×

Бұқтырма арқылы өтетін көпір құрылысы аяқталуға жақын

Бұл көпір – еліміздегі жол инфрақұрылымының ең үлкен нысандарының бірі

Бұқтырма арқылы өтетін көпір құрылысы аяқталуға жақын

Ел шығысындағы ауқымды құрылыс және отандық жол инфрақұрылымының ең үлкен нысандарының бірі аяқталуға жақын, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір ең үлкен жасанды су қоймасының екі жағалауын байланыстырмақ. Құрылыс аяқталғаннан кейін бірнеше сағатта жүретін жолды бар-жоғы 4 минутта жүріп өтуге болады. Бұл – мемлекет басшысының бастамасымен және Үкіметтің қолдауымен жүзеге асқан ШҚО-ның бірден 6 ауданының тұрғындары үшін тарихи оқиға.

Тұрғындар көпір өткелін 50 жылдан астам күтті десек, асыра сілтеу болмас. Себебі бұл мәселе бірнеше ұрпаққа жалғасып келді. Әйтпесе Бұқтырма су қоймасының жағалауына жетудің үш-ақ қана жолы болды – паром, мұздың үстімен жүріп өту және жеңіл көлікпен 570 шақырым, ал жүк көлікпен 750 шақырым айналма жолды еңсеру. Көпір паромға тәуелді барлық адамдар үшін орындалған арманның символына айналды. Қазақстанда пайда болатын осындай бірегей инженерлік құрылым барынша мультипликативті әсер беретіні анық. Бұл, ең алдымен, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты болмақ. Көпірдің өңірдегі баға мәселесіне тікелей әсер ететінін түсіну үшін экономист немесе математик болудың қажеті жоқ, себебі бұрын барлық тауардың құнына паромға кететін шығын қосылып отыратын. Енді мұндай қажеттілік болмайды. Тек Күршім ауданының өзіне көмір, бензин, азық-түлік және шаруашылық өнімдері жетпей қалып, байланыс үзіліп қалған жағдайлар бірнеше рет болды. Өйткені паромдар бұзылып, жөндеуге тұрды, ал мұз енді қатып жатқан кезде Бұқтырма су қоймасы арқылы қозғалыс толығымен жабылады. Көпір осы мәселелердің барлығын шешеді, сонымен қатар паром өткелін ұстауға бюджет шығындарын азайтады. Көпір өткелі арқылы қозғалыстың басталуы Қытай мен Ресей арасындағы тауар айналымына да оң әсерін тигізеді, өйткені ең қысқа шекара дәл осы Шығыс Қазақстан облысы арқылы өтеді. Айтпақшы көпір құрылысымен қатар оған келетін жолдар мен кіреберіс нысандары да салынып жатыр.
Самар ауданында жол учаскесінің ұзындығы 17 шақырымнан асады, қазір оның 10 шақырымына асфальттың бірінші қабаты төселген. Күршім ауданында төселіп жатқан жолдың ұзындығы 1 шақырымнан асады. 

Біреу білер, біреу білмес, Бұқтырма әлемдегі ең ірі бес су қойманың қатарына кіреді. Қазақстанда бұл ең ірі жасанды су айдыны. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан үшін бұл әр қарай дамытуды қажет ететін үлкен туристік кластер. Соңғы мәлімет бойынша, бір маусымда жағалауға 15 мыңнан астам турист келеді. Енді көпірдің ашылуымен олардың саны бірнеше есе артады, өйткені адамдар басқа жағалауға да бара алады және бұл өз кезегінде шағын және орта бизнесті дамытуға серпін береді. Шынында да, туристік инфрақұрылым үшін демалыс базалары, кафелер мен жанармай құю бекеттері және тағы басқа нысандар қажет болады. Осылайша өткел логистикалық тізбекке бірнеше ауданды байланыстырады. 

Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір қазірдің өзінде Қазақстандағы ең ұзын көпір саналады, оның ұзындығы – 1316 метр. Тағы бір бірегей ерекшелік құрылыстың барлық кезеңін Шығыс Қазақстанның көпір салушылары істеп жатыр.
Мамандар жер бедерінің күрделілігін, ауа-райы мен климаттық жағдайды, тау жыныстарының тереңдігі мен қаттылығын еңсеріп, құрылыс жүргізіп жатыр. Өткелді қауіпсіз ету үшін 40 метр (оның 14 метрі тас) тереңдікке бұрғылау жасалды. Құрылыс күндіз-түні тоқтап қалмауы үшін алаңда вахталық қалашық салынып, бетон зауыттары салынды. Көпір салу үшін Шығыс Қазақстанның континенттік климатының жағдайынан қорықпайтын аса берік заманауи материалдар пайдаланылды. Сонымен қатар қатал қысты ескере отырып, тіректердің әрқайсысына мұз жарғыштары орнатылады. Айтпақшы көпір кеме қатынасына еш әсер етпейді.
Жақында Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде еліміздегі бірегей көпір құрылысының барысымен ел Премьер-министрі Олжас Бектенов танысты. Үкімет басшысы тұрғындарға ыңғайлы болу үшін аудандардың көлік байланысын қамтамасыз ету бүгінгі таңда басым міндеттердің бірі екенін атап өтті. Осыны ескере отырып, жобаны қысқа мерзімде аяқтау маңызды. Көпір өткелі арқылы қозғалысты бастау қазан айына жоспарланған. Барлық абаттандыру жұмыстары аяқталғаннан кейін көпір ресми түрде ашылады.

Құрылыс облыс әкімінің тұрақты бақылауында. Ермек Көшербаев құрылыстың барлық кезеңі мен проблемалық мәселелерімен таныс. Көпір республикалық жобалар тізіміне енгізіліп, жетіспейтін қаржыландыру бөлінді, сондықтан оның құрылысы созылып кетпеді. Әйтпесе металл мен басқа материалдардың тез қымбаттап кетуі құрылысқа әсер етуі мүмкін еді. Дегенмен барлығы Тарбағатай, Күршім, Зайсан аудандары мен жаңадан құрылған Марқакөл ауданының өмірін өзгертетін ауқымды жоба үшін жауапкершілікті барынша түсінді. Жоба аяқталғаннан кейін бұл аудандардың тұрғындары енді аймақтың қалған бөлігінен ажырамай, экономикалық қарым-қатынасты үдете түседі. 

Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпірдің өткізу қабілеті – тәулігіне 20 мың автомобиль. Бірақ оның тиімділігі және экономикаға, логистика мен халықтың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейіне әсері әлдеқайда маңызды. Былай қарағанда 1316 метр деген жай ғана сан, бірақ оның артында бірнеше аудандарды, демек, тұтастай алғанда Шығыс Қазақстанды дамытуда үлкен үлес қосатын жоба тұр. Сондықтан бүгінде екі жағалауды байланыстырған көпірді тарихи оқиға деп атауға толық негіз бар.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

9 шақырым болатын 16 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынды
Кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі осы жылы 21%-ға жетеді

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →