Әлемге танымал тұлғалар ертегі тыңдап өскен
Телефонға телмірген жас бүлдіршіндердің ертегіге қызығушылығы – ғибраттан бұрын, эстетикалық ләззат беретін дүниеге ауып тұр. Осы мақсатта балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын дамыту үшін сапалы контент әзірлеп жүрген кәсіпкерлер аз емес. Солардың бірі – Парасат Танен. «Ordagen» жобасының жетекшісі Qaz365.kz тілшісіне алдағы жоспарымен бөлісті.
- Балаларға арналған жоба авторы кім?
- Парасаттың карантин кезінде мектеп мұғалімдері мен оқушыларға арналған сәтті жобасынан кейін, ата-аналар тарапынан «кішкентай бүлдіршіндерге де қазақша контент керек» деген ұсыныс түскен.
Айтуынша, көп жылдардан бері балалар мен жасөспірімдерге арналған анимациялық жобалар, әңгімелер мен ертегілерді топтастырып мобильді қосымша жасауды ойға алған идея авторы – Айбек Қуатбай. Сол жылдары өзі де кішкентайлы болған Парасат өскелең ұрпақтың ертеңіне алаңдап, қазақша мазмұнды контент жасау идеясын бірден құптаған көрінеді.
«Ordagen – орда бұзатын емес, орда құратын жас ұрпақ үшін арналған жоба. Артымыздағы кішкентайларға қарап, өз ана тілінде еркін ойлайтын, ашық көзқарасын білдіретін ұрпақтың көбеюін қаладық. Сөйтіп, балаларға арналған қазақ тіліндегі контент жасау ісін қолға алдық. Бұл шығармашылық жұмыс болғандықтан, үнемі ізденісті, балаша ойлануды, оның призмасымен әлемге қарауды қажет етеді», – дейді Парасат.
Саналы ұрпақ тәрбиелеу – ата-анаға ғана жүктелген міндет емес. Ұлттық мүддеге басымдық берген тұлғалар – қоғам игілігі үшін жұмыс істейді. Дәл осы мақсатта әлеуметтік жобаның басы-қасында жүрген Парасат Танен мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу қабілеті мен тілін дамыту, тыңдау, есту қабілеттерін жақсарту үшін балалар әдебиетінің, соның ішінде ертегілер мен ғибратты әңгімелердің орны ерекше екенін айтады.
Әлемге танымал тұлғалар ертегі тыңдап өскен
«Біз ұсынатын мобильді қосымшада аудио форматтағы ертегілер, аңыз-әңгімелер, мультфильмдер, жас ерекшеліктеріне сай жазылған кітаптар мен ата-аналарға арналған пайдалы кеңестер бар. Барлығы қолжетімді әрі тегін. Әлемнің қай түкпірінде болсаңыз да, тыңдай аласыз. Интернетіңіз болса жеткілікті. Ертегімен өскен баланың танымы кеңейіп, ойы ұшқыр келеді. Оған Стив Джобсты мысал ете аламыз. Кішкентайынан ертегі тыңдап ұйықтап, шығармашылыққа да бір табан жақын болды. Нәтижесінде әлем үшін тарихта қалатын жоба жасады. Біз де балаларымыздың өресі биік, танымы кең парасатты болғанын қалаймыз. Ғаламтор дамыған уақытта балаға гаджет пен смартфон беріп алдарқатпай, уақытты сапалы өткізсін деп, ертегі кітаптар да шығардық», – дейді ол.
Заманауи балалардың назарын ұстау, кітап оқуға баулу, ертегі тыңдату – оңай жұмыс емес. Кейіпкеріміз осы ұлы миссия жолында кездескен қиындықтар – келесі белеске шығуға жол ашатынын айтады.
«Балалар әдебиетін жандандыруда өзіндік қиындықтар бар. Бірақ ол үлкен миссиямызды жүзеге асыруға кедергі бола алмайды. Балалар мен жасөспірімдерге арналған контент болғандықтан, жаңа авторлар мен суретшілер табу, балалар деңгейіне түсіп ойлану, дыбыстық жазу сынды жұмыстар бар. Барлығы да этетика жағынан үйлесім табуы, тыңдар құлаққа дауыстың жағымды болуы, осылайша өзіндік образ қалыптастыра алуы өте маңызды. Біз бұл жобаны жасарда жан-жақты ойландық. Шығармашылық жұмыс болғандықтан, әрдайым жетілдіре түсуді қажет етеді».
- Мақсаттарыңыз қосымшадағы ертегілер санын 10.000-ға жеткізу екен. Бұл процесс қалай жүзеге асуда? Бүгінге дейін қанша кітап жазылды?
- Қазіргі таңда 1000-ға жуық ертегілеріміз бар. Оның барлығының аудио, мәтіндік нұсқасы толық бекітілген. Біз сапаға басымдық береміз, яғни жүктелген ертегілерді балалар мен ата-аналар тарапынан кері байланыс болғанша келесіге өтпейміз. Қазір нарыққа шығарған 12 кітабымыз бар. Одан бөлек жазып қойған 25 кітабымыз дайын тұр. Айта кетерлігі, алдымен балабақшалардағы «фокус» группаға тест күйінде ұсынып, тәрбиешімен жұмысына мән береміз. Топтағы балалар саны 24-тен аспайды. Оның әрбірінен ертегіден алған әсерін сұрап, қызығушылық танытқан не танытпағанына қарап, ертегі жазған авторлармен арықарай жұмыс істеу кезінде шығармашылыққа баланың көзқарасымен қарауды, жеңіл жазылуын талап етеміз.
Жобаға құйылған инвестиция өзін ақтап жатыр ма? Оқырмандар мен тыңдармандар сұранысын қанағаттандыра алып отырсыздар ма?
Балаларға сапалы контент әзірлеу – әлеуметтік жобамыз болғандықтан, мақсатымыз табыс табу емес. 2022 жылы 5 минуттан тұратын 10 сериялы мультфильм түсірдік. Нарыққа үлкен кейіпкермен шығатын «Ordagen-нің» тағы бір жаңа жобасы дайын тұр. Әзірге өзіміз сынап көрудеміз. Сенсорика мен моториканы дамытуға байланысты да жаңа дүниелерді шығармақ ниеттеміз. Және бұл жобаға салған инвестицияны ақтауымыз керек деген ойдан аулақпыз. Кішкентай бүлдіршіндерге, ата-аналарға, қоғамға пайдамыз тисін деген ниетпен бастадық. Барлығы тегін, жасап отырғанымыз теңізге тамған тамшыдай дүние. Күнделікті қосымшаны қолданатын тұрақты 1000-1200 оқырманымыз бар. Бізде сатылым бөлімі жоқ, маркетинг жағын да қолға алмадық. Себебі біз жобаны әрдайым жетілдіреу түсудеміз. Бәлкім, алдағы уақытта кірісерміз.
- Ordagen kids атауымен еліміздің бірнеше қалаларында балабақша ашудасыздар. Ерекшелігі қандай?
- 2023 жылы Ordagen kids балабақшалар желісін іске қостық. Басты ерекшелігіміз биыл толықтай цифрлық жүйеге өттік. Бұрын-соңды ешбір балабақшада болмаған платформа жасап шықтық. Ол бір батырманың көмегімен балабақшада қанша бала бар, қанша тәрбиешілер жұмысқа келді, баланың сол күнге бекітілген сабағы мен ас мәзірі, тіпті платформадан счеттағы табысты да оңай көруге болады. Ата-ана, директор, тәрбиеші барлығының платформада жеке кабинеті бар. Өзіміздің 20 балабақшамыз болса, нарықтағы жеке 70-тен аса балабақшаға біз жасап шыққан платформамызды орнатып, кері байланыс алып, дамытып жатырмыз. Цифрлы жүйе кез келген маманның жұмысын жеңілдетеді. 80 пайызға дайын платформамызды қолданып, игілігін көріп жатқан балабақшалар көп. Алда үлкен жобаларымыз бен жоспарларымыз көп. Жақында білетін боласыздар, әзірге құпия бола тұрсын.
- Балаларға арналған әлеуметтік жобаларыныз дами берсін. Сұхбатыңызға рахмет!