Бұл жұмыстар облыстың әр аумағын қамтып, жыл соңына дейін жалғасын таппақ
Жетісу облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында тазалық шаралары тұрақты үрдіске айналып, жалғасып жатыр. Тұрғындар тарапынан зор қолдауға ие болған экологиялық шараға бүгінде 172 мыңнан астам адам атсалысып, түрлі тазалық шараларына қатысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
8 тамыз күні облыста бірқатар атаулы шаралар ұйымдастырылды. Атап айтар болсақ, «Жетісу жастары» КММ және «Жасыл ел» еңбек жасақшыларымен бірлесе отырып, Халықаралық жастар күні қарсаңында және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Жасыл ел» - эко квест» шарасы өтті. Шараға өңірдің белсенді жастары, «Жасыл ел» еңбек жасақшылары және еріктілер қатысты. Жас эко-белсенділер арасында бірден сіңіп, жиі ұйымдастырылатын жаңашыл форматтағы шараның мақсаты жастар мен жасөспірімдерге қоршаған ортаның, табиғаттың тазалығы қаншалықты маңызды екенін көрсете отырып, өз үлестерін қосуға ықпалдасу болып табылады. Аталған тазалық квесті Талдықорған қаласының Орталық Арбатында салатанатты түрде ашылып, жиналған жұртшылықты тазалыққа шақырды. Қатысушы командаларға тапсырма орындау және тазалық жұмыстарын жүргізетін орындар белгіленіп, хабарланды. Ары қарай, тазалық квесті орталық базар маңында тазалау жұмыстарымен жалғасын тапты.
«Жастардың бойына игі істерді дарыту барысында олардың қызығушылықтарын ескеріп, олар сияқты ойланып қадам жасау керек екені анық. Осы тұста, біз тазалық жұмыстарының пайдалы әрі қызықты бола алатынын көрсеткіміз келеді. Жастардың жаңа ортасы тазалыққа жақын болса, келесіде дәл осы қатысушы өзінің тағы бір досын да ертіп келеді. Сөйтіп, тазалыққа жақын, туған жерін аялайтын нағыз жанашыр жастарды қалыптастыра аламыз. Осы тұста, «Таза Қазақстан» акциясының қоғамға берері зор екенін айтқым келеді», – деді Талдықорған қалалық жастар орталығының жетекшісі Еркебұлан Жақан.
Сондай-ақ Текелі қаласында «Тазаlike» эко-челленджі ұйымдастырылды. Жаңадан салынған спорттық сауықтыру кешені аумағына тазалық жұмыстары жүргізіліп, акция қала аумағындағы барлық нысандарыға эстафета ретінде жолданды. Ал, айдынды Алакөл ауданында «Alakol clean» экологиялық-шығармашылық байқауы өткізілді. Өңір тазалығын мақсат еткен алакөлдіктер бұл жараға жасы да-қарты да қатар атсалысты. Мәселен, аға буын белсенділері көл жағалауына тазалық жұмыстарын жүргізіп, сонымен бірге демалушыларды тазалыққа үндеп, түсірдіру жұмыстарын жүргізді. Ал, көл маңындағы балажайларда демалушы оқушылар экологиялық тақырыпта сурет салудан жарысқа түсті. Осылайша, бала көңіл ел болып атсалысқан ауқымды мәселеге өз үлесін қосты. Сонымен қатар оқушы балалар арасында «Таза Қазақстан» акциясы туралы не білесіңдер?», «Өз өңіріміздің тазалығын қалай сақтай аламыз?» деген сынды сұрақ-жауап ойындары ұйымдастырылып, ең белсенді қатысушылар марапатталды.
Алакөл аудандық «Аналар кеңесінің» төрағасы Ұлжалғас Дүйсебаева: «Таза Қазақстан» акциясына ел болып бірігіп қатысу, оны әр ауылда, әр аула мен көшеде ұйымдастырудың маңызы зор. Қазіргі таңда жерлестеріміздің бірқатары аталмыш акцияның мақсатымен жақсы таныс. Қанша уақыттан бері тұрақты түрде ұйымдастырылып жатқан түрлі тазалық шараланың арқасында көпшілік тазалық сақтауға бейімделіп те қалды. Өзінің ғана емес, өзгенің де артынан жинай салу, қоқыс қалдырмау – туған жерге деген үлкен махаббаттан бастау алып, азаматтық жауапкершілікпен жалғасатынын әр адам түсінсе дейміз».
Айта кету керек, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Жетісу облысында жалпы 1187 техника жұмылдырылып, нәтижесінде 7055 тонна қоқыс шығарылып, 22255 км арық желісі тазаланды. Сонымен қатар, 25 826 м2 автомобиль жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс аумағында акция кезінде 29 514 түп көшет отырғызылды.
Аталған жұмыстар облыстың әр аумағын қамтып, жыл соңына дейін жалғасын таппақ.