Облыста бірінші жартыжылдықта 6 млрдтан астам рецепт бойынша тегін дәрі берілген
Түркістан облысында биыл науқастарды тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері шеңберінде дәрі-дәрмекпен қамтуға 15 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Облыста бірінші жартыжылдықта 6 млрдтан астам рецепт бойынша тегін дәрі берілген. Дәрі-дәрмек 53 түрлі дерт бойынша диспансерлік есепте тұрған науқастарға беріледі. Сондай-ақ, бүгінде МӘМС пакеті шеңберінде ересектерге 25 нозология, балаларға 29 нозология бойынша тегін дәрі берілуде.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиал директоры Бақыт Исмаханбетовтың сөзінше ағымдағы жылдың маусым айының қорытындысы бойынша Түркістан облысынан МӘМС жүйесіне 15,9 млрд теңге көлемінде жарналар мен аударымдар түскен. Оның ішінде, мемлекеттің жеңілдік санаттар үшін аударатын төлемдерін қоспағанда жұмыс берушілер, жалдамалы жұмысшылар, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша еңбек етіп жүргендер, жеке кәсіпкер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және дербес төлеушілер де бар. Жалпы, Түркістан облысы бойынша МӘМС жүйесінде сақтандырылмағандар тізіміне талдау жүргізу барысында өңірде медициналық ұйымдарға 2 069 113 тұрғын тіркелген болса, оның 1 688 647 тұрғыны медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу құқығына ие болған.
Ал, жүйеде сақтандырылмағандар саны – 380 466 адамды құрады. Оның ішінде, тұрақты төлем жасамағандар, жұмысшы, келісімшартпен табыс табатын жеке тұлғалар, жеке кәсіпкер, дербес төлеуші және мәртебесі анықталмаған адамдар да бар. Бүгінгі таңда бұл азаматтардың ең аз қамтылған 130 мыңға жуық бөлігі үшін жарналарды келесі жылдан бастап жергілікті бюджет есебінен өтеу қарастырылуда.