Вирусқа қарсы екпе дельта тәрізді иық бұлшықет ішіне енгізіледі
Елімізде Адам папилломасы вирусына қарсы 4 валентті «Гардасил» вакцинасын қолдану көзделіп отыр. Осы ретте Түркістан облысында 24 мыңға жуық қыз балаға егу жоспарланған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшы орынбасары Бахтыораз Мизамұлының сөзінше АПВ вирусы адамнан адамға тұрмыстық жанасу, жыныс жолдармен, тікелей жолмен туу кезінде беріледі. Вирусқа қарсы екпе дельта тәрізді иық бұлшықет ішіне енгізіледі. Вакцинацияға қарсы көрсетілімдер болмаса, дәрігердің қарап тексеруінен кейін 6 ай аралықпен екі рет жүргізіледі.
«Өздеріңізге белгілі, көп жылдардан бері обыр ауруы барлық адамзат үшін оның өмірі, денсаулығына қатысты өте өзекті мәселе болып табылады. Медициналық статистикаларға сүйенсек, қатерлі ісік ауруы өлім себептері ішінде алдыңғы орындарды иеленеді. Бұл індетке қарсы дүниежүзіндегі барлық елдер шама-шарқына қарай күресіп келеді. Дамыған, өркениетті елдерде профилактикалық, диагностикалық және емдеу іс-шаралары бойынша едәуір жетістіктерге қол жеткізіліп отыр. Дегенмен, бұл өзекті мәселе ешбір жерде түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Экономикасы әлсіз, дамымаған елдерде обыр ауруы бойынша қолайсыз жағдай қалыптасқан. Бүгінгі таңда обыр ауруларының негізгі бірнеше түрлері ішінде жатыр мойны обырының үлес салмағы жылдан-жылға артып келеді. ДДСҰ мәліметі бойынша жыл сайын әлемде жатыр мойны обырының 600 000-ға жуық жаңа жағдайы және жатыр мойны обырынан болатын 300 000-нан астам өлім жағдайы тіркеледі. Өлім-жітім жағынан онкологиялық аурулардың түрлері арасында 4-ші орын алады. Ал, Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-ге жуық жаңа жағдайы тіркеледі», – деп мәлімдеді Бахтыораз Мизамұлы.