржылық пайдасы бар екенін білген жоқпын, бұл туралы ешкім ештеңе айтқан емес, бірақ бұл әрқашан менің ойымда болатын. Менің прагматикалық жоспарым жоқ, жай ғана командамызбен үлкен жетістікке жете алатынымызға сенемін.

– Музыканың қай жанрын таңдадың?

– Біздің бастапқы мақсатымыз – поп-рок жанры. Маған осы ұнайды және қолымнан келеді. Мен эстрадаға барамын, бізге аудитория керек. Шығармашылық жобаның технологиялық бөлігін де түсінемін. Егер әніміз жүректен жүрекке жетпесе, тыңдаушылардың сеніміне ие бола алмасақ, онда біз ақша таба алмаймыз. Мен поп-рокпен саналы түрде айналысып, жетістікке жетемін.

– Қазақстанда бұл жанрдың дамуы қалай? Қазіргі таңда Ирина Қайратовнаның танымалдығы жоғары.

– Ирина Кайратовнаның бағыты – рэп. Ал рэп маған ұнамайды. Мен Қазақстандағы қазіргі музыка шынымен де күшті деп ойламаймын. Рухты көтеретін қандай музыка керек екенін білемін. Біздің міндетіміз – тіпті поп-рок жанрын емес, рухты көтеру. Рухты көтерген соңғы топ «Орда» шығар. Ал «91» тобы – хип-хоп. Ол бір-ақ сәтте рухты көтеруі мүмкін, алайда бұл уақытша нәрсе. Бізде рок музыкамен танылған «Үркер» тобы болды. Бекболат Тілеухандікі – этно-рок. Қазір мен роктың жанр ретінде 1999-2000 жылдары жойылып кеткенін көріп отырмын. Тіпті 20-30-40 жастағылар да қазақстандық лирикалық әуенді жақсы көреді. Сонымен қатар YouTube-те рэп дегеніңіз жетіп-артылады.

– Музыкалық білімің бар ма? Бір жерде оқып па едің?

– Музыка, өнер саласы бойынша ешқандай білімім жоқ. Менде тек өнерге құштар жүрек қана бар.

– Отбасыңда біреу ән айтатын ба еді? 

– Нағашы әжемнің дауысы өте жақсы болды, керемет ән айтатын, бірақ өнерге бармады. Дәрігер болуды таңдады. Менің бойымда нағашыларым жағынан дарыған қабілет болуы мүмкін.

– Өзіңе демеуші іздеп жүргеніңді айтқан едің. Сонда музыкалық стартапты бастауға дайынсың ба?

– Қазірдің өзінде өз қаражатыммен, ынта-жігеріммен команда құрып жатырмын. Ирина Кайратовнамен жұмыс істеген, соларды жарнамалаған адамдармен сөйлестім. Мен прагматикпін, олардың бағасын жақсы білемін. Бірақ біреуге масыл болғым келмейді. Демеуші өз қаржысын жас жігіттерге тектен-тек бермейді. Оның да көздеген өз пайдасы бар. Сондықтан біз өнерді таңдадық және оған адал болып қаламыз.

– Музыканттарға арналған гранттық бағдарламаларға қатысып, қаржылық қолдау немесе демеушілік көмек алғың келмей ме?

– Мен гранттарға өте байсалды қараймын. Қолдамаймын да, қарсылығым да жоқ. Гранттар жас мамандарға қажет. Бірақ менде де бір нәрсе бар. Десе де, бәрі мүмкін. Бастаушы музыканттар ретінде біз де өтінім бере аламыз.

– Музыкалық білімің жоқ, дауысың қойылмаған. Тыңдаушыға не қажет екенін қалай түсінесің?

– Мен 24 концерт өткіздім. Иә, мен инженермін, стартап жасадым. Жобаңның қаншалықты сәтті шығатынын және сұранысқа ие болатынын түсіну үшін алдымен «Агроген» сияқты MVP жасау керек. Әрине, бастапқыда қателіктер болды, алғашқы идеямыз да сәтті шыға қоймады. Соған қарамастан, фермерлермен әңгімеміз нәтижелі болды. Егер қызметіңізге шынымен мұқтаж болмаса, адам сізге ешқашан ақша бермейді. Менің білімім жоқ, тәжірибем де көп емес. Бірақ, егер саябаққа барып, ән айта бастасам, адамдар тоқтап, менімен бірге ән салады, сонымен қатар ақша тастайды. MVP дегеніміз осы. Менің дауысым, харизмам, көркемдік шеберлігім адамдарға қандай да бір қуат сыйлауы мүмкін. Астанада күн жылынғалы бері, 1 мамырдан бастап күн сайын көшеде ән айтамын. Егер мені тыңдағыңыз келсе, күн сайын кешкі сағат 7-ден 11-ге дейін Ботаникалық бақтың Түркістан көшесіне шығатын Орталық кіреберісі жағынан келіңіз. Әдетте сағат 8-дерде мен ән айтып тұрамын.

– Жүргіншілердің әсері қандай?

– Мен әнді микрофонсыз, дауыс күшейткішсіз айтамын. Ең бастысы, мен  әсерін сезінемін. Егер күніне бір адамның көңілі сергіп, көтеріліп қалса, қол шапалақтап, алғысын айтса, тіпті 5 теңге берсе де, маған сол да жетеді. Бір сөзбен айтқанда, қолымнан келетінін білсем болғаны. Егер адамдар тоқтамай өтіп кетсе, маған бұрылып та қарамаса, бұл мен үшін әнші еместігімнің, музыкамды ұнатпағанының бірден-бір белгісі. Бірақ мен күн сайын бір адамнан болса да алғыс аламын, мың теңге болса да, өнеріме ақша төлейді. Яғни менің өнерімнің, музыкамның біреулерге қажет екендігін түсінемін. Сондықтан мен адамдарға не қажет екенін түсініп, сол бағытта жұмыс істеуді күшейте түсуім керек.

– Егер бұған шынайы және таза азаматтық көзқараспен қарасақ, онда музыкалық мансапқа қарағанда сенің инженерлік мамандығың елге көбірек пайда әкелер еді. Жалпы, елге шоу-бизнестің жаңа өкілдері емес, мықты менеджерлер қажет.

– Мен қазір жүрегімді тыңдап, музыкант болуым керек. Өмірдің әр кезеңінде өзіңнің сүйікті ісіңмен айналысқан абзал.
Менің міндетім – халықтың рухын көтеру. Бәлкім, бұл қазір біреулерге күлкілі және біртүрлі болып көрінуі мүмкін. Бірақ мен бұл рухты музыка арқылы бере алатыныма сенімдімін. Біз қазір барлық қиындық технологиялық тұрғыда, қаржылық, экономикалық мәселелерге тіреліп тұр деп ойлаймыз. Біз Бишімбаевтың жағдайын, су тасқынына куә болып отырмыз. Бар мәселе сол жерде сияқты көрінеді. Бірақ мәселе мұнда емес. Қажетті қаржы бөліп, жәрдемақы берсек, әйелдердің құқықтарын жақсартатын заң қабылдасақ, мәселе шешіле қалатындай, ғажайып Қазақстан орнай қалатындай көреміз. Бірақ мен мәселенің ол жерде емес екенін көріп тұрмын. Сондықтан менің жүрегім өнер жолына жетелейді. Тіпті еліміздің қазіргі саяси бағытының дұрыс емес екенін айта аламын. Көзге айқын көрінбесе де, мен оны сеземін. Соңғы екі жылда біз мүлдем теріс бағытқа кетіп барамыз. Бұл – рухтың әлсіреуі. Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрімізді құрметтей отырып, қуатты рух жолына түсуіміз керек. Бұл жай ғана жайылып жатқан иен дала емес. Бұл – мыңдаған ғасырлар бойғы үлкен тарихы бар көшпенділер елі. Ал біз оны жойып жібергіміз келеді. Рухани жолдың не екенін білмейтіндер бір мезгіл геосаяси картаға көз салып, көршілеріміздің кім екенін қарап қойсын. Барлық елдің өз жерінде орналасуы жайдан-жай емес.

– Мақсатқа жету жолында сені қолдайтындар бар ма?

– Мен қазірдің өзінде команда құрдым. Команда құрудың маманымын ғой. Сондықтан менде бұған байланысты ішкі сенімсіздік жоқ. Жалғыз-ақ мәселе – біздің бұл нәтижені қаншалықты тез жасайтынымызда. Бұл менің энергияма байланысты. Ән мәтіндеріне қатысты ешқандай қиындық жоқ.

– Әнді қай тілде айтасың?

– Орысша айтамын. Біздің міндетіміз – мағынаны жеткізу. Мен баяғыдан осы елде тұрып келемін және қандай да бір қиындық туындайды деп ойламаймын. Менің прагматикалық миым бар. Бізге орыс әлемі керек, ТМД керек. Біз не десек те, мұның бәрі бір үлкен кеңістік. Мен әндерім тек қазақстандықтардың ғана емес, басқалардың да жүрегіне жеткенін қалаймын.

– Демеуші тартуға қандай талаптарың бар?

– Мен ІТ жобаларын жақсы жасайтынымды дәлелдеп қойғанмын. Егер демеуші жақсы бизнес серіктес болса, онда мен оған өз адамдарыммен сенімді түрде көмектесе аламын. Мен Назарбаев университетінің Түлектер одағының тұңғыш құрушысымын. Менде студенттер мен түлектерді қамтитын ең үлкен желі бар. Бұл осы университеттің ең ақылды жастарының үлкен ресурсы. Мен олармен қалай сөйлесу керектігін, қандай міндеттер қою керектігін жақсы білемін. Мен ел мен жерді аралап, қыдырып, керемет концерт қоятын Ирина Кайратовна емеспін.

– Алдағы шығармашылық жоспарың қандай?

– Бірінші қыркүйекте алғашқы альбомды шығармақпыз. Бірінші маусымда музыка жазу үшін Алматыға жол жүремін. Асықпай бар уақытымды өнерлі жігіттермен кездесіп, әңгімелесуге, оларды түсінуге арнаймын. Кейбіреулерінің өмір сүру салты өзгеше болса да, мен оларға оң көзқарас танытамын. Мен олардың жоғарыдан келетін энергиямен қуаттанатынын түсінемін. Оларға ақыл айтып, тәрбиелегім келмейді, жай ғана дос болғым келеді. Кездесуге барып, мені жақсы түсінетін командаммен танысамын. Міндетіміз – өз музыкасы арқылы халықтың рухын көтеру. Қазір бізде бес адам жұмыс істейді: маркетинг, бейнережиссер, жоба режиссері және PR маманы. Бұлар – менің достарым, әзірге олар өз жұмыстармен айналысып жатыр. Егер олар жұмыстарын тастамаса, онда Алматыдан басқа балаларды іздеймін.

– Әңгімеңе рахмет!

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →