Бүгінде барлық облыстық перинаталдық орталықтарда «Ұрықты қорғау орталығы» ашылған
Түркістан облысында 2024 жылдың 5 айында 20 840 нәресте дүниеге келген. Оның 136-ы егіздер болса, ал 5-еуі үшем. Ал, 2023 жылдың 1 маусымынан 2024 жылдың 1 маусымына дейін 71 668 нәресте туылды , деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бүгінде барлық облыстық перинаталдық орталықтарда «Ұрықты қорғау орталығы» ашылып, үздіксіз жұмыс істеуде. Биыл облыстың 10 акушер-гинекологы, 22 неонатолог және педиатр дәрігерлері Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласына біліктілігін арттыруға жіберілді.
Сондай-ақ «№3 облыстық перинаталдық орталығында катамнез кабинеті ашылып, кабинет сертификатталған неонатолог маманымен қамтамасыз етілді. Мұнда бүгінгі күнге дейін Түркістан, Кентау, Отырар, Созақ, Сауран аудандарының көрсеткіштері бар 285 нәресте кеңес алды.
Облыстық мәслихат шешіміне сәйкес, облысымыздағы сирек кездесетін аурулармен ауыратын 114 баланы тиісті дәрілік заттармен жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етілуде. Ал, 28 бала «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен қымбат тұратын дәрілік заттармен қамтамасыз етілуде. Осы орайда Түркістан облысында “Бір күндік клиника” – атты бірегей жобасы аясында облыстық N2 перинаталдық орталық базасында ашылған клиникада жүкті әйелдер ерте кезеңде диагностикалық тексеруден өтіп, туа біткен ахауларды дер кезінде анықтауға мүмкіндік алды.
Бірінші және маңызды қадам - дәрігерге уақытылы бару және жүкті әйелді жүктіліктің 10 аптасынан кешіктірмей есепке алу, бұл болашақта уақытылы зерттеп-қарауды қамтамасыз етеді. Пренаталдық диагностиканың екінші қадамы жүкті әйелді бақылауды жүзеге асыратын дәрігерден жолдама алу және №2 Облыстық перинаталдық орталықтың Ұрықты сақтау орталығына бару болып табылады.