Бас дәрігердің айтуынша, бала өлімі көрсеткіші жоғарылап тұр
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты Ленгір қалалық ауруханасының басшысы Елдос Сұлтанов жастар арасында суицид өршіп тұрғанын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Отаға күн сайын кіреміз. Ол біздің үйренген кәсіп. Кәсіпті қалдыруға болмайды. Біздің алдымыздағы үлкен ағаларымыз да қанша қызметте болса да, хирургия саласын ұмытқан емес. Сондықтан мен хирургияны тастаған жоқпын. Одан алыстайтын да ойым жоқ. Қазығұрт ауданына барғанда да бүкіл отаны өзім жасадым. Облыстық ауруханада да қолымнан келгенше ота жасап жүрдік. Қазірде келгелі аптасына ең қиын 5-6 ота болса, күнделікті бір отаға кіріп шығамыз. Жиналыс өткеннен кейін, отаға барамыз. Отаны жасап шыққаннан кейін, қалған жұмыс жалғаса береді. Күн-түн демей Жұмысқа келіп, өз қызметімізді атқара береміз», – деді аурухана басшысы «Кемел» ютуб арнасына берген сұхбатында.
Бас дәрігердің айтуынша, бала өлімі көрсеткіші жоғарылап тұр.
«Әр уақытта облыстық көрсеткішке қараймыз ғой. Кеше ғана алты айлық есеп беру жиналысы өтті. Облыста былтырғыға қарағанда бала өлімі көрсеткіші жоғарылап тұр. Алайда, оған біздің аурухананың қатысы жоқ. Былтырмен салыстырғанда биыл көрсеткіш едәуір жақсарған. Биыл бала өлімі, ана өлімі болған жоқ. Болмай-ақ қойсын. Осының бәрі біздің ұжымның, дәрігерлердің дер кезінде көмек көрсетуінің, дер кезінде ота жасаудың арқасы деп ойлаймын», – дейді Елдос Сұлтанов.
Ал Ленгір қаласында жол апатынан зардап шегетіндер көп екенін айтады.
«Өзім осы Леңгір қаласына келгелі жол апаты көп болатынын байқадым. Көбіне демалыс орнына қарай шығатын жол мен Леңгірдің ішіндегі жолда болады. Әсіресе балаларды қағып кету, соғып кету жағдайлары көп. Өлім-жітім де жоқ емес бар. Екінші жағынан жастар арасында суицид, өз-өзіне қол жұмсау, пышақ тығу, түрлі дәрі ішу, улану көп. Мен өзім басшылыққа келгелі статистика жүргіземін», – дейді аурухана басшысы.