×

Талдықорғаннан Өскеменге дейін: жылдар бойы жыр болған жолдың құрылысы қалай аяқталды

Қазақтың кең көсілген кермиық даласында жол мәселесі қашан да өзекті

Талдықорғаннан Өскеменге дейін: жылдар бойы жыр болған жолдың құрылысы қалай аяқталды
Фото: Qaz365.kz

Қазақстанда жылдар бойы жыр болған үлкен жолдың бірі – Талдықорған мен Өскеменнің арасы. Қазақстанның оңтүстігі мен шығысын байланыстырған күре жолдың мәселесі қаншама уақыттан бері айтылып, уәде етілген уақытында халықтың игілігіне берілмей қалған.

Qaz365.kz тілшісі көпшіліктің аталмыш жолға байланысты сұрағына жауап алу үшін ауқымды “Сапа Керуені” пресс-турына қатысты. Бұл іс-шараны өткізуге ҚР Көлік министрлігіне қарасты “Жол активтері сапасының ұлттық орталығы” РМК мұрындық болды

Бір жолды бес бөлікке бөліп жөнделген

Қазақтың кең көсілген кермиық даласында жол мәселесі қашан да өзекті. Жол нашар болса, бір өңірден екіншісіне жетудің өзі халықтың жалпы көңіл-күйіне әсер ететін өзекті фактор болып қала береді. Ондаған жыл бойы шағым айтылған Талдықорған мен Өскеменнің арасындағы жол – соған бір мысал.

Алматы облысынан Абай облысының шекарасына дейінгі 313 шақырым жолдың құрылысы 2018 жылы басталған. Бұл бағыттағы жол Алматы – Талдықорған – Өскемен бағытындағы жол деп аталып, бес учаскеге бөлініп, Қытайдың CITIC Construction деген мердігер мекемесі жұмысқа тартылған. Қаржы көзі Қытайдың Эксимбанкінен (қаржыландырушы шетелдік банктің бір шарты – өз елінен мердігер тартқан) тартылған. Қосымша қаржы Қазақстанның республикалық бюджетінен бөлінген. Қытай компаниясы субмердігер ретінде жергілікті қазақстандық компанияларды жұмысқа тартқан.

Жалпы Эксимбанк Қазақстанның басқа жолдарын да қаржыландырған институт екенін атап өту керек. Шығыс Қазақстандағы Қалбатау – Майқапшағай арасындағы жол құрылысында да осы банк аталады. Шығыс жұртын зәрезеп қылған ол жолдың жыры бөлек – 2022 жылы берілуі тиіс жол 2025 жылға қалып отыр.

Фото: Qaz365.kz

Ал Талдықорған – Өскемен жобасының бір ерекшелігі – мердігер қытай компаниясы жолды толық беруі тиіс. Яғни мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын атқарған. 2018 жыл жобалау жұмыстарына арналса, 2019 жылдан бастап толық құрылыс жұмыстары басталған. Қазір бес учаскедегі жұмыстар аяқталып, абаттандыру жұмыстары, қоршауларын, жарығын, жол белгілерін орнату ісі жүргізіліп жатыр. Мұны біз жол бойымен келе жатып өз көзімізбен көрдік. Құрылыс жұмыстары бітіп жатқан кезде халықтың немесе жергілікті басқару органдарының өтініштері немесе ескертулері ескеріледі. Қоғам өкілдері келіп, өз ұсыныстары мен шағымдарын түсірсе – компания ол кемшіліктерді де түзетуге міндетті.

Біз алдымен, бес учаскеге бөлінген жолдың алғашқы учаскесін кесіп өттік. Бірінші учаскедегі 38 шақырым жолдың 32 шақырымы төрт жолақты, бірінші санаттағы жол. Қызылағаш ауылына дейінгі қалған 6 шақырымы – екінші санатты жол. Бұл бағытта абаттандыру, жарықтандыру жұмыстарының бәрі толық аяқталған. Бірінші учаскені қабылдауға алар алдында жергілікті халық зираттарға баратын жолдарды салып беруді өтінген. Халықтың өтінішін компания орындаған екен.

Жолдың сапасын кім қалай тексереді?

Жол құрылысы дегенде ең алдымен, оның сапасына баса мән беріледі. Астына топырақ жайып, үстіне жұқа асфальт жаюға мұнда жол берілмеуі тиіс. Әйтпегенде, жолдың жыры бітпейді.

«Жылы дәретханаларға байланысты жол бойында жағдай күрделі. Осы мәселені реттеу мақсатында осы жобаға 300 шақырымның – әр 30-40 шақырым сайын сауда нүктесі бар орындардың жанына 10 жерде дәретхана салдық. Бірінші учаске биыл 21 шілдеде толық пайдалануға берілген. Учаскені қытай компаниясы аяқтап, оның талапқа сай келетінін «PK-Engineering» деген техбақылау мекемесі тексерген», - дейді бізге жолсерік болған ҚазАвтоЖол ҰҚ АҚ Жетісу облыстық филиалының директоры Нұрхат Ақылтаев.

Фото: Qaz365.kz

Жалпы жолда сапа жағы қатты тексеріледі. Ең бірінші сатысы – мердігер мекеме жұмысқа алған кезде нысанда өзінің лабороториясы болады. Кез келген жерден алынған топырақтың, судың да химиялық құрамын тексереді. Қолданылатын тас, ұсақ тастың да аязға төзімділігі, қаттылығы, ұсақтығы – бәрі тексерістен өткізіледі. Әр қабатта фракциялық ұсақ тасы пайдаланылады. Жол салынатын материалдың бәрінің сапасы тексеретін ең бірінші мекеме – мердігер мекеменің лабораториясы.

Одан кейін жолдың сапасы Техбақылау мекемесі сүзгіден өткізеді. Ол мекеменің үстінен жол сапасын, геодезиялық белгілерін тексеріп, қабылдап алып отырады. Одан бөлек авторлық бақылау бар. Жобаға бекітілген шешімдердің дұрыс жасалып жатқанын және олар жобаға кіргізген материалдың бекітілген жобаға сәйкестігін тексереді.

Одан кейінгі мекеме – тапсырыс беруші. Тапсырыс беруші барлық құжаттарды, сапасын тексеріп отырады. Ұлттық сапа орталығының әр облыстағы филиалы апта сайын асфальтты тексеріп, қарап, лабораториялық деңгейде бағамдап, ескертулерін жазып береді.

Талдықорғаннан басталған жолдың бірінші учаскесін Синьцзян Констракшн деген компания салған. Жобаға 500-ге жуық адам, 200-ге жуық техника жұмылдырылған. Бұл жолда бір екі көліктік түйінжол салынған. Ақешкі өзені арқылы көпір мен 25 су өткізу құбыры, бес мал өткізетін орын салынған. Одан бөлек 38 шақырым – мал жолға шығып кетпес үшін екі шетінен сеткалық қоршау тартылған.

Қызылағашта транзиттік жолға ауылдың көліктері, техника-тракторлары шығып кетпес үшін төрт жолақты жол қарастырылған. Жарықтандыру, жаяу жүргіншілер жолы қарастырылған.

Кепілдік мерзімі – 3 жыл

Бізге түсіндірілгендей, жолға берілген кепілдік мерзімі – 3 жыл екен. Үш жылдың ішінде мердігер атқарған жұмыстың ішінде қандай да бір ақау анықталса, онда қытай компаниясы өзі келіп, қайтадан қалпына келуге міндеттеледі. Өйткені бес учаскенің әрқайсында өзінің құрылыс балдасын, асфальт зауыты, бетон зауыттары болған. Алматы облысынан Шығыс Қазақстанға дейінгі жолдың құрылыс біткеннен кейін техникаларды Шығыс Қазақстандағы жолдардың құрылысына жөнелтіп жатыр. Алайда бір асфальт зауыт пен қажетті техника бригадасын қытай мекемесіндегі кеңсесіне бекіткен. Егер қандай да бір ақау пайда болса, сол бригада кемшілікті түзеуге барады.

Фото: Qaz365.kz

Жол неге халыққа уақытында берілмей қалды

Журналистер тарапынан қойылған басты сұрақ осы болатын. Бізге мынадай аргумент айтылды:

2018 жылы басталған жолды қытай компаниясы 2023 жылы аяқтауы керек болған. Алайда 2020 жылғы пандемия кезінде барлық шекара жабылып қалып, жұмыстардың бәрі тоқтатылған. Коронавирусты қытай жұмысшылары, жергілікті тұрғындар да жұқтырып, біршама уақыт карантин жарияланған. Пандемиядан кейін құрылыс материалдары қымбаттап кеткен. Ол да аталған жолдың құрылысына кедергісін тигізген. Қаңтар оқиғасы жол құрылысының мерзіміне әсер еткен. Осы себептердің бәрін ескере келе екі тарап жол құрылысының мерзімін 1 жылға ұзарту жөнінде келісімге келген.

Құрылыс материалдарының бәрі Қазақстанда өндірілген

Қытайдың Эксимбанкі жұмыс шарттарының бірі – жолды қытайлық компания салуы керек деп талап қойса да, қытайлық CITIC Construction компаниясына субмердігер ретінде қазақстандық компаниялар көп тартылған. Сонымен қатар жол құрылысын жүргізуге 100 пайыз қазақстандық өнімдер қолданылған. Битум да, шағылтас жергілікті компаниялардан әкелінсе, жол белгілерін алматылық «Альмерия» компаниясы жеткізген. Қоршауларды да қазақстандық мекемелер әзірлеген.

Жол құрылысы салынған кезде маңайдағы ауылдардың бәріне пайдасы тиген екен. Атап айтқанда, сол елдімекендердің азаматтары жұмыспен қамтылып, ауылдардың саудасы жүріп берген. Инертті материалдардың бәрі жолға жақын орналасқан жекеменшік компаниялардан жеткізілген. Камазы, экскаваторы бар адамдар да қытай компаниясына техникасын жалға беріп, пайда тапқан.

Талдықорған-Өскемен жолының Жетісу облысындағы жөндеу учаскесінің ұзындығы 314 шақырым. Аталмыш жоба басталғалы осы учаскелерде 429 инспекциялық бақылау болды. Сараптама нәтижелері бойынша 175 (10%) нормативтік талаптарға сәйкес келмейтін жол-құрылыс машинасы сынамалары, сондай-ақ 321 ақау анықталды және оның барлығы жөнделді. ЖАСҰО бас директоры Болатбек Айтбаев жоба туралы толығырақ айтты.

«Талдықорған-Өскемен жолы бойынша 429 инспекциялық шолу ұйымдастырылған. Оның шеңберінде 1640-қа жуық сынама зерттеуге алынды. Сапасы жағынан 10% талапқа сай келмеді. Сол себепті мердігер өз қалтасынан 341 млн теңгеге қайта құры жұмыстарын жасады. Сапа тексеру кезінде жемқорлық фактілерімен күресу үшін бірінші кезекте кадрға таңдауда қатаң қараймыз. Бізде істейтін жұмысшылар бірнеше сынақтан өтеді. Сонымен қатар біз цифрландыруға да көштік. Сынамалар арнайы штрих-кодпен мөрленген пакетке салынады және ол сынама қай нысаннан келгені де құпия қалады. 2019 жылдан бері 146 мың сынама алып тексерістен өткіздік».

Фото: Qaz365.kz

Жолшылар сынға қалады

Көлік министрлігінің өкілдері «бізде бір жерде жол нашар болып қалса, елдің бәрі Көлік министрлігін айыптайтынын» айтады. Әйтсе де, Көлік министрлігі жергілікті желінің жолдарының іске асырылуына жауапты емес және аталған жолдар әкімдікке қарайды. Мекенжайдың ішкі жолдары – сол мекенжайдың әкімдігі жауапты.

Бір тәулікте өтетін көліктердің санына қарай жобалау жұмыстары кезінде жолдарға категория беріледі. Егер жолдан бір тәулікте 5 мың көлікке дейін өтсе, онда екінші категориялы болады. Алдағы 10-15 жылда тиісті коэфицентке көбейту арқылы жол ақысын шығарамыз. Бес мыңнан ары қарай жолға бірінші категориялы жолға өтеді. 7-8 мың көлікке дейін бірінші категориялық жол 1В санаттағы жол болады, ал одан асса шектеусіз 1А санатты болады. Ол жол 6 немесе 8 жолақты болады.

Фото: Qaz365.kz

Елдегі 95 мың шақырым жолдың қанша бөлігі жөнделді

Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің Ғылым және жұмыс сапасы басқармасының басшысы Нұртілек Хасеновті сөзге тарттық. Ол Қазақстанда 95 мың шақырым жол барын, оның 70 мың шақырымы жергілікті жерге жатса, 25 мың шақырымы республикалық желіге жататынын мәлімдеді.

«Биыл республикалық маңызы бар 12 мың шақырым жолды реконструкция жасау, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 12 мың шақырым жолдың 7800 шақырымы республикалық желіге тиесілі болса, 4200 шақырым жергілікті желіге қарайды.

Жолдарды кезең-кезеңімен ретке келтіріп жатырмыз. Оның ішінде әсіресе, кешігіп жатқан жобалар бар. Өзіміз бойында тұрған Талдықорған – Өскемен жолы 768 шақырымды құрайды. Қазір оның 750 шақырымы жаңа асфальт қабатымен жол ашылды. Жетісу облысында жаңа асфальт та, Шығыс Қазақстанда да жол толық ашылды. Қазір Абай облысының аумағында жасалып жатқан жұмыстар бар. Жалпы, бұл жобадан бөлек республикада 17 ірі жоба іске асып жатыр. Қарағанды мен Алматының арасын биыл, Ақтөбе мен Қандыағаштың, Атырау мен Астраханьның арасын аяқтауымыз керек, Сонымен қатар, жақында Шамалған станциясының айналма жолы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 7 мың шақырым жолды аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз», - дейді Хасенов.

Фото: Qaz365.kz

Талдықорған қаласынан Өскеменге дейінгі асфальт жолға 164 млрд теңге жұмсалған. Алғашқы кепілдік – 10 жыл. Кепілдіктің орындалуына 2019 жылы құрылған «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» жауапты. Оның өңірлерде 20 филиалы бар.

«Жалпы 12 мың шақырым жол дегенде оның ішінде біршамасы 20-30 жыл бойы ешқандай жөндеу көрмеген жол екенін атап өту керек. Бірінші кезекте, сол жолдарды жөндеп бастадық. Одан кейін әртүрлі фактор бар. Жобалардағы қаражат тапшылығы, жобалардың қымбаттауы, сапасы мәселесі, пандемия, жол саласындағы мамандардың тапшылығы мәселесін де атап өту керек. Осындай бірнеше мәселе жолдағы мәселелерді туындатады. Бірақ жұмыс жалғасып жатыр. Республикалық жолдардың 93 пайызы деген нормативті жоспарға жетуді көздеп отырмыз. 2024 жылды аяқтасақ, жергілікті жолдарды 89 пайызға жеткіземіз.

Биыл 2,5 мың шақырым жолды орташа жөндеуден өткізіп жатырмыз. Төрт облыстың аумағын қамтитын Жезқазған мен Петопавлдың арасындағы жол, Қандыағаш – Шалқар – Ырғыздың арасындағы, Қарағанды – Бұғаз, Семейден Барнауылға дейінгі ірі жобаларды орташа жөндеумен қамтимыз. Осы уақытқа дейін жөндеу көрмеген жолдарға маңыз береміз», - дейді Хасенов.

Кез келген реконструкциясы аяқталған жолдың өзінің мерзімдері бар. Бес жылдан кейін ол жолды қайтадан орташа жөндеуден өткізуі мүмкін. Үздіксіз қолданыста болғаннан кейін оларды күтіп ұстау керек. Биыл Қазақстанда жолға 500 млрд теңгенің көлемінде қаражат бөлінген.

Фото: Qaz365.kz

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Дана Нұржігіт екінші күйеуін үш жылға соттатқанын айтты
Бүгін, 13:28

Дана Нұржігіт екінші күйеуін үш жылға соттатқанын айтты

Дана Нұржігіт жарты жыл депрессияда жүргенін айтқан

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →