×

Діни ұстаз брайль әдісімен қазақша-арабша әліппе жасап шығарды

Осы саланы жетік меңгеруге Малазияға аттанған ұстаз, оқуымен қатар, тың оқыту жүйесін 1 жылға жуық уақыт аралығында толық игеріп шығады

Діни ұстаз брайль әдісімен қазақша-арабша әліппе жасап шығарды

Асқар Шәкіров есімді ұстаз зағип жандарға Құран оқыту үшін арнайы әліппе жасап шығарған, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Жарық әлемді бір сәтке көру олар үшін арман болса да, еңбекқорлығы мен ізденістері сау адамнан кем түспейді. Зағип жандарды Ақида, Фихқ, Тәпсір ілімімен сусындатып жүрген діни ұстаз Асқар Шәкіров ерекше оқыту әдісімен бөлісті.

«Зағип шәкіртім – тың ілімді меңгеруіме себепкер жан»

«Тағдырдың жазмышында жігері жасымаған шәкірттеріме қарап, қайран қаламын. Мешіт жамағатының ішінде туабітті көзі көрмейтін Айдар есімді ағамыз көппен бірге діни сауатын жетілдіруге келеді. Сөйтіп маған «Мені қалай оқытасың?» деп сұрақ қойғанда, біраз тосылып қалдым. Бастапқыда жұртпен бірге ауызша қайталап үйретемін деп ойлағанмын. Алдыма  ұстаз деп білім алуға келгендіктен, мұның басқа жолы болмауы мүмкін емес деп, «брайль» әдісін үйренбекке бекіндім», – дейді ұстаз Асқар Шәкіров.

Осы саланы жетік меңгеруге Малайзияға аттанған ұстаз, оқуымен қатар, тың оқыту жүйесін 1 жылға жуық уақыт аралығында толық игеріп шығады. Нұр-Мүбарак университетінің түлегі Асқар Шәкіров дін жолында қызмет етіп жүріп, «брайль» әдісімен қазақша-арабша әліппе құрастырған. Шетелде алған білімін кәдеге жаратуды алғаш шырайлы шығыстан бастаған көрінеді.

«Осы оқу әдісін 2013 жылы елге алып келгеннен кейін, алғашқы сабақтарымды Семей өңірінде бастап кеттім. 10 жылдай қызмет еттік. 2016 жылдан бастап, еліміздің түкпір-түкпірінен зағип жандарды жинап, оқытуға көштік. Соңғы 3 жылда Нұр-Мүбарак университетіне алыс-жақын  шетелден келетіндер де жоқ емес.  Жылына  кемі 25-30 адам жинап, діни сауаттарын ашып қана қоймай, араб тілін де қоса оқытамыз», – дейді ол.

Асқар Шәкіровтің айтуынша, жаздың маусым, шілде айларында  ілім үйренушілер саны еселеп артады екен. Зағип жандарға қиындық туындамас үшін қасына еріп жүретін жақын адамдарымен бірге келуге де мүмкіндік жасап қойған.

«Қазіргі заманда білім аламын деген жанға кедергі жоқ. Оған менің шәкірттерім дәлел. Олардың қайтпас қайсарлығы, ерік-жігерлері алдымен мені шабыттандырады. Тағы не үйретсем екен деген ізденіспен оянасың. Әке-шешелері мен жақындарының балаша қуанып, ерекше ықыласын, ілтипаты мен ризашылығын көргенде, мен бұл ісімді әрі қарай жетілдіре түсуім керек деген ойда қаламын».

Дін ұстазы бүгінде таңда «брайль» әдісімен оқытуды медресе, коллед, ЖОО-н бітірген мамандарға үйретіп жүр. Қазірдің өзінде Ақтау, Алматы, Астана, Түркістан сынды тағы басқа да қалаларда дәріс беріп үлгергенін айтады:

«ЖОО-н аяқтаған студенттер, діни оқу орындарының ұстаздарына сабақ беріп, білгеніммен бөлісудемін. Мақсатым – барлық республиканы аралап, еліміздегі зағип жандардың толыққанды сапалы әрі қолжетімді білім алуына себепкер болу. Осы ілімді жете меңгерген шәкірттеріміз ертеңгі күні-ақ өзінің елдімекенінде мүмкіндігі шектеулі жандарға үйретіп жатса, еңбегіміздің зая кетпегені. Бізге одан артық ештеңе керегі жоқ. Себебі қоғамға адал қызмет ету – абыройлы міндетім», – дейді А.Шәкіров.

21 жасар зағип жан: «Материалдық жағдайымды түзедім, енді руханиятыма көңіл бөлемін»

Көзім көрмейді деп, өзгеден өзін кем санамай, заманауи білімді үйренген зағип жандардың бірі Бекжан Нұраддин де өзгеге пайдалы болуды мақсат еткен. 21 жасар ютуб-менеджер өзін таныстырарда сертификатталған маманмын деп қадап айтты:

«Ютуб желісінің арнайы бағдарламасында тест тапсырып, сынақтан сүрінбей сертификат алдық. Соңғы 5 жылым маркетинг саласына қызығушылықпен өткен еді. Бүгінгі күнгі жұмысым – сол ізденісімнің жемісі деп білемін. Логикаға салсақ, бұл адам сенбейтін феномен жағдай, әрине. Бірақ Құдай бәрімізге бірдей мүмкіндік пен 24 сағат берген. Ал оны тиімді пайдалану өз қолымызда. Технология дамыған уақытта оның мүмкіндігін пайдаланбасақ, ұтылғанымыз», – дейді ютубер.

Оның айтуынша, көптеген адам бастапқыда мүмкіндігі шектеулі жанның әлеуметтік желіде жұмыс істейтініне таңданыспен қарап, «қалай?» деген сұрақ қойған. Ішкі рухы берік адамға ештеңе кедергі келтірмейтінін дәлелдеп жүрген ол, бүгінде коуч-психолог Роза Әшірбаева, актер Дәурен Айдарқұлов, Арман Жаналиев, әнші Ұланғасыр Қамиев пен Рашид Ильясов сынды тағы да көптеген елімізге танымал өнер адамдарының ютуб арналарын жүргізуге септігін тигізіп келеді.

«Бұған дейін материалдық жағдайымды реттеуді бірінші орынға қойдым. Құдайға шүкір, ол жағын реттеп алдық. Енді төрт құбылам тең болсын деп, руханиятымды тереңірек тануға күш салудамын. Әр нәрседе баланс бар, сол заңдылықты орнымен қолдануға тырысамын. Осы тың оқыту әдісін жетік үйреніп, мен де өзім секілді жандарға көмектескім келеді», – дейді Бекжан.