Облыс бойынша 24 мыңға жуық қыз балаға егу жоспарланған
Сарығаш аудандық орталық ауруханасының қызметкерлері тұрғындармен кездесіп, жатыр мойны обырын алдын алу мақсатында жүргізілетін вакцинациялау жұмыстары турасында кеңінен түсіндірді деп хабарлайды Qaz365.kz.
Кездесуде аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Абдраманова, иммунолог дәрігер Меруерт Умарова мен гинеколог дәрігер Гүлнұр Оразымбетова жатыр мойны обырын алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, екпе адам папилломасы вирусымен байланысты өзге де қатерлі ісіктердің жиілігін төмендету мақсатында егілетіндігін түсіндірді. Республикамызда 4 валентті «Гардасил» вакцинасын қолдану көзделіп отыр. Облыс бойынша 24 мыңға жуық қыз балаға егу жоспарланған.
«Адам папиллома вирусы бүкіл әлемде ең көп таралған инфекциялардың бірі. Вирус қатерлі ісіктің пайда болуына себепкер болуы мүмкін. Жатыр мойны обыры Қазақстандағы 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер арасында жиі кездесетін қатерлі ісік ауруларының ішінде 2-орында. Қазақстанда жыл сайын жатыр мойны обырының 1900-ден астам жаңа жағдай анықталады. Жыл сайын 600-ге жуық әйел жатыр мойны обырынан қайтыс болады. Жатыр мойны обырының дамуы - әйелдің адам папиллома вирусын жұқтыруымен тікелей байланысты. Бұл туралы көптеген ғылыми дәлелдер бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 95% - дан астам жағдайда жатыр мойны обырын Адам папиллома вирусы тудырады. АПВ бар әйелдерде жатыр мойны обырының даму ықтималдығы вирус жоқ әйелдерге қарағанда 6 есе жоғары. Бүгінде елімізде осы вирустың алдын алу мақсатында вакцинациялау жұмыстары қолға алынуда. Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап 11-14 жас аралығындағы қыздарға ата-анасының рұқсатымен екпе жұмыстары жүргізілмек», – деді Гүлмира Абдраманова.