Жаңа мектеп 13 мың шаршы метр алаңда орналасқан
ForteBank пен Болат Өтемұратов Қоры Алматы облысында қазақ тілінде оқытатын мектеп салуға 8 млрд теңгеден астам қаржы бөлді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
1 қыркүйекте Қазақстанның халқы тығыз орналасқан өңірлерінің бірінде жаңа мектеп ашылды. Әңгіме мектептегі орын тапшылығына байланысты оқушылары үш ауысымда оқуға, сондай-ақ шалғайдағы елді мекендерге барып оқуға тура келетін Алматы облысындағы Есік қаласы жайында.
Бұл мәселе жеке инвестициялардың көмегімен шешілді. Оқу орнының құрылысы "Верный Капитал" компаниялар тобына кіретін ForteBank, сондай-ақ Болат Өтемұратов Қорының қолдауымен қаржыландырылды. Мектеп құрылысының жалпы құны 8,1 млрд теңгені құрап, жобаны жүзеге асыруға бір жарым жыл уақыт кетті.
Білім беру мекемесі бір ауысымда оқитын 900 оқушыға арналған. Биыл оған 1,2 мың бала қабылданды.
Жаңа мектеп 13 мың шаршы метр алаңда орналасқан. Ол даярлық, бастауыш, орта және жоғары сынып оқушыларына арналған үш блоктан тұрады. Әр блокта рекреациялық аймақтар, фойе аймағына шығатын бөлек-бөлек есіктері, акт және спорт залдары бар.
Білім беру мекемесінің өзі үш қабатты және заманауи техникамен жабдықталған.
Сонымен қатар оның аумағында футбол, баскетбол, жүгіру немесе үстел теннисіне арналған әртүрлі спорт алаңдары бар үлкен ойын корты орналасқан.
"Верный Капитал" компаниялар тобының бас директоры Айдан Ақанов мектептің оқу-өндірістік шеберханалармен, спорт және гимнастика залдарымен, зертханамен, фото-видео студиясымен және коворкинг кеңістігімен жабдықталғанын атап өтті. Бұдан басқа, оқушыларға IT-сыныбы, биотехнология, нанотехнология, робототехника кабинеттері және STEM-зертхана қолжетімді болады.
"Бұл біздің топтың жалпы білім беретін мектептерді салу және жарақтандыру, оларды мемлекетке беру жөніндегі үшінші қайырымдылық жобасы. Алғашқы мектепті былтыр Қосшы қаласында салдық. Ал бүгін Алматы облысында Есік қаласында және Шелек кентінде екі жаңа мектепті сыйға тартамыз. Біз қазақстандықтардың өскелең ұрпағын қолдауда жеке бизнес белсенді рөл атқаруы тиіс деген сенімдеміз", - деді Айдан Ақанов.
Оқушылар бос уақытын фойеде өткізе алады. Мұнда әртүрлі сыныптан тыс шараларды ұйымдастыруға болады. Сонымен қатар, мектепте қажетті техникамен жабдықталған акт залы бар.
Жалпы, барлық залдар, рекреациялар, дәліздер халықтың аз қозғалатын топтары үшін қажетті тактильді және ақпараттық навигациялық көрсеткіштермен қамтамасыз етілген. Оқу орны сонымен қатар Face ID технологиясын қамтитын кіруді басқару және басқару жүйесімен жабдықталған.
Сонымен қатар ForteBank басқарма төрағасы Бекжан Пірматов жобаны қолдау туралы шешім бірнеше факторларға байланысты екенін атап өтті.
"Бізге Алматы облысы әкімдігінен халық тығыз орналасқан және балалар үш ауысымда оқитын өңірлерде жаңа мектеп салуға көмек көрсету туралы өтініш келіп түсті. Айта кету керек, ForteBank жыл сайын көптеген жобаларды, соның ішінде спорт, денсаулық сақтау және өнер салалары бойынша әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырады, былтыр ғана осы мақсаттарға 6,75 млрд теңге бағытталды. Бұл жоба білім беру саласына бағытталғандықтан, біз үшін маңызы зор. Жалпы, кез келген елдің дамуы үшін халқы білімді болуы қажет деп санаймыз, бұл – біздің негізгі мақсатымыз", - деп атап өтті Бекжан Пірматов, Құрылыс аяқталған кезде мектеп әкімдіктің балансына толығымен көшеді”, – деп нақтылады ForteBank басшысы.
Жаңа мектептің ашылу салтанатына Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек пен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.
"Бүгін Алматы облысында 3 жаңа мектеп ашылды, оның ішінде "Жайлы мектеп" жобасы аясында ашылғаны да бар. Біздің өңірдегі демеушілердің көмегімен екі заманауи мектептің ашылғанын да атап өткен жөн. Біз Еңбекшіқазақ ауданында сұранысқа ие екі мектеп салғаны үшін "Верный Капитал" компаниялар тобына және Болат Өтемұратов қорына шын жүректен алғысымызды білдіреміз", - деп атап өтті Марат Сұлтанғазиев.
"Біздің қордың негізгі міндеті - қазақстандықтардың өмірін жақсарту үшін адамдар мен ресурстарды біріктіру. 2014 жылдан бастап біз денсаулық сақтау саласында белсенді жұмыс істеп келеміз. Атап айтқанда, бізде аутизм дерті бар балалар мен олардың отбасыларын қолдауға бағытталған үлкен жоба бар. Сондай-ақ су тасқыны немесе басқа да техногендік апаттар салдарынан қиын жағдайларға тап болғандарға көмектесеміз. Ал білім беру саласында үш жылдан бері мектеп оқушылары арасында soft-skills дамытатын жоба іске асырылуда", - деп атап өтті Болат Өтемұратов қорының директоры Марат Айтмағамбетов.
Сондай-ақ Айтмағамбетов өз жобаларын іске асырғаннан кейін де Қор осы нысандарды қолдауды жалғастыратынын айтты. Ол Қосшыдағы мектепке білім ошағының өтініші бойынша 12 млн теңгеге қар тазалайтын машиналарды сатып алғандығын мысалға келтірді.
Сонымен қатар ол алдағы уақытта Қордың оқушылардың құзыреттері мен дағдыларын кеңейтуге байланысты жобаларды іске асыруды жалғастыру ниеті бар екенін де тілге тиек етті.