UEFA халықаралық стандарттарына сай жаңа стадионның сиымдылығы 3598 орынға есептелген
Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы ескі стадионның орнына жаңасын салуға Арнаулы мемлекеттік қордан 17,3 млрд теңге қаражат бөлу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
“Арнаулы мемлекеттік қордан өңірлерде әлеуметтік маңызы бар 16 нысан салуға 82 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Қ. Мұңайтпасов атындағы орталық стадион 1936 жылы салынған. Қазіргі таңда ескі ғимарат жарамсыз болғандықтан толығымен бөлшектелген. Жаңа стадионның құрылысы 2025 жылдың соңында аяқталады деп жоспарланып отыр. Спорт нысаны қозғалыс мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған орындарды қоса алғанда, 3598 орынға есептелген. Стадион UEFA халықаралық стандарттарына сай салынады. Құрылыс аяқталғаннан кейін нысанды Астана қаласы әкімдігінің №8 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің балансына беру жоспарланып отыр”, – делінген хабарламада.
Ескі стадион 1936 жылы салынған. Ғимарат жарамсыз болғандықтан толығымен бұзылған. Жаңа стадионның құрылысы 2025 жылдың соңында аяқталуы тиіс.
Жаңа стадион оқу-жаттығу жиындары үшін қолданысқа беріледі. Оны пайдалануға берілуі оқу-жаттығу үдерісін жақсартуға, спортшыларды дайындауға оңтайлы жағдай жасауға және олардың нәтиже көрсету мүмкіндігін арттыруға септігін тигізбек.