Іс-шараны қаланың Қоғамдық даму басқармасы ұйымдастырды
Алматыда өз мамандығына адал қызмет етіп, еңбегімен көзге түскен қызметкерлер «Еңбек адамы – 2024» марапатымен марапатталды. Бұл іс-шараны Алматы қаласының Қоғамдық даму басқармасы ұйымдастырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
15 алматылық азамат мемлекет пен мегаполистің дамуына қосқан үлесі үшін «Еңбек адамы» сыйлығына ие болды. Олардың арасында 30 жылға жуық журналистикада, оның ішінде 20 жылдан астам уақыт «Алматы ақшамы» газетінде еңбек етіп жүрген Рая Ескендір де бар.
Фото: Самат Құсайынов
Іс-шараға қатысқан Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Есенбеков марапат иелеріне өз лебізін білдірді.
«Қыркүйек айының соңғы жексенбісі – елімізде Еңбек күні ретінде атап өтіледі. Осыған орай, қаламыздың дамуына елеулі үлес қосып жүрген еңбекқор азаматтарды марапаттауды жөн көрдік. Еліміз сіздер сияқты өз ісіне адал, еңбексүйгіш адамдардың арқасында алға басып келеді. Мемлекет басшысы да бұл мәселеге өз Жолдауында ерекше назар аударды және келесі жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Сондықтан еңбегімен танылған азаматтарды әрдайым құрметтеуіміз қажет», – деді Айдар Есенбеков.