×

Айтарымды ашық жеткізгім келеді: Қазақстаннан да Ұлттық құрама баспасөз хатшылығынан да кетемін –  Ермұхаммед Мәулен

Оған ұлттық құрама мен Қазақстандағы футбол туралы айтқан өткір сөзінен соң әлдекімдер қоңырау шалған

Айтарымды ашық жеткізгім келеді: Қазақстаннан да Ұлттық құрама баспасөз хатшылығынан да кетемін  –  Ермұхаммед Мәулен
Фото: instagram.com/kff_team

Танымал спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен Қазақстан мен футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының баспасөз қызметінен кететінін мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Бұл туралы ол өзінің Kommentator_Maulen телеграм арнасында мәлімдеді.

Оның сөзінше, подкасттардың бірінде ұлттық құрама туралы айтқан өткір сөзінен соң әлдекімдер қоңырау шалғанын жасырмады.

“Шалды. Аяқтан да шалды, қоңырау да шалды. Кімдер хабарласқанын айтайын, ешкімнен жасырмаймын. Мәселе жоғарғы мінбер, кеңселерге дейін барды. “Қой” деді. Әзірге 1-2 апта қоя тұрайын. Ешнәрсе айтпаймын, бәрі тамаша. Мені қолдап қоңырау шалған адамдар да болды. Менің өмірімде тура қазір Қазақстанда одан әрі өмір сүруге ешқандай мағына қалған жоқ. Жуырда шетелге көшемін деп шештім. Осы маусым аяқталғаннан кейін кетемін”, –  деді журналист. 

Ал бүгін ол телеграм арнасында Футболдан ұлттық құраманың баспасөз хатшысы болу ең биік қызмет болып саналатынын, оны абыроймен 4 жыл атқарғанын жазды.

“Спорт журналистикасының жазылмаған заңы бар. Футболдан ұлттық құраманың баспасөз хатшысы болу ең биік қызмет болып саналады. Бұл жұмысқа қолы жеткен бар, жетпеген бар. Әлі де армандап жүргендер баршылық. Басқа елдерде де солай. Мен, құдайға шүкір 4 жыл жұмыс істеп арманымның біріне қол жеткіздім. Талғат Маруаұлы Байсуфиновпен де, Магомед Әдиевпен де, Станислав Черчесовпен де, ең соңы Әли Әлиевпен де қызметтес болдым. Ұлттық құрама ойындарының біреуінде жібермей, баспасөз қызметші ретінде міндетімді атқардым. Жүрген жерімнің бәрінде қазақ тілін насихаттадым. Қазақ футболы қазақша сөйлесін деген ұранды алға тарттым. Маған жанкүйер қауымның өкпесі жоқ шығар.
Бірақ, әр нәрсенің аяқталар тұсы болады. Өз еркіммен саналы түрде шешім қабылдап, Қазақстан ұлттық құрамасы баспасөз хатшысы қызметінен кетемін. Менің бұл жұмысты ары қарай жалғастыруға зауқым соқпайды. Өзімді іштей жегідей жеп, жүйкемді тоздырғаным жетер. Алқымыма келіп сөз тығылған тұстар, оны айта алмай іште жасырған кездерім өте көп. Енді бұдан былай ойымды бұқпай, біреуден қаймықпай, айтар ойымды анық жеткізгім келеді. “Айтпасы сөздің атасы өлер” демекші, көрермен алдында адалдығымды сақтайын. Қазақстан құрамасына осы өмірім аяқталғанша жанкүйер болатыныма ешкімнің шүбәсі жоқ. Менсіз де футбол тоқтап қалмас. Ары қарай өздерің…
Керемет жеңісті күндердегі бақытты сәттер үшін мың алғыс!”, – деді ол.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →