Сонымен бірге, құрама сапындағы физиотерапевттер, аудармашылар және медиа бөлімінің қызметкерлері де мемлекеттік марапаттарға ие болған
Өзбекстан құрамасы футбол тарихында алғаш рет Әлем чемпионатына жолдама алды. Осы тарихи жетістік үшін футболшыларға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Шавкат Мирзиёевтің жарлығымен әлем біріншілігінің іріктеу кезеңінде көзге түскен футболшыларға мемлекеттік марапаттар берілді. Сонымен қатар, әр ойыншыға президент атынан BYD маркалы автокөлік тарту етілді. Жалпы саны 40 көлік команда мүшелеріне салтанатты шарада тапсырылды.
Президенттің баспасөз қызметі бұл сыйлықтар туралы БАӘ құрамасымен өткен (0:0) матчтан кейін-ақ жариялаған болатын. Себебі сол кездесуде өзбек футболшылары тарихта тұңғыш рет әлем біріншілігіне қатысатыны анықталды.
Бұрынғы бас бапкер Сречко Катанец пен өзге де шетелдік мамандар «Достық» орденімен марапатталды. Айта кетейік, словениялық бапкер қаңтар айында денсаулығына байланысты (онкологиялық диагноз) қызметінен кеткен еді. Сонымен бірге, құрама сапындағы физиотерапевттер, аудармашылар және медиа бөлімінің қызметкерлері де мемлекеттік марапаттарға ие болды.
Айта кетейік, Ташкентке форумға барған Қазақстанның премьер-министрі Олжас Бектенов Өзбекстан құрамасына жанкүйерлік етті. Ол президент Шавкат Мирзеевпен бірге футбол тамашалады.