Қазақстандықтар Халықаралық дзюдо федерациясында жетекші қызметтерге тағайындалды
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) директорлар үйлестіру комитетінің директоры болып тағайындалды. Ал Қазақстан Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай IJF-тің жаңа технологиялар және жоғары жетістіктер жөніндегі комиссиясының директоры қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл туралы IJF президентінің 2023 жылдан бергі кеңесшісі, кәсіпкер әрі филантроп Алмаз Әлсенов X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады. Қазақстанның IJF құрылымындағы өкілдігі кеңейтілуі – елдің олимпиадалық құндылықтарды ілгерілету, дзюдоны дамыту және халықаралық диалогты нығайту жолындағы белсенді рөлін мойындаудың айқын көрінісі.
Директорлар үйлестіру комитеті – IJF-тің басты стратегиялық органы, дзюдо спортын жаһандық деңгейде дамыту мен стратегиялық өзара іс-қимылды үйлестіретін негізгі құрылымдардың бірі. Ол халықаралық саясатты қалыптастыруға, дзюдоның құрлықаралық деңгейде дамуына және континенттік одақтармен үйлесімді жұмыс істеуге жауап береді. Комитет құрамында спорт, басқару және халықаралық ынтымақтастық салаларында мол тәжірибесі мен беделі бар жоғары лауазымды тұлғалар бар.