Негізінен жіті ішек инфекцияларына 1 жастан 7 жасқа дейінгі балалар жиі шалдығады
Ішек инфекциясы алғашында науқастың өзіне білінбеуі мүмкін. Негізінен жіті ішек инфекцияларына 1 жастан 7 жасқа дейінгі балалар жиі шалдығады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы сұрақтарға Түркістан қалалық ауруханасының жалпы тәжірбиелі дәрігері Әнеш Қаламқас жауап берді.
Ішек инфекциясы – бірінші кезекте ас қорыту жолын зақымдайтын жұқпалы аурулардың тобы. Оның пайда болуына негізінен микроағзалардың бактерия, вирус сынды түрлері себеп.
Дәрігердің сөзінше, ішек инфекциясы алғашында науқастың өзіне білінбеуі мүмкін. Негізінен жіті ішек инфекцияларына 1 жастан 7 жасқа дейінгі балалар жиі шалдығады. Жіті ішек инфекциялары жылдың кез келген мезгілінде болуы мүмкін. Вирусты инфекция көбінесе салқын түскенде, тұмаумен және ЖРВИ-мен сырқаттану деңгейі артқан кезде көбейсе, бактериялық инфекциямен сырқаттану жазғы мезгілде арта түседі.
«Жіті ішек инфекцияларының алдын алу үшін жеке гигиена ережелерін сақтап, тамақ ішердің алдында және дәретханадан шыққаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу керек. Су ішу үшін тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалану керек. Сонымен қатар, пайдаланудың алдында жеміс пен көкөністі жақсылап жуып, қайнаған сумен шаю маңызды. Одан бөлек, тамақты ұзақ, тіпті тоңазытқыштың өзінде ұзақ сақтамай, тез бұзылатын тамақ өнімдерін тек салқын жерде сақтау, жарамдылық мерзімі өткен азық-түлікті пайдаланбауға кеңес беремін. ДДСҰ деректері бойынша, дүние жүзінде жыл сайын диареямен ауырған 1 миллиардқа жуық адам тіркеледі. Олардың 60-70 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды»,- деді Әнеш Қаламқас.
Айта кетсек, жіті ішек инфекцияларының қоздырғыштары әртүрлі әсерлерге төзімді және сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталады, мысалы ағынды суларда 3 айға дейін, көкөністер мен жемістерде 5 күннен 14 аптаға дейін. Тамақ өнімдері, әсіресе сүт және ет өнімдері, сондай-ақ аспаздық өнімдер мен суық тағамдар ішек инфекцияларының қоздырғыштары үшін ең қолайлы орта болып табылады.