Неден пайда болады?
Түркістан облысына қарасты Қазығұрт аудандық ауруханасында инсульттің алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қазығұрт аудандық ауруханасының невропатолог дәрігері М.Шайханова емхана бөлімінде қаралуға келген науқастарға инсульттің алдын алудың негізгі бағыттарын түсіндірді. Оның ішінде өмір салтын өзгерту, яғни дене белсенділігін арттыру қажеттігі айтылды. Күніне кемінде 40 минут, аптасына 3-4 рет орташа және жоғары қарқынды аэробты жаттығулармен айналысу ұсынылды. Одан бөлек, артық салмаққа шалдыққан адамдарға инсульт қауіпті екендігін айтты.
Дәрігердің сөзінше, инсульт дегеніміз – бұл ми қан айналымының жіті бұзылуы. Ишемиялық инсульт – бас миы тамырының қан ағысымен келіп түскен атеросклерозды түйіншекпен немесе тромбпен жабылуы кезінде пайда болады. Ал, геморрагиялық инсульт – қан тамыры үзілген кезде пайда болатын ми ішіне қан құйылу. Жыл сайын Қазақстанда 40 000 адам инсультке шалдығады. Сондай-ақ инсультке шалдыққан әрбір үшінші емделуші күтім бойынша бөгде адамның көмегіне мұқтаж болса, әрбір бесінші емделуші өздігінен жүре алмайды. Одан бөлек, инсульттің пайда болу қауіп-қатерлерінің факторларын түсіндірді. Олар – жоғары артериялық қысым, темекі тарту және ішімдікке салыну. Сонымен қатар, қандағы холестериннің аса жоғары деңгейі, дене белсенділігінің жеткіліксіздігі, дененің артық салмағы, жүрек аурулары мен тұқым қуалаушылық жатады.
Айта кетсек, әрбір адам инсульттің алдын алу үшін өз артериялық қысымын бақылап отырғандығы жөн. Бұдан бөлек, қандағы холестерин мен глюкозаның деңгейін қадағалап, темекі тарту мен ішімдіктен арылуы қажет. Сонымен қатар, тамақтану рационында тұздың, май мен қанттың қолданылуын шектеп, көбірек серуендеген дұрыс.