Былтыр Түркістан облысында 43 дәрігер біліктілігін шет елдерде арттырды
Түркістан облысында медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында биыл 200 млн теңге көлемінде қаражат қаралып, 32 медицина қызметкері Швейцария, Германия, Франция, Түркия, Ресей елдерінде білімін жетілдіреді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Былтыр Түркістан облысында неонатолог, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, балалар кардиохирургы мен балалар травматологы секілді 43 дәрігер біліктілігін шет елдерде арттырды. Олар Мәскеуде, Санкт-Петербург пен Стамбулда білімін жетілдірді. Сонымен қатар, Түркістан облысында бір жыл көлемінде 34 медициналық мекеме аккредитациядан өтті. Атап айтқанда, Кентау қалалық емханасы, Түлкібас аудандық орталық ауруханасы, Атакент Мақтаарал аудандық ауруханасы, Мырзакент Мақтаарал аудандық ауруханасы, Облыстық офтальмологиялық ауруханасы, №2 облыстық перинаталдық орталығы өткен. Ал, Түркістан қаласында орналасқан №3 облыстық перинаталдық орталығы мемлекеттік аккредитациядан жоғарғы дәреже алған.
Айта кетсек, Түркістан облысында 24 мың 681 медицина маманы қызмет көрсетеді. Оның 5 жарым мыңы дәрігер, 19 мыңнан астам адам орта буынды медицина қызметкері. Өңірде тапшы мамандықтағы дәрігерлерді тарту мақсатында облыстық бюджеттен резидентура медициналық кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысына жыл сайын гранд бөлінуде. Биыл жергілікті бюджет есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға 139 мың гранд бөлінді. Қазіргі таңда облыс бойынша дәрігерлер тапшылығы 386 бірлікті құрайды. Ал, 2023 жылы резидентура медициналық кадрларды даярлауға 60 гранд бөлініп, 40 үміткер өтінім білдірген. Бүгінде оның 37-і салалар бойынша білімдерін шыңдауда.