Мұрат Әйтеновтің қала әкімінің қызметінде отырғанына үш жылдан асты
Мұрат Әйтенов 2020 жылдың 21 қаңтарында Шымкент қаласының әкімі болып тағайындалды. Ол осы қызметті 3 жылдан астам уақыт атқарып келеді. Осыған орай Qaz365.kz редакциясы сауалнама жүргізіп, тұрғындардың әкімнің жұмысын қалай бағалайтынын анықтап көрді.
Ірі қалалар мен облыс әкімдерінің арасында Мұрат Әйтенов пен Ермек Маржықпаев Даниял Ахметовтан кейін екеуі ең ұзақ отырған басшылар болып қатарында. Маржықпаев Ақмола облысын 2019 жылдың 19 наурызынан бері, яғни 4 жылға жуық уақыт бойы басқарып келеді.
Белсенділер мен журналистер Мұрат Әйтеновті әлеуметтік желіде жиі сынайды, тіпті Премьер-министрдің өзі жылумен қамтамасыз етудегі кемшіліктерге байланысты әкімді сынаған болатын. Қаңтардың 14-інен 15-іне қараған түні қаланың бірнеше тұрғын үйлерінде ауыз су құбырлары қатып қалған. Ал Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин Шымкентті су басу қаупі жоғары, су тасқынына әкеп соқтыратын аймақтардың тізіміне енгізді.
Әкімді шымкенттіктердің бәрі бірдей тани бермейді, оны депутат, министр дегендер де болды, тіпті бір әйел Әйтеновті бұрынғы күйеуіне ұқсатты. Ал танығандардың көбі оның жұмысы жайлы жақсы пікірде болғанымен, нақты атқарған жұмыстары жайлы толығырақ айтып бере алмады. Біреулері жол жөндеу, құбыр тазалау жұмыстарын туралы тілге тиек етті.
Біз бұған дейін де қар тазалау жұмыстарының нашарлығына байланысты әкімді сынға алған кезде, халықтан оның жұмысы жайлы пікірін сұрап, сауалнама жүргізген едік. Ол кезде де елдің ойы екіге бөлініп, мәселелерге қатысты сыни пікірлер орнымен айтылған еді. Бұл жолғы сауалнамада да солай болды.
“Әйтенов – қаламыздың әкімі. Оған деген ойым өте нашар. Өйткені оның сатпаған нәрсесі қалмады, біздің ипподромды сатты, қаланың жартысын «BI Group»-қа сатып жіберді.
Ешқандай жұмыс жүргізілмейді: айналаның бәрі лас, бәрі бір орында тұр. Қаладағы құрылыс жұмыстарының қарқыны өте баяу әрі ұзақ жүріп жатыр”, – деген келіншек әкімнің жұмысы туралы ойын ашық айтып, оған себеп болған жайттарды да жасырмады.
Оның айтуынша, елеулі өзгерістер болып жатқан жоқ. Наразылығын білдірген жас келіншек сыбайлас жемқорлық тақырыбын да қозғап өтті.
“Әрбір сайланған әкім келген бойда жол салуға кіріседі. Бөлінген қаржыдан қалтасына баса ма, баспай ма, ол жағын анық білмеймін, әйтеуір, елдің аузындағы әңгіме осы. Ешқандай тәртіп жоқ. Жақында біздің әкім Шымкенттің әуежайы үшін сыбағасын алды. Расында да, біз енді бұл жағдайларға төзуімізге тура келеді. Әуежай өте ескі. Мен басқа қалалардан келген қонақтарымның алдында әуежайымызды көрсетуге ұяламын. 10 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырсақ, қаламыз дамып келеді, керемет, бәрі тамаша сияқты. Бірақ өзгерген ештеңе жоқ, сол күнделікті күйбең тірлік, бітпейтін проблемалар, қарапайым мәселелер шешіліп жатқан жоқ. Иә, арасында халықты алдап-сулап қою керек те шығар, бірақ көпшіліктің мұң-мұқтажына құлақ асып, оларға нағыз қажет нәрселерді де жасау керек емес пе? Ал қаланың жартысын сатып жібергені – тым шектен шыққандық”, – деді ойын жалғастыра түскен тұрғын.
Жолдардың жай-күйі туралы ойымен бөліскен тағы бір әйел жөндеу жүргізіліп жатқанмен, халық үшін жақсы ештеңе жасалып жатпағанын айтты.
"Білмеймін, әйтеуір, жолдарды жөндейді де жатады. Бірақ ел-жұрттың қамын ойлап, соларға жақсылық жасайтын адамды көрмедім", - деді ол.