Жұқтыру үшін адамға осындай бактериялардың аз ғана мөлшерін дем алуы жеткілікті
Түркістан облысы, Сауран ауданына қарасты Бабайқорған ауыл округі ауруханасының жалпы тәжірбиелі дәрігері Камила Cерікбаева туберкулезге қатысты кеңесімен бөлісті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Туберкулез – бұл тек өкпе ауруы ғана емес, сонымен қатар адамның барлық ағзаларының - сүйектердің, бүйректердің, мидың және ми қабықтарының, терінің, көздің және басқа ағзалардың да зақымдануы. Алайда өкпе туберкулезі жиі кездеседі
Бұл жұқпалы дерт адамнан адамға ауамен таралады. Жөтелгенде, түшкіргенде өкпе туберкулезі бар адамдар ауаға туберкулез бактерияларын жаяды.
Жұқтыру үшін адамға осындай бактериялардың аз ғана мөлшерін дем алуы жеткілікті. Туберкулез қоздырғышының сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталу қабілеті бар, мысалы, микобактериялар тозаңданған, көгерген үй-жайларда адам үшін қауіпті болып қала отырып, жылдар бойы өмір сүруге қабілетті. Науқас адам жөтелгенде қақырықпен бірге, түшкіру, сөйлеген кезде қоршаған ортаға 2-6 м радиуста ауада таралатын миллиондаған микобактерияларды бөледі, олар еденге, заттарға шаңмен бірге тұнады және көптеген жылдар бойы өміршең болып қалуы мүмкін.
«Туберкулез ауруына тек адамдар ғана емес, сонымен қатар малдар да шалдығады. Науқас өмір сүретін жерде санитариялық жағдайлар мен сақтық шараларын сақтау өте маңызды. Егер өкпе туберкулезімен ауыратын науқас барлық гигиеналық талаптарды сақтаса, онда ол айналадағыларға қауіпсіз. Өкпе туберкулезі тұқым қуаламайды. Туберкулез ауруымен ауыратын ата-аналардың балалары сау болып туады. Алайда, барлық сақтық шараларын сақтамаған жағдайда бала туберкулезді жұқтырып, ауырып қалуы мүмкін. Туберкулез микобактериялары адам ағзасына түскен кезде ауру жұқтырылады, бірақ туберкулез ауруының дамуы әр жағдайда болмайды»,- дейді маман.