«Ауыл – ел бесігін» алға оздырған аудан
Алдыңғы жылы Абай облысында орын алған алапат өрт кезінде «аты шыққан» Бородулиха ауданының жалпы жағдайы қандай екені белгілі болып еді. Тап сол кезде аудан әкімі қызметін атқарған басшы да орнынан табылмай түсініксіз жағдай қалыптасқаны да ұмытылмас қызықтың бірі болды. Артынша облыс әкімі ісіне салғырт қараған ол шенеунікті орнынан алғаны белгілі болды. Орманды ауданды шалған өртке байланысты Президент келетін кезде жолға асфальт төсеп жатқандардың көзбояушылық ісі де әшкере болғаны есімізде қалып қойды.
Міне, осындай келеңсіздіктерді бастан өткерген ауданда қазір не өзгерді? Жөнге келтіріліп, жолға қойылған жұмыстар бар ма? Бар болса, атап айтуға тұрарлық қандай мәселелер шешіліп жатыр? Осы орайда, аталған ауданның тыныс-тіршілігін саралап көрген едік.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде қабылданған «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы Бородулиха ауданының ауылдарында жүйелі түрде жүзеге аса бастапты. Бағдарлама аясындағы жобалардың орындалу барысына қарап, қырдағы жұрттың тынысы кеңейе бастағанын байқауға болады.
Мәселен, Белағаш ауылында біраз уақыт бұрын басталған ауылішілік көшелерді ағымдағы жөндеу жұмыстары сәтті аяқталған. Енді көшелерді жарықтандыру назар аударылып отыр. Яғни, ауылдың 16 көшесіне 164 жарықдиодты шам орнатылмақ. Сонымен қатар Зенковка ауылында да көшелерді жарықтандыру мақсатында ауылдың алты көшесін 71 жарықдиодты шам ажарын келтірмек.
Аудан әкімі Айдар Ибраевтың айтуынша, «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан мұндай жұмыстар ауылдық жерлерде халықтың жайлы және алаңсыз өмір сүруіне жол ашады.
Ал, Жерновка ауылдық округінде «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында спортты дамытуға көңіл бөлінген. Мердігер «ЖК Айтуғанов» хоккей корты мен шағын футбол алаңын салуды қолға алыпты. Алдағы уақытта ауыл ішін абаттандырып, балалар және воркаут алаңдарын орнату, ауылдық клуб салу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы бойынша Петропавловка ауылын ауызсумен қамтамасыз ету, Новая Шульба ауылында блоктық-модульдік қазандық салу мәселесін түбегейлі шешу жолдары қарастырылуда.
Тағы бір айтар жаңалық Бородулиха ауданында тұрғын үй қорын ұлғайту, тұрмыс жағдайын жақсарту және халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында Бородулиха, Новопокровка, Михайличенково, Белағаш ауылдарында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 20 екі пәтерлі тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Аудан орталығында көп балалы отбасыларға арналған екі пәтерлі 10 үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Түйіндей келгенде «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасының Бородулиха ауданындағы орындалу жайы ауданның даму көрсеткішінің жоғарылай бастағанын айқын көрсетеді.
Сәтжан Қасымжанұлы,
Абай облысы