×

«Жиырманшы»: неге «жиырмасыншы» емес?

Филолог Байтұрсыновтың еңбектерін мысалға келтірді

«Жиырманшы»: неге «жиырмасыншы» емес?
Фото: khabar.kz

Бұл туралы филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбай журналист Арман Әлменбетке берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Ана тіл мен мына тіл» подкасында Арман Әлмембет филолог «жиырманшы» деп сөйлейтіндіктен алғашында таңқалғанын, қазір шамасы келгенше солай айтуға тырысатынын және өзгелерге де солай түсіндіріп жүргенін айтады. Тіл маманынан «-сы» қайдан пайда болғанын сұрайды. 

«Сіз жиырманшы деп сөйлейсіз ғой. Мұны бұрын қалай байқамағанбыз деп таңқалдым. Енді шамам келгенше солай айтуға тырысам. Көбінесе жиырмасыншыға кетіп қала береміз ғой. Сөзім жеткен жерге дейін айтам. Көбі неге деп сұрайды. Өйткені, алтысыншы демейміз. Жиырма алты дегенде екеуі де дауыстыдан аяқталып тұр. Одан кейін екі, жеті бәріне «-ыншы, -інші» жалғанып тұр да, жиырма дегенде «-сы» пайда болыпты», – дейді ол.

Орынай Жұбай «жиырмасыншы» деп емес «жиырманшы» деп сөйлеуміз керектігін айтады. 

«Екінші, алтыншы, жетінші дегенді түсіндіре аламыз. Себебі қазақ тілінде екі дауысты қатар келмейді, біреуі түсіп қалады. Ал жиырмасыншы дегенде өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйреткенде мына «-сы» қайдан пайда болды, не үшін жалғаймыз түсіндіре алмаймыз. Мүмкін емес. Сондай-ақ өзге түркі тілдерінің бәрін «иірмінджі» деп береді. Біреуінде «иірмісінджі» деген жоқ. Біз қосып жібергенбіз. Сондай-ақ Байтұрсыновтың еңбектерінің біреуінде «жиырмасыншы» деген сөз жоқ. Мәулен Балақаев кезінде соған қатты ашуланыпты. Орфографиялық сөздікті бір жас жігітке берген. Орфоэпиялық сөздікті баспаға апарып беру керек болған. Бірақ ол жігіт кетіп бара жатқан кезде «жиырманшы» деп жазылып тұрған сөздің үстіне белгі қойып,  «-сы»- ны қосып, «жиырмасыншы» деп жазып жіберген ғой. Сол орфографиялық сөздік шыққанға дейін жиырманшы деп жазылып келген», – дейді тіл маманы.

Орынай Жұбайдың сөзінше, кейін әлгі сөздік шыққаннан кейін Мәулен Балақаев «жиырмасыншы» деген сөзді көріп, «Сен құрттың, тілдегі жүйені бүлдірдің» деп қатты ашуланыпты. Қазір «уақытысында, уақытысымен, біреуісі» деп сөйлей беретіні сондықтан дейді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →