Чемпионаттағы ең жасы үлкен мен ең жасы кіші боксшылардың жеңісі
Қарағандыда өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының кезекті жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР Бокс Федерациясы мәлімдеп отыр.
“36 жастағы боксшы Теміртас Жүсіпов Қазақстанның 8 дүркін чемпионы атанды. Ол 48 келі салмақта Нұрзат Оңғаровтан (Жамбыл облысы) басым түсті. Жастар арасындағы әлем чемпионатының ең үздік боксшысы атанған Төрехан Сабырхан ересектер арасындағы ел біріншілігінің финалында жекпе-жексіз жеңіске жетті”, – деп хабарлады Бокс Федерациясы.
Төрехан Сабырхан 67 келі салмақта өнер көрсетіп, алғашқы айналымда Айбек Төлегеновті жеңсе, екінші кезеңдегі қарсыласы шаршы алаңға шыққан жоқ. Ал ширек финалда Төрехан Бақтияр Анарбаевтан басым түсіп, жартылай финалда Елнұр Сүйінбайдың мысын басты. Алтын жүлде үшін жекпе-жекте Санатәлі Төлтаевқа қарсы жұдырықтасуы керек еді. Бірақ Төлтаев финалдық жекпе-жекке шықпағанына байланысты Төрехан ел чемпионатының жеңімпазы атанып отыр.