Ол өз сөзінде спорт нысандарында қарапайым жуынатын бөлмелерді жөндеуге немқұрайлы қараған басшылардың да жұмысын сынға алды.
Қызылорда облысының спорт басқармасының басшысы Бақтияр Артаев мемлекеттік бюджетті тиімді пайдалана алмай жатқан мекеме басшыларына шүйлікті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның айтуынша, облыста 10-нан аса мекеменің алты ай ішінде жылдық қаржының 75 пайыздан жоғары көлемін жоспарсыз жұмсағаны анықталған.
Осыған байланысты басқарма басшысы аталған мектеп директорларына қатаң сөгіс беріп, осы уақытқа дейін бюджет қаражатын игеруде осалдық танытқандардың жұмысы одан әрі зерделенетінін жеткізді. Тексеру барысында мемлекеттен бөлінген қаржы көлемі мақсатсыз пайдаланғаны дәлелденетін болса мекеме басшысына, бас есепшісіне және сол спорт түрі бойынша бапкеріне шешім қабылданатынын жеткізді.
«Барлық мекеме басшыларына бюджет қаражатын орнымен, тиімді игеруді тапсырамын. Бұл кезге дейін де сіздерге қаржының 70 пайызын олимпиадалық, 30 пайызын ұлттық спортқа және олимпиадалық емес спорт түрлеріне бағыттауды тапсырған болатынмын. Қаржыны спорт түрлеріне бағыттау кезінде олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық беруді қатаң тапсырамын. Сіздердің нәтижелеріңіз осы олимпиадалық спорт түрлерінен көрсеткен көрсеткіштеріңізге байланысты есептелінетін болады», - дейді Бақтияр Артаев.
Ол өз сөзінде спорт нысандарында қарапайым жуынатын бөлмелерді жөндеуге немқұрайлы қараған басшылардың да жұмысын сынға алды.
«Мұның бәрін еріккеннен істеп жатқан жоқпын. Өйткені балалар қолайлы жағдайда жаттығуы керек. Үш ай емес, бір ай да жеткілікті. Осы түрімізбен қыркүйекке дейін барамыз. Сіздерді жазалағаннан абырой таппаймын. Берілген тапсырманы орындамағанға наразы болып отырмын.Кішкентай ғана жуынатын бөлмені жөндеу үшін сіздерге үш ай керек пе? Кейбір әріптестеріміз ол жұмысты бастаған да жоқ. Оны да білемін», – дейді басқарма басшысы.
Артаев мәлімдемесінде берілген тапсырманы орындамаған мекеме басшыларын қызметінен босату туралы нақты тапсырма бергенін айтты.
«Кім жұмысты бастаған жоқ, жұмыстан кету туралы арыз жазсын. Бір айтқанды орындамайтын адаммен жұмыс істемеймін. Бұл – менің жеке талабым емес, бұл – балалар үшін», – дейді ол.