×

KAZ Minerals – маман біліктілігін арттыратын жұмыс орны

Бағдарлама аясында 643 азамат қатысып, 470 жаңа маман тұрақты жұмысқа ауысқан

KAZ Minerals – маман біліктілігін арттыратын жұмыс орны

О баста мектеп қабырғасында болашаққа бағыттап таңдаған мамандығының иесі болған адамның уақыт өте келе ақылы толысқан шақта басқа саланы таңдауы бекерден тумайды. Атүсті асығыс шешім емес, ойлана келе “бұл кәсіпті де игерсем қайтеді?” деген сұрақ көкейде қылаң береді. Өйткені, “заманың түлкі болса, тазы боп шал” деген қазақы түсініктен бұрын, бүгінгі уақыт тынысы басқаша сипат алып бара жатқандықтан, өз сенім-қабілетін, мүмкіндігін бағалай білетін жан өзіне қолайлы әрі ұнамды жұмыс орнын іздейді. Осы орайда Qaz365.kz тілшісі KAZ Minerals Aktogay жұмыс орнында болғанда болашағын осы кәсіпорынмен байланыстырған мамандармен тілдесіп қайтқан еді.

Осы орайда, KAZ Minerals компаниясының бір филиалы KAZ Minerals Aktogay филиалында арнайы “Тағылымдама” бағдарламасы бойынша тәжірибе жинақтап жүрген жастармен тілдесудің сәті түсті. 2018 жылдан бастап қолданысқа енген аталған бағдарлама аясында 643 азамат қатысып, 470 жаңа маман тұрақты жұмысқа ауысыпты. Биыл тағы да 113 адамды осы бағдарлама бойынша қабылдау жоспарда бар.
Өндіріс орнының тіршілігімен танысу барысында іштей қуантарлығы қазақ мамандарының алдымыздан шығып, атқарып жатқан жұмысын түсінікті әрі қызықты жеткізіп бергені болды.

Алып компанияның кен өндіру жұмыстары ауыр жүк көліктерімен тасымалдаумен жүзеге асатындықтан, біз үшін бұл техникаларды жөндеуден өткізетін зауыт бөлігінде болғанда бірқатар қызықты жайлардың куәсі болдық.

Жүк көліктерін жөндеу, қайта құрастыру кәсіпорнының жабдықтың сенімділігі бойынша аға инженері Назерке Сағындықтың айтуынша, мұнда негізінен техникалардың істен шығып қалуының алдын алу ұдай бақылауда болады. Яғни, жүк көліктерінің кен тасымалы 27-30 мың сағатқа жеткенде жұмысын уақытша тоқтатып, күрделі жөндеуге әкелінеді.

“Менің бұл компанияға келгеніме екі жылдың шамасы болды. Назарбаев университетінің түлегімін. Мамандығым –механикалық және аэроғарыштық инженер. Бұл жерге келгенге дейін құрылыс саласында жұмыс атқардым. Одан кейін «тағылымгер» бағдарламасы бойынша, KAZ Minerals Aktogay компаниясына келіп, қабылдандым. Бұл жердегі жұмыс мен үшін қызықты әрі мамандығым да сәйкес келгеніне қуаныштымын”, – дейді Назерке Жанатқызы.

Осы компанияның жергілікті тұрғындармен өзара әрекет жөніндегі менеджері Динара Тұрсынқызының айтуынша, алып кәсіпорын Ақтоғай кентінің тұрғындарын, жастарын жұмысқа тартып, олардың осы кен орнынан өз саласының маманы болуға барынша жағдай жасалған.

“Бұл тұрғыда компания тарапынан белсенді жұмыстар атқарылып жатыр. Әсіресе, жергілікті тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, қайта мамандандыру жайына да жеткілікті көңіл бөлініп отыр. Қазіргі уақытта газэлектрдәнекерлеуші, құрал-жабдықтарды жөндеу слесарі сияқты зауыт пен фабрикаға қажет мамандарды оқыту, біліктілігін арттыру ұдайы назарымызда. Қайта даярлау бағдарламасы бойынша Семей электротехникалық колледжінде оқып келген Ақтоғай және Қопа ауылының тұрғындары қатысқан болатын. Қазір бес адам қайта даярлаудан өтіп, KAZ Minerals Aktogay компаниясына жұмысқа орналасты. Ал 9 адам осы негізде білімін толықтыруда”, – дейді Д. Шангереева.

Тағы бір айтар жайт, компания жергілікті халықты әлеуметтік қолдауға көп көңіл бөледі. Айталық, компания көмегімен Аягөз қаласында  политехникалық колледжінің студенттеріне арналған жатақхана салынды,  Ақтоғайда орналасқан өрт сөндіру депосы жөнделген.

“Ақтоғай және Қопа ауылдарының арасындағы 7 шақырым асфальт жол салынды,  Ақтоғай ауылының ішінде 2 шақырым жол жөнделді. Семейдегі көпір астындағы демалыс аумағы жасалды. Айта кететін тағы бір жағдай - компания халыққа төтенше оқиғалар кезінде дер кезінде көмектеседі. Жақында болған тасқын су зардаптарын шеккен Солтүстік Қазақстан облысына қаражылай көмек көрсетіп, сол жерде үй күйсіз қалған адамдардың баспаналы болуына қол ұшын берді. Дәл осындай көмек Абай облысына да көрсетілді. Бүлінген инфрақұрылымды жөндеуді қаражат бөлдік. Бұл атқарылған жұмыстардың аз ғана бөлігі”, – дейді KAZ Minerals Тобы корпоративтік байланыстар департаментінің менеджері Ермек Дюзкенев.

Жалпы айтқанда, KAZ Minerals Aktogay компаниясы кен орнын игеріп, өндіріс қауіпсіздін сақтап қана қоймай, қоғамдағы әлеуметтік саланың маңызды мәселелерін шешуге де белсене ат салысып келеді. Яғни, бұл Абай облысының экономикалық әл-қуатын арттыруда да маңызды рөл атқарады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Заманбек Нұрқаділовтің бірінші әйелі қайтыс болды
Бүгін, 10:10

Заманбек Нұрқаділовтің бірінші әйелі қайтыс болды

Бұл туралы оның қызы Instagram парақшасында жазды
9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →