×

Мал шаруашылығын қалай дамытамыз?

Мал шаруашылығын цифрландыру жүйесі қалай жүзеге асып жатыр?

Мал шаруашылығын қалай дамытамыз?
Фото: ашық дереккөзден

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру ісі өткен жылы – 296539,9 тоннаны құраса, биыл – 317718 тоннаға дейін өскен. Оның ішінде ірі қара мал – 5 031 865, сиыр – 2 343 792, ешкі – 866 147, түйе – 162 880, жылқы – 2 767 018-ге жеткен.  

Министрлік биыл асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, өнім сапасын арттыруға байланысты субсидиялар бөлу, төтенше жағдай кезінде залалды өтеу қағидаларына басымдық беріп отыр. Сәйкесінше еліміздің барлық өңірлерінде осыған қатысты бірқатар жұмыстар атқарылуда.

Осы жайлы Qaz365.kz тілшісі Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ұлттық жобасы, мал шаруашылығындағы жаңашылдық жайында Ақтөбе қаласы ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Панабек Бимуратовпен тілдесті.

- Мал шаруашылығын цифрландыру жүйесі қалай жүзеге асып жатыр?

- Мал шаруашылығына ауыл шаруашылығы малдарын бірегейлендіру (ИСЖ) жүйесі толықтай енгізілді. Бұл жүйе субсидиялаудың ақпараттық жүйесіне интеграцияланған. Мысал ретінде малдың фермада сойылып, сату нүктесіне келгендігін түгелімен қадағалап отыруға қолжетімді екенін айта кету керек.

Сонымен бірге мемлекеттік қолдау алған шаруашылықтар өз міндеттемелерін орындамаған жағдай да, олардың атқарылмаған жұмыстарын де анықтап, отыруға мүмкіндік бар. Тасымалданатын тірі малдар мен мал өнімдеріне цифрлы ветеринарлық анықтамалар беріледі және тұрақты түрде қадағаланады. Көптеген шаруашылықтар GPS-трекерлерді қолданады, ол малды алыстан қадағалап отыруға мүмкіндік береді. Мал шаруашылығын цифрландыру жүйесі жылдан жылға қарқынды дамып келе жатыр.

- Облыстағы асыл тұқымды мал шаруашылығының дамуы жайында не айтасыз? Білуімше, соңғы жылдары басқарма осы мәселені өзекті етіп қойған еді.

- Орынды сауал. Иә, облысымызда асыл тұқымды мал шаруашылығының санын көбейтуге, өнім сапасын арттыруға басты ден қойылып отыр. Нәтижесін арнайы сараптама жұмыстарынан бақылап, көріп отырмыз. Себебі бұған ауыл шаруашылығы малдарының дәл осы бағыты бойынша санының еселеп артқанымен бағалаймыз. Мысалы, 2020 жылы асыл тұқымды ірі қара малдың саны – 49,7 мың бас болса, 2024 жылы 81,8 мың басты құрады, ал асыл тұқымды қой саны – 125,7 мыңнан 158,6 мың басқа, жылқы 26,0 мың бастан 50,4 мың басқа дейін өсті.

Асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылықтар саны да артуда. Оған себеп – асыл тұқымды малды өсіріп бағу экономикалық жағынан тиімді. Бұған мемлекеттің беріп отырған субсидияларын да айтуға болады.

- Тектік қоры шектеулі тұқымдағыларды көбейтуге қандай субсидиялық бағдарламалар бар?

- Мал шаруашылығындағы жетістіктер негізінен мемлекеттік қолдаумен жүзеге асып отыр. Бұл әсіресе ауыл халқының әлеуетін жақсартуға таптырмас шешім деп ойлаймын. Себебі күнделікті тұрмыс-тіршілігінде атқарып жүрген жұмыстарын қарапайым ғана тұрғындар арнайы мемлкеттік бағдарламалар негізінде қолдауларға ие болып, мал басының көбеюіне қыруар жұмыстар атқаруда. Шалғай жердегі жұртшылықтың АШМ тарапынан берілетін көмекті тиімді пайдаланып, оның өнімдерін сатып пайда табуы ел экономикасына да оң ықпалын тигізуде. Айта кетерлігі,  2024 жылдан бастап, «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен 5 592,0 млн.теңге қаржы қарастырылды. Аталған қаржы көлемі шаруашылықтардың өндіріске кеткен қаржылай шығындарын ішінара өтеуге бағытталған. Осы мемлекеттік қолдау арқасында облыста жыл сайын ауыл шаруашылығы малдарының саны 6,0 пайыздан 20,0 пайызға дейін өсті, сәйкесінше мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің де саны жыл сайын артуда.

- Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың ұлттық жобасы аясында қандай өзгерістер бар?

- Мемлекет басшысының 2024-2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығының  жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау жөніндегі жол картасына сәйкес, Ақтөбе облысы бойынша 2024-2028 жылдары жалпы қуаттылығы 22,8 мың тонна құрайтын 4 сүт-тауарлы ферма құрылысы жүргізілмек. Жалпы қуаттылығы 30,0 мың тонна құс етін өндіретін, 2 бірлік ет бағытындағы құс фабрикасы; 2026 жылы қуаттылығы 150,0 млн.дана тауық жұмыртқасын өндіретін 1 бірлік құс фабрикасы; 2028 жылға дейін ірі қара мал басы 811,0 мың басқа (2023 жылмен салыстырғанда 154,8%), қой саны 1 796,0 мың басқа жетеді (2023 жылмен салыстырғанда 167,2%); Асыл тұқымды ірі қара мал саны 114,0 мың басқа жетеді, 2024 жылмен салыстырғанда өсім 169,8%-ды құрайды. Асыл тұқымды қой саны 310,3 мың басқа жетеді, 2024 жылмен салыстырғанда өсім 198,7%-ды құрайды. Тұқымдық түрлендіруге қатысушы ірі қара мал аналықтарының үлесі 38,2%-дан 62,0%-ға дейін өседі деген жоспарымыз бар.

- Агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуеті қалай артуда?

- Ауыл шаруашылығы саласындағы тауар өндірісінің өнімі үнемі жаңашылдықты талап етеді. Жаңа жүйе ғана аграрлық өндірістің жұмысын жандандыра түседі. АӨК-тің өндірістік инфрақұрылымы өнеркәсіп салаларының дамуына қарқын береді. Облысымызда агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуеті зор. Бірақ эпидемиологиялық жағдайларға байланысты кейбір мүмкіндіктерді пайдалана алмай отырмыз. Одан соң өркениетте орын алған жағдайлар да өз әсерін береді. Қазір көрші Ресей, Қытай елдеріне мал өнімдерін экспорттауға мүмкіндігіміз болмай тұр. Алдағы уақытта бұл мәселе оңтайлы шешіледі деген үмітіміз көп.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →