Ұйқысыздық өмір сапасының төмендеуімен қатар, қан қысымының жоғарылауына, жүрек-қан тамырлары ауруларына және қант диабетіне әкелуі мүмкін
Біздің денсаулығымыздың 70%-ы дұрыс болуы ұйқыға байланысты. Бұл туралы Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясcауи атындағы ХҚТУ клиника-диагностика орталығының жалпы тәжірбиелі дәрігері Ғалия Нұрмаханбет айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Адамның сағаттар бойы көз іле алмауы ұзақ уақытқа созылатын депрессияға әкеліп соғуы мүмкін. Дәрігердің айтуынша, ұйқысыздық – ұйқының бұзылуының ең көп таралған түрі, синдром екендігін түсіндіріп өтті. Бұл ауру емес, тек оның белгілері. Оның сөзінше ұйқысыздықтың сипаты ұйықтайтын уақытта көздің ілінбеуі, түн ортасында жиі ояна беру және таңертең ерте ояну болвп табылады.Осының салдарынан адам күндізгі уақытта функционалдық жайсыздықты бастан кешіреді. Мысалы: шаршау, зейіннің төмендеуі немесе ашулану және агрессияның жоғарылауы.
«Біздің денсаулығымыздың 70%-ы дұрыс болуы ұйқыға байланысты. Себебі ұйқы кезінде бізде негізгі гормондар бөлінеді. Метаболизмге, иммундық жүйеге, жүйке жүйесіне тікелей әсер ететіндіктен ұйқы дұрыс болмаса, адамның денсаулығы дұрыс емес. Ұйқының созылмалы түрі егер адам үш айдан артық дұрыс ұйықтамаса, ол созылмалы ұйқыға әкеліп соқтырады. Егер де науқас төсекте жатқан кезде 30-40 минутта қалғу фазасынан баяу ұйқыға ауыспайтын болса, оның өзі ұйқы фазасының бұзылысы бар екендігін білдіреді. Сонымен қатар, ұйқысыздықпен ауыратын адамдардың шамамен 30%-ы ұйқының обструктивті апноэсіне шалдыққан. Бұл терминді көп адам білмейді, бірақ жер бетіндегі 1 миллиардқа жуық ересек адамда болатын ауру»,- дейді маман.
Айта кетсек, ұйқысыздық өмір сапасының төмендеуімен қатар, қан қысымының жоғарылауына, жүрек-қан тамырлары ауруларына және қант диабетіне әкелуі мүмкін. Сондықтан оған бей-жай қарамаған жөн. Егер ұйқысыздық нағыз проблемаға айналған болса, ең дұрысы – дәрігерге бару.