Бұл көлік жас спортшылардың жарыстарға қауіпсіз әрі жайлы баруына мүмкіндік береді
ШҚО әкімі Зайсандағы бұқаралық спортты дамыту клубына шағын автобус сыйлады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Балаларды қорғау күніне орай Зайсан қаласындағы бұқаралық спортты дамыту клубына құнды сыйлық – «ГАЗель» шағын автобусы табысталды. Бұл көлік жас спортшылардың жарыстарға қауіпсіз әрі жайлы баруына мүмкіндік береді.
Сыйлықты Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Зайсан ауданына жұмыс сапары барысында табыс етті.
— Бұл жай ғана көлік емес – бұл туған өлкеміздің атын республикалық және халықаралық ареналарда шығарып жүрген балалар үшін жаңа мүмкіндіктер, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Клубқа биыл 20 жыл толып отыр: мұнда 1000-нан астам бала және 700 ересек адам спортпен шұғылданады. Түлектері арасында гир спортынан әлем чемпионы Қуаныш Қыдырбатшиев пен дзюдодан Қазақстан чемпионы Қарқын Қасиет бар.
Клубта жеңіл және ауыр атлетика, теннис, футбол сияқты танымал спорт түрлерімен қатар, қазақтың ұлттық спорттары – қазақ күресі мен тоғызқұмалақ та дамытылып келеді.