×

«Форма жоқ». Дәулет Тұрлыханов басқаратын федерацияның балуандары Азия чемпионатына 500 мың кредит алып барған

20 жасқа дейінгі балуандар арасындағы Азия чемпионаты Қырғызстан астанасы Бішкекте өтті.

«Форма жоқ». Дәулет Тұрлыханов басқаратын федерацияның балуандары Азия чемпионатына 500 мың кредит алып барған

Грек-рим күресінен U20 құрамасының жаттықтырушысы Айдын Сәрсекеев жақында өткен Азия чемпионатындағы қызықты жайтпен бөлісті. Бапкер Қырғызстандағы құрлық чемпионатына өз қаражатымен барған. Бішкекке барып-қайтуға жететін ақшаны табу үшін ол беделді банктен 500 мың теңге көлемінде кредит алыпты. Бұл туралы ол Sportbugin.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.

20 жасқа дейінгі балуандар арасындағы Азия чемпионаты Қырғызстан астанасы Бішкекте өтті. Бұл бәсекеге қатысатын құраманың барлық шығынын Олимпиадалық даярлау орталығы көтеруі тиіс. Алайда, бұл ұйым бюджет жетіспеушілігін алға тартып, жарысқа қатысатын балуандардың біреуін қысқартуды ұсынған.

«Маған толық құраммен бармай, бір балуанды алып тастауды өтінді. Өйткені, барлығының шығынын көтеруге орталықтың қаражаты жетпейді екен. Бірақ бәрі жарысқа бара жатқанда, бір балуанды көзін жәутеңдетіп тастап кеткім келмеді. Бапкер ретінде маған бөлінген қаражатты спортшыға беріп, команданың жарысқа толық құрамда барғанын қаладым. Ал өзім банктен 500 мың теңге кредит алдым. Жол шығыны, жатын орын мен тамаққа барлығы 480 мың теңге кетті. Келген соң осы шығынның бәрін ұйымға көрсетіп, есеп бердім. Олар бұл қаражатты қайтарып беруге уәде етті», — дейді Сәрсекеев.

Сондай-ақ, Бішкектегі Азия чемпионатына қатысатын құрамаға бірыңғай спорттық форма берілмеген. Тіпті, балуандар марапаттау рәсіміне бір-бірінің формасын киіп шығуға мәжбүр болған.

«Форма берілмеді. Тамыз айындағы әлем біріншілігіне дейін дайын болады деп жатыр. Бірақ Азия чемпионатына формасыз, әркімнің өзінде бар киіммен бардық. Былайша айтқанда, алапес болып жүрдік», — дейді Айдын Сәрсекеев.

Осы жағдайға байланысты, Олимпиадалық даярлау орталығының басшысы Жандос Үшкемпіровке хабарластық. Алайда, орталық басшысы бұл жағдайдан бейхабар болып шықты.

«Форма берілді емес пе? Сізге қайтадан хабарласамыз» деді ол.

Кейін Олимпиадалық даярлау орталығы басшысының орынбасары Әділет Кусманов осы жағдайға қатысты пікір білдірді.

«Күрес түрлерінен Бішкекте өткен Азия чемпионатына команда формасыз барды. Оның себебі жоқ емес. Бұған дейін түрлі жас деңгейіндегі командаларға форма тігуді бір ұйым қолға алуы тиіс еді. Бірақ бұл іс аяқсыз қалды да, біз форманы қайтадан өз қолымызға алдық. Азия чемпионатына дейін форма тігіп үлгермедік, енді тамызда өтетін әлем чемпионатына форма дайын болады. Вьетнамда өткен U17, U23 Азия біріншілігіне форма берілді. Басшымыз сол форма жайлы айтқан шығар. Ал Айдын Сәрсекеевке келетін болсақ, онымен бұл жағдай келісілді. Біз спортшыларды қысқартуды сұрадық, ол өз орнын балуанға беріп, өз еркімен несие алды. Барлық спортшыны қаржыландыруға бюджет қаражаты жеткіліксіз», — деді Кусманов.

P.S. Осы жағдайдан соң мақала кейіпкеріне жан-жақтан қоңырау түсуде. Sportbugin.kz бұл мәселені назарда ұстайды. Себебі, бапкерлердің несие алып, жарысқа  баруы  әсте дұрыс емес. Сондай-ақ, балуандардың формасыз  жүруі Қазақстанның әлемдік деңгейдегі имиджіне сын!

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
«Бір айтқанды орындамайтын адаммен жұмыс істемеймін». Бақтияр Артаев қарамағындағыларға ультиматум қойды
18.07.2025ж. 22:11

«Бір айтқанды орындамайтын адаммен жұмыс істемеймін». Бақтияр Артаев қарамағындағыларға ультиматум қойды

Ол өз сөзінде спорт нысандарында қарапайым жуынатын бөлмелерді жөндеуге немқұрайлы қараған басшылардың да жұмысын сынға алды.
«Тараз» клубы – Жамбыл жұртының сенімі мен мақтанышы.
Қазір Сабыржан Қарағандыдағы Нұркен Әбдіров атындағы спорт сарайында жаттығып жүр.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →