Курс барысында өз саласының үздік мамандары әртүрлі семинарлар өткізді
Астанада «Кемел жігіт-Күйеу бала» Ұлттық зияткерлік курсының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің Дін істері жөніндегі басқармасы және Діндерді зерттеу орталығымен бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимовтың айтуынша, ұлттық байқау жастарды отансүйгіштік пен ауызбіршілікке, ел тарихы мен мәдениетін ұмытпауға, үлкендерді құрметтеп, кішілерге ізет білдіруге үндейді.
«Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы Нұрлан Асанов зияткерлік курстың атауының маңыздылығына тоқталып, әрбір жас – болашақ әке мен болашақ ана екеніне тоқтала келе, халқымыздың сан түрлі салт дәстүрлерінің құндылықтарын ұмытпауға шақырды.
«Кемел жігіт-күйеу бала» Ұлттық зияткерлік курсы «Бурабай» ұлттық паркінің аумағындағы «Жеті қазына» этно ауылында екі күн бойы өтті. Бұл курстың мақсаты - жастар арасындағы ұлттық құндылықтар мен тарихи сананы жаңғырту, қазақ болмысы мен дәстүрлерін дәріптеу. Іс-шараға 60 бала қатысты.
Арнайы бағдарламаға сәйкес екі күн бойы «Қазақ тарихы және салт-дәстүрлер», «Ұлттық тәрбие мақал-мәтелде», «Жігіттің үш жұрты» атты теориялық дәрістер өткізілді.
Сонымен қатар қатысушылар топқа бөлініп, мал сою, оны жіліктеу, тұздау, үйіту әдістемесі, ет турау, табақ тарту сынды шеберлік сағаттарына қатысып, жылқы жануарының қасиеттері, ат әбзелдерімен танысып, атқа мініп және садақ атып үйренді.
Курс барысында өз саласының үздік мамандары «Ұлттық құндылықтардың мәні мен маңызы», «Күйеу баланың рөлі мен міндеттері» тақырыптарында семинар өткізді.
Дәріскерлер қазақ тарихындағы күйеу балаға деген сыйластық, күйеу баланың отбасындағы міндеттері, орны, қазіргі күні күйеу баланың ағайынмен қарым-қатынас жасаудағы кемшін тұстары, ұлттық құндылықтарды сақтауы, туыстық атаулар турасында жастарға мән-мағынаға толы жиын өткізді.