Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы, еліміздегі үздік ойыншылардың бірі Бауыржан Исламхан отбасымен бірге жол апатына түскен, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Апат осыдан бір ай бұрын желтоқсанда Тараз-Шымкент тасжолында болған.
Бөліссем бе екен, бөліспесем бе екен деп ұзақ ойландым. Бәрі мені қайда жоғалып кетті деп сұрап жатыр. Көбіне демалуға бір жаққа кеткенде немесе өмірімде бәрі ғажап сәтке толғанда осылай желіге жазбай кететінмін. Бірақ бұл жолы олай емес. 2024 жылдың 16 желтоқсанында өмірге деген көзқарасымды өзгерткен оқиға болды. Содан бері бір ай өтті. Желтоқсанның 16-сына қараған түні біз отбасымызбен түгел жол апатына ұшырадық. Алайда, бір ғажайыптың арқасында бәріміз аман қалдық. Бұл бір Жаратқанның қалауы, соның ғажайыбы», - деп жазды футболшының жұбайы Еркежан Талғатбекова әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол бұл жағдайды Жаратқанның сынағы деп қабылдағанын жеткізді.
Отбасымызға көз тиді ме, сөз тиді ме білмеймін. Дегенмен, бір өлім аузынан аман қалдық. Мұны да бір сынақ деп қабылдадым, - дейді Еркежан.
Айта кетейік, Бауыржан Исламхан 1993 жылы дүниеге келген. Бірнеше жыл «Тараз», «Қайрат» клубтарында ойнады. Сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінің «Әл-Айн» клубында доп теуіп келді. 2023 жылдан бері «Ордабасы» намысын қорғады.