Ол бұрын өзі де кәсіби спортшы болған
Париж Олимпиадасында Туниске алтын медаль әкелген спортшының жаттықтырушысы Есбол Сұлтанов әлемнің үздік бапкері атанды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы спорт менержері Берік Сұлтан әлеуметтік желіге жазды.
“Сүйінші жаңалық ағайындар. Есбол Сұлтанов ағам таеквондадан әлем бойынша жылдың үздік бапкері болды! Бүкіләлемдік таеквондо федерациясы бүгін марапаттады! Қазақ ұлтының ұландары жарқырап жүре берсін”, - деп жазды Берік Сұлтан.
Тунис құрамасы Париж Олимпиадасында таеквондодан бір алтын, бір күміс медаль жеңіп алған. Таеквондодан Тунис елінің ұлттық құрамасында табысты еңбек етіп жүрген қазақ жаттықтырушы Есбол Сұлтановтың есімін кеше мемлекет басшысы Ақордада ерекшелеп айтып еді. Бүгін Туризм және спорт экс-министрі Ермек Маржықпаев министрліктің алқа отырысында шетелде жүрген бапкерлерді елге қайтару қажеттігін жеткізген болатын.
Есбол Сұлтановтың өзі спортшы ретінде 2006 жылы Азия ойындарына және 2007 жылы әлем чемпионатына қатысқан.