Бокстан Қазақстан командасының бұрынғы капитаны, Олимпиада мен әлем чемпионаттарының жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев мансабын аяқтады. Бұл туралы ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов мәлімдеген болатын. Осы орайда, Sportbugin.kz Қамшыбектің жеке бапкері Сейітжан Төкеновпен тілдесіп, пікірін білді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Қамшыбек Париж Олимпиадасынан кейін бокстан кетемін деп жүрген. Жақында бас бапкер де айтып жатыр. Боксшының өзі келіп, маған ештеңе деген жоқ. Бірақ Олимпиададан соң осындай әңгіме болғаны рас. Әрине, өкінішті. Іште әттеген-ай бар… Жауапты жарыстарда жеңіліп, жүлдесіз қалғаны жаныма батады. Әсіресе, бапкері ретінде маған Париж ойындарындағы жеңіліс ауыр тиді. Әлі де бокстасуға, әлі де жеңуге болатын еді», — дейді жаттықтырушы.
Қамшыбек Қоңқабаев ұзақ жылдар бойы өзбекстандық Бахадүр Жалоловтың басты қарсыласы саналды. Алайда, ресми жарыстардың басым бөлігінде ол қарсыласына жол беріп жүрді.
«Жасөспірім кезінде Қамшыбек Бахадүрді екі-үш рет жеңген. Ол кезде Иван Дычко бірінші нөмір еді, Қоңқабаев қосалқы құрамда болды. Ересектер арасында бір рет басым түсті. 2017 жылы Гамбургте өткен әлем чемпионатының ширек финалында ұтты. Содан кейін жолы болмады. Негізі, Бахадүр көптеген боксшы үшін өте ыңғайсыз қарсылас. Одан бөлек, физикалық тұрғыдан басымдығы болды. Бойы мен қолының ұзындығы оған жақсы көмектесті. Әйтпесе, оның боксын әдемі дей алмаймын», — дейді ол.
Сейітжан Төкенов шәкіртінің спорттық жолы жоғары нотада аяқталғанын қалаған.
«Токиода америкалықтан жеңілді. Парижде де жолы болмады. Бұл спорт қой. Десе де, мансабын жеңіспен аяқтағанда деген ішкі тілек те жоқ емес», — дейді ол.
Қамшыбек Қоңқабаев бокстан Токио Олимпиадасының (2021) қола жүлдегері, Азия ойындарының (2023) күміс жүлдегері, әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (2017, 2019), Азия чемпионатының үш дүркін күміс жүлдегері (2017, 2019, 2021).